Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов кеше ресми сапармен әрі Қазақстан парламентшілері делегациясын бастап ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің отырысына қатысу үшін Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласына келді. Минск әуежайында қазақстандық парламентшілер делегациясы ерекше құрметпен қарсы алынды.
Орал Мұхамеджанов Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының Төрағасы Владимир Андрейченкомен кездесті. Кездесу жылы рәуіште өткендігін айта кету керек. Мәжіліс Төрағасы әңгіме барысында арнайы шақырып, жылы қабылдау білдірген тарапқа ризашылығын жеткізе отырып, Қазақстандық-Беларусь ынтымақтастығының маңызды мәселелерін талқылауға мүмкіндік бар екендігін алға тартты. Қазақстан Беларусь Президенті А.Лукашенконың үстіміздегі жылдың мамырында Астанаға жасаған ресми сапарын жоғары бағалайтындығын тілге тиек еткен Мәжіліс Төрағасы жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру екіжақты ынтымақтастықты белсенді ете түсуге қосымша серпін беруі тиістігін баса айтты. Осы орайда Орал Байғонысұлы «Известия» басылымының 17 қазандағы санында жарық көрген А.Лукашенконың «Біздің интеграциямыздың тағдыры туралы» мақаласымен мұқият танысып шыққандығын, Еуразиялық одақ Біртұтас экономикалық кеңістік негізінде өмірге жолдама алатын жаңа интеграциялық құрылымның тең құқықтық және өзара тиімді негізде құрылуы қажеттігі тұрғысында өрбіткен ойын қолдайтындығын жеткізді.
Сөз орайы келгенде О.Мұхамеджанов Беларусь жағын ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтады. 1991 жылдың 25 тамызында БССР Жоғарғы Кеңесі Мемлекет тәуелсіздігі туралы декларациясын қабылдап, 19 қыркүйекте ел Беларусь КСР атауын Беларусь Республикасы деп өзгерткені белгілі. Оның үстіне биыл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 20 жылдығы аталып өтетін болса, оның өмірге келуіне Беларусь жеріндегі Беловежье орманында қабылданған тарихи шешім ықпал еткен-ді. Сөйтіп, 1991 жылдың 21 желтоқсанында Достастықтың жұмыс принципі мен мақсатын айқындап берген Алматы декларациясына қол қойылды. Осылайша, осыдан 20 жыл бұрын бұрынғы Кеңес одағы мемлекеттері біздің халықтарымыздың достық қатынастарын нығайтуға және сақтауға мүмкіндік беретін таңдау жасады, деді О.Мұхамеджанов өз сөзінде. Бұған қоса, ТМД Біртұтас экономикалық кеңістік, Кеден одағы және Еуразиялық экономикалық қауымдастық сияқты жаңа интеграциялық құрылымдардың құрылуына және дамуына серпін берді.
Владимир Андрейченко өз кезегінде Қазақстан достас ел екендігін айта келіп, Беларусьтің Қазақстан мен оның халқына ерекше ықыласпен қарайтындығын алға тартты. Ол сондай-ақ, Кеден одағы жаңа мүмкіндіктерге жетелейтінін атап өтті. Кеден одағына қатысты барлық келісімