• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2011

Жастар бұра тартушылармен ымыраға келмейді

300 рет
көрсетілді

Шымкентте алғыр жастар көп. Әрине, бәрі бірдей емес. Елдік мүд­де сөз болғанда жан-жүрегімен беріліп, қара қылды қақ жарып қас­қайып тұратындары да, күш­тілер сөз айтса шы­бындаған аттай басын шұлғып, “ләппай, тақ­­сыр” деп тұратындары да бар. Әлі жас қой, түзелеріне сенесің. Қа­зақтың маңдайына біткен ғажап ақында­ры­ның бірі Мағжан Жұ­ма­баевтың “Мен жас­тар­ға сенемін!” туын­ды­сы қанша ғасыр өтсе де маңызын жоймақ емес. Жастарсыз – бола­шақ жоқ, бұлыңғыр дүние. Сон­дық­тан да өркениетті елдер өске­лең ұрпағының ел келешегін жал­ғар қуатты буын болғанын тілейді, соған жағдай жасайды. Осы жастардың бас қосатын “Жастар орталығы” МКК бар. Жетекшісі – Балмаржан Нарым­бе­ко­ва. Жігерлі, бастамашыл қыз. Қо­ғам­дағы болып жатқан өзгеріс­тер­ге уақытында үн қосып, бағасын беріп отырады. Балмаржан орта­лық­тың бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарын баяндап берген. Осы жастар бір кездері ба­сындағы баспанасынан айырылып қалған. Ел ағалары әдейі жаса­маған болуы керек. «Жастар орталығы» 2007 жыл­ға дейін өзінің «Жастар сарайы» ғимаратында қызмет атқарып келген болатын. Кейін «Жастар сара­йы» «Опера және балет театры» болып өзгеруіне байланысты ғима­ратты босатып берді. Осыған байланысты, штаттық құрылымы қысқартылып қиын уа­қытты бастан кешірді. Өзінің ғи­маратсыз күрделі кезеңінде Оңтүс­тік Қазақстан облысы әкімдігінің 2009 жылғы 16 ақпандағы №38 қау­­лысына сәйкес Оңтүстік Қазақ­стан облысы әкімдігі ішкі саясат бас­қар­масының «Жастар орталы­ғы» мемлекеттік коммунал­дық қа­зыналық кәсіпорны болып атауы өзгертілді. 2010 жылдың наурыз айында облыс әкімі Асқар Мырзахме­тов­тің қатысуымен өткен жоғары жә­не арнаулы оқу орындарының үз­дік бітіруші, талантты және да­рын­ды жастармен кездесуінде жас­тар та­ра­пынан бір орталыққа бас қосып, пікір алмасу үшін орталық қажет екені жөнінде ұсыныс ай­тыл­ған болатын. Облыс әкімдігі тарапынан жастардың ұсыныс-пі­кірі ескеріле отырып, 2010 жыл­дың маусым айында Шымкент қа­ласы әкімді­гінің балансынан «Жас­тар орталы­ғына» ғимарат бө­лі­ніп, штаттық кестесін арттыруға ықпал етілді. «Жастар орталығы» барлық қажетті бөлмелермен және керекті техникалық құралдармен жабдық­тал­ған. Түрлі бағыттарда іс-шара­лар өткізілетін үлкенді-кішілі бірнеше мәжіліс залдары, қызмет­кер­лерге ар­­­­­налған бөлмелер бар. Атап айт­­­қан­да, жастардың түрлі мерекелік іс-шаралар өткізуіне қажетті «Жастар» пікір-сайыс клубы, «Жас­тар» баспа­сөз орталығы, «Жас­тар» саз сту­диясы және акт залы жұмыс істейді. Құрылғанынан бүгінгі уақытқа дейін «Жастар орталығы» мерекелік және мәдени іс-шараларды атқарып келеді. Атап айтар болсақ, кездесулер, дөңгелек үстелдер, пі­кір-сайыстар, жастар туралы мә­лі­меттер базасын жасақтау, талдау және мониторингтер мен сараптамалар жұмыстары, ұлттық идео­ло­гиялық насихат, отансүйгіштік, пат­риоттық рухта тәрбиелеуге ар­налған шаралар, конференциялар, акциялар, түрлі бағыттағы консультативтік кеңестер, профилак­ти­калық лекциялар, интеллек­ту­ал­ды ойындар, байқаулар мен фестивальдер және спорттық ойындар, т.б. іс-шараларды өткізуде. Сонымен қатар, Оңтүстік Қа­зақстан облысы бойынша ішкі істер департаментімен бірлесіп қо­ғам­да­ғы теріс бағыттағы жастар арасын­дағы адам трафигіне ілесе жүретін нашақорлық пен қылмыс деңгейін төмендету, жезөкшелік пен кәме­лет­ке толмаған қыздар саудасы, діни теріс ағымдарға өту­і­нің алдын-алу мен құқық бұзу­шы­лыққа бейім жас­өспірімдерді ан­ықтау және талдау жасау қолға алынды. Жол ережесі және жол қозғалыс қауіпсіздігі тура­лы жас­тарға түсіндіру, жастардың құқық­тары мен заңды мүдделерін қорғау және жастардың құқықтары мен бостандықтарын iске асыру мақ­­сатында нақты профилактика­лық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жүргізіп келеді. “Жастар орталығы” еш уақыт­та қол қусырып қарап отырған емес. Әдетте, жоғары оқу орын­да­рын бітірген жас түлектерді жұ­мыс берушілер баласынып ала бер­мейді. Балмаржан Нарым­бе­ко­ва “Біз талапты жастардың құжат­тарын орталық атынан ұсынып, кәсіби біліктілігін анықтау үшін әңгімелесуді ұсынамыз. Бұл – тиімді тәсіл. Соның арқасында жүз­ден астам талапкерлердің жұмыс­қа орналасуына жағдай жасадық”. Жақында Балмаржан қоңырау шалды. Қазір жастар арасында бас­қа діни ағымдарға адасып ергендер қатары көбейіп барады. Нағыз мұ­сылмандықтың жолы осы екен деп хиджаб киіп, бет-ауызын тұмшалап алатындар қатарының молаюы жақ­сылық емес. Түбінде бір зауалға соқ­тыратын осы жа­ғ­дай­дың алдын алу үшін бір топ жас­тар ұйым­да­рының өкілдері бас қосып, республика жастарына үн­деу жария­ла­дық. Экстремистік ағ­ымдардың бет пердесін ашып, жастардың дұрыс жол табуына жәрдемдессек дейміз. Балмаржан жастармен басқо­суда Елбасының Түркістанда ұлт зиялыларымен әңгімесіндегі ой­лар­ды темірқазық етіп отырады. Түркі халқы ислам дінін суфизм арқылы қабылдады. Сопы­лық ағым байырғы халықтың салт-дәстүр, мәдениетін кеудеден кері итермей, өзіне сіңіру арқылы ислам дүние­сінің көкжиегін ке­ңейтті. Соның арқасында қазақ өзінің жақсы қасиеттерін, ізгі амалдарын жоғалтқан жоқ. Өсті, өркендеді. Елбасымыз Түркістанда “Біз­дің рухани жолымыз, діни та­нымымыз – Ясауи жолы” деп анық айтты. Иманына кәміл халқы­мыз­дың бейбіт тыныштығын діни бостандықты желеу етіп, елімізге кіріп алған саяси ағымдар ел ішін алатайдай бүлдіргісі келеді. Еуропадағы арандатушы топтардан мол қаржы алып отырған вахабиттік топтар “Аллаға серік қосу” дегенді шығарып, елді ал­дас­тырып болды. Дінтанушылар бұл аяттар мұсылмандарға емес, пұтқа табынушыларға арналған. Олар әдейі елді шатастырады дейді. Қазақты қазақ етіп отырған ұлы күш – оның ұлттық құндылықтары мен ұлттық дәстүрлері. Ясауидей хал ілімі, Абайдай толық адам ілімі, Шәкәрімдей ар ілімі жоқ Еуропа елінің еркек еркекке, әйел әйел­ге үйленіп, рухани азғындап жат­қа­нын көрнекті ғалым ағамыз Мекемтас Мырзахметов тілі, аяғы жеткен жерде айтып, насихаттап жүр. Біз жастармен кездескенде ос­ындай ағаларымыздың еңбекте­рі­не сүйенеміз. Елбасы бізге дұрыс жол­ды нұсқады. Елдің болаша­ғына жақ­сылықпен қараған жандар бұра тартпау керек. Әрине, басқосуда әртүрлі әңгімелер ай­тылып жатады. Бірақ, біздің жастар – көзсіз кө­бе­лек емес. Адасып жүргендері орта­мызға қайта ора­лып жатыр. Қазақстан жастарының мұраты айқын. Ол – Тәуелсіз Қазақстан­ның құ­рылысына Абай атамыз айт­қан­дай, кетігін тауып қалану. Басқа жол мақ­сатына жеткізбейді. Жастар жетекшісі Балмаржан На­рымбекова осы­лай дейді. Қана­т­ы­мен су сепкен қар­лы­ғаштай еліме болсын деп жүр­ген қарындастың ойына біз де қосылдық. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.