Жуырда Баянауыл ауданына барып қайттық. Биыл өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында Баянауылға деген қамқорлық та, көзқарас та ерекше. Облысқа жасаған сапарында Үкімет басшысы Б. Сағынтаевтың өзі де келіп кетті. Біздің де сапарымыздың мақсаты аудандағы жұмыстарды іс жүзінде көру еді.
Осы жылдың ақпан айында Инвестициялар және даму министрлігінің отырысында бірнеше өңірдің туристік аймақтарын дамыту жоспары қаралды. Осыдан кейін-ақ Баянауылға бөлінетін 5 млрд теңге жайлы облыс әкімі Болат Бақауов зиялы қауыммен кездесу барысында айтты. Облыстық әкімдік қаржы бөлу жоспарын облыстық мәслихат депутаттарымен талқылау арқылы қарастырылады деп ескертті. Осы 5 млрд теңгені игеру жайлы өңір басшысына Баянауылдың ақсақалдарымен де ақылдасып, кеңесіп барып істі қолға алуына тура келді.
Жылдар бойы Баянауыл жайлы айтып келеміз, бірақ іс жүзінде жұмыс атқарылмай жатыр. Сондықтан енді аудан орталығының көшелерін қалыпқа келтіріп, көріктендіру үшін 1 млрд теңге бөлмекпіз. Ал 2,5 млрд теңге аудан орталығына орталықтандырылған су құбырларын тартуға қарастырылмақ, бірнеше үй құрылысы жүргізіледі,тау шаңғы курорты жасалады, аэродром ашылады, деген-ді сол кездесуде Болат Бақауов. «Қаржы орнымен игерілсе, дұрыс-ақ жоба екен. Баянауылдың бағы ашылар күн туды» десті әкімді қолдаған ақсақалдар қауымы.
– Жалпы аудан орталығында орталықтандырылған су құбырлары жүйесінің құрылысын жүргізуге ғана үш жылға деп биыл республикалық бюджеттен 5 млрд 700 миллион теңге бөлінді. Жұмыс басталды. Бұрын жері қазылып, тас қопарған құрылыс ешқашан қолға алынбаған. Күрделілігі де осыдан, – дейді аудан әкімінің орынбасары Әзілхан Әбуов.
Бұл – бір. Екіншіден, Әзілхан Әбуовтің айтуынша, бұған қосымша облыстық бюджеттен бөлінген 3 млрд теңге тағы бар. Бұл қаражат аудан орталығын көріктендіруге, Торайғыр, Жасыбай көлдері жағалауындағы туризмнің әлеуетін арттыруға, жолдар салуға, Сабындыкөлдің жағалауы, сол маңайды аэродром салып, шағын ұшақтар ұшыру, Мырзашоқыдан қысқы туризмге арналған сырғанақ құрылысын салуға бөлінген. Яғни ауданда екі ауқымды жоба басталды. Қосымша қаржы бөлінген соң 5 млрд теңгеге жоспарланған бастапқы жобалардың өзгеріске түскені байқалады. Таңғаларлық-ақ, Баянауылға бөлінген қаржының көлемі 10 млрд теңгеге жуықтап қалыпты. Бұл қаржыға бүкіл бір ауылды қайтадан салып шығуға болар. Көпшілікті мазалайтыны да – ауданға бөлінген қыруар қаражаттың игерілуі. Мәселен, аудан тұрғындары, аудандық мәслихат хатшысы Темірболат Хасен бастаған депутаттар су құбырының құрылысын жүргізіп жатқан «Қаз-Құрылыс-Сервис-7» мердігер компанияның жұмыстарына алаңдаушылық білдірсе, ал аудандық құрылыс және сәулет бөлімі жобалау-сметалық құжаттарға сай жүргізілуде, әрбір іс бақылауда, аудан орталығы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2017-2019 жылдары тұрғындар суға қарық болады дейді.
– Аудан орталығы тау-тасты жерде орналасқан. Жергілікті билік құны қымбат күрделі құрылыс жобасына тәуекел етті. Алаңдаушылық болатыны, бұл таулы өңірден су шығарамыз деген, тіпті 6 метр жерді қазып құбыр тартылып жатқан алғашқы жоба. Әрине, соңы қалай болар екен деп алаңдаймыз. Сондықтан республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қыруар қаражат тиімді игерілуі керек. Мердігер компанияның жұмыстары күнделікті бақылауда болса. Соңы сәтсіз жобалар да аз емес. Олар ертең біз жасадық, құбыр төседік деп кете барады. Соңында біз, халық қаламыз, – дейді бізбен әңгімесінде облыстық мәслихаттың депутаты Орал Сартаев.
