Көптен бері айтылып келе жатқан әйгілі Тұмар патшайым туралы көркем фильм түсіру жұмысының дайындығы аяқталуға таяу. Бұл күні «Қазақфильм» киностудиясының аумағында «Тұмар» тарихи туындысының басты рөліне үміткерлер арасындағы кастингінің ең соңғы кезеңі – бейнесынақ өткізілді. Тұмардың рөліне таңдалатындардың бірі, шашын жайып, үстіне шартты түрде шекпен-шалбар киіп, тас-түйін ұрысқа кірген Альмира Тұрсынбаева камера алдында қылышын кезеніп тұрып өр дауыспен екпіндетіп түрік тіліндегі мәтінді айтты да, шамасы, Кир болуы керек, шетте тұрған дулығалы жауынгермен аз-кем семсерлескеннен кейін, өзіне қарай жұлқи тартып, тізерлеткен күйі қыл мойнына қылышын көлденең салды...
Сценарий мәтінінен алынған «қиықты» ҚазҰУ-дің өткен жылғы сұлуы асқан қабілет танытып ойнамаса да, өжеттігі, өткірлігі сыртына тепкен ару бойында актрисалық өнердің бұғып жатқанын, осы шағын үзіндісі арқылы басқа қыздарға салмақты бәсекелес бола алатынын байқатып үлгерді. «Томирис үшін туылған» деп таңдай қақтыратын бейнені таңдау түсіру тобына оңай соқпай тұрғанына осы жолы шын көзіміз жетті. Енді ше, басты үміткерлердің қатарында еліміздің ең танымал актрисалары Қарлығаш Мұхаметжанова, Әсел Сағатова, Аружан Жазылбекова, Бибігүл Сүйінішалина, Кәмшат Жолдыбаевалар бақ сынаған. Түсіру алаңындағы Тұрсынбаеваның кірпік қаққанынан бастап әр қозғалысына дейін қалт жібермей қадағалап тұрған тілшілер бейнесынақ аяқтала сала, фильмнің режиссері Ақан Сатаевты жан-жақтан қоршап, қаумалап алды. Сұрақ көп. Қалай болғанда да, бұл сайда саны, құмда ізі жоқ болып ұмытыла салатын қатардағы көп фильмнің бірі емес, ұлы даланың аты аңызға айналған Тұмар патшайымы туралы туынды. Фильмде тұлымшағы желбіреген кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген арудың тағдыры ел тарихымен бірге өрілетін болғандықтан, болымсыз деталь, елеусіз штрихына дейін бейжай қарай алмасымыз анық. Махаббат пен өз халқының тәуелсіздігі үшін сол замандағы ең қияметті соғыста Парсы империясының патшасы Кирға тойтарыс берген Томиристің ұлылығы фильмде қалай көрініс табады? Идея авторы әрі фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаева осы ұсынысын Ақан Сатаевқа айтқанда, тарихи туынды түсіруден тәжірибе жинақтап қалған режиссер көп ойланбастан қабыл алған көрінеді.
Кино ұжымдық жұмыс болып саналатындықтан, БАҚ өкілдерімен болған брифингте А.Сатаев жанына бүкіл түсіру тобын шақырып алды. Сценарий авторы Тимур Жақсылықов, костюм жөніндегі суретші Әсел Шалабаева, кастинг-директор Жайна Әбдиева, трюктарды қоюшы Жайдарбек Күнғожинов және фильмнің ғылыми кеңесшілері өз міндетіне орай түрлі сауалдарға жауап берді.
«Фильм тарихи шындықпен қаншалықты үйлесім табады?» «Көркем туындының сценарийін жазатын адамнан ешқашан абсолютті шындықты талап етуге болмайды. Себебі, бұл көркем туынды. Әзірге біздің Томирис туралы білетініміз ежелгі грек жазбаларымен ғана байланысты. Онда да Геродоттың айтқанына сүйенеміз. 2600 жыл бұрын мынау жердің бетінде сақтың ері ғана емес, әйелі де батыр болған этникалық топ болғанын ұрпаққа айтып, аманаттау. Міне, фильм осы туралы болмақ. Ал оқиғалар мен детальдар әр автордың суреттеуінде әртүрлі жазыла береді. Тіпті керек десеңіз, бәзбір авторлар «Томирис деген әйел болмаған, ол Геродоттың ойдан құрастырған оқиғасы» дейді. Кім білсін? Бастысы, тарихи жазбаларда батыр әйелдің бейнесі бар, ол келе-келе әдемі аңыздарға ұласқан. Ал мұны ешкім де жоққа шығара алмайды». «Фильм қай тілде түсіріледі?» «Түсіру тобы ақылдаса келе, фильмді қазақ тілінде де емес, орысша да емес, көне түркі тілінде түсіруді жоспарлап отырмыз. Тіл тұрғысынан Мэл Гибсонның «Апокалипсисіне» ұқсас болады. Міндетті түрде екі тілге де аударылады». «Басты рөлдерге таңдау қашан аяқталады?» «Кастинг әлі де жүргізіледі. Кейіпкерлердің тек түр-тұрпаты мен бой-сымбатының ғана келісті болуы аз, қылыштасу, садақ ату, белдесу, төбелесу, атпен шабу секілді толып жатқан жүктемелерді Ж.Күнғожиновтың тобы қараша айының соңына дейін сынап байқайды». «Томиристің рөліне әзірге қанша қыз бақ сынады?» «Биылғы жылдың мамыр айынан бері кастинг үздіксіз жүргізіліп келеді. Қазақстанның бүкіл қалаларын аралап шықтық. Жалпы, фильмдегі барлық рөлдер үшін кастингке 10 000-нан астам қазақстандық қатысты. Оның ішінде 3940 адамнан анкета келіп түсті. Тұмардың рөліне 16 жастан асқан 200-ден артық қыз үміткер болды. Екі кезеңнің іріктеуінен кейін 80 қыз қалды. Ал бүгінгі бейнесынаққа 20 қыз жетті. Осы жиырманың ішінде жалғыз арудың ғана бағы жанады. Әзірге кім екені белгісіз». «Біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген жауынгерлердің киімі кинода қалай көрініс табады?» «Фильм компьютерлік графиканың көмегіне көбірек жүгінетінін осы бастан айтқымыз келеді. Бұрын киностудияда сол заманға қатысты (б.д.д.VІ ғасыр) фильмдер түсірілмеген, сондықтан барлық костюмдер мен реквизиттер жаңадан дайындалады. Костюмдерді фабрика емес, қолөнер шеберлері дайындайды. «Фильм қайда түсіріледі? Арнайы декорация құрыла ма?» «Тұмар патшайым туралы фильм, негізінен, осы «Қазақфильм» ішіндегі павильондарда түсіріледі. Вавилонның декорациялары дәл осы алаңқайларда жасалады. Кейбір түсірілімдер Алматы облысы, Заречный ауылында, Бурабайда, Баянауылда, Шонжыдағы сор мен тақыр жерлерде, сондай-ақ әктасты таулары бар Ақтауда да жүргізіледі».
Биылғы жылдың желтоқсан айында басталатын түсіру жұмысы келер жылы аяқталып, тұсаукесері 2018 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»