Жолымыз қысқы туризмге арналған жоба – Мырзашоқы тауындағы шаңғы базасына түсті. База Баянауыл ауылынан 20 шақырым қашықтықта, Қаражар ауылының маңында орналасқан. Биік тауға электр энергиясын тартып, жолды жөндеуді айтпағанның өзінде, Мырзашоқыға басқа да инфрақұрылымдарды тарту жұмысы өте қымбатқа түсетіні белгілі. Түркиядан орындықтары бар арқан жол әкелініп, құрастырылып жатыр екен. Биіктігі бір шақырымды құрайтын таудан 800 метр төменге қарай сырғанайтын арнайы жол салынуда. Туризмді дамытуға бөлінген 3 млрд теңгеден басқа, бұл құрылғыны сатып алуға ERG компаниясы әлеуметтік бағдарламаларды қолдау аясында демеушілік қаржы бөліпті. Айтпақшы, «Жасыбай» демалыс аймағына өткізу пункті нысанын Мәскеуде тұратын Баянауылда туған кәсіпкердің демеушілігімен бөлінген 5,5 миллион теңгеге жаңартылған. Бюджеттен тыс қаржы да аз емес. Ұзындығы 1050 метр, 70 кабинасы бар екі орындықты арқан жол сағатына 550 адамды тасымалдамақ. Қазір «Азия Пром Инжинеринг» ЖШС тауда жұмыс жасауда. Ауылдықтарға да жұмыс табылыпты. Биылғы қыста екі арқан жолы іске қосылмақшы.
Одан кейін Сабындыкөлдің жанында қоршалып, жасалып жатқан шағын аэродромды барып көрдік. ЭКСПО көрмесіне келетін шетелдік туристерді шағын ұшақпен Астанадан осы аэродромға жеткізу көзделген. Соған сай Торайғыр ауылына бірқатар шетелдерден туристер келіпті.
Жалпы Баянауылдың демалыс аймағын дамытудың бас жоспары 2005 жылдары жасалған. Тіпті туризмді дамытуға қаржы салып, кәсіп табамын деген инвесторларға конкурстық негізде жер телімдері де бөлініп берілді. Бірақ Баянауылда туризмді дамыту үшін айрықша қорғалатын рекре ациялық аймақ болуына байланысты экология мәселесіне келгенде қатты ойлануымыз керек сияқты. Баянауылдың табиғатын қорғау мәселесі қазір туризмді дамытудан да басым мәселеге айналып отыр. Мысалы, Мырзашоқыдан сырғанақ жасамақшы болғандар Жасыбай жағасындағы таудан арнайы орын салмақ болды. Депутаттар, ұлттық парк бұған жол бермепті. Бұл туризмнің болғаны жақсы-ақ. Бірақ Баянауылдың табиғатын сақтау міндет деген сөз. Мысалы, ұлттық парк аумағына электр желісін тарту да машақат. Себебі жер ұлттық парктің, яғни республика меншігінде болғандықтан, желі тартылатын жерді ауданға алу қажет.
Облыста Баянауылдың туризмін дамыту жыл сайын айтылады. Жыл сайын Жасыбай, Торайғыр, Сабындыкөл жағалауларындағы туристік демалыс, жағажайды көріктендіру қолға алынады. Биыл ЭКСПО-ның кезінде Торайғыр ауылына Ресей, Канада, Сауд Арабиясы, Румыния, Жапония елдерінен туристер де келіпті. Аудан әкімі Оразкелді Қайыргелдиновтің айтуынша, Жасыбай демалыс аймағы, Торайғыр көлі, ауылы, Сабындыкөл жағасы өткен жылдарға қарағанда өзгерсе керек.
Әрине әкім айтқан өзгерістер жақсы-ақ, бірақ демалатын кереуеттер, шатырлар, субұрқақ жасау, бірді-екілі дәретхана орнатуды күнделікті шаруалар барысында-ақ жүзеге асыруға болар, ал шайынды сулары көлге құйылып қала беретін кафелердің экологиялық талаптарды сақтаудағы мәселесі, ас-су дайындаудағы тазалық жағдайы туризм аймағына нақты инфрақұрылымдардың қажеттігін көрсетеді. Баянауыл ауданын дамытуға бөлінген 10 млрд теңге қаржы игерілсе халықтың игілігіне айналар еді. Баянауылдықтарды да толғандырып отырған осы мәселе.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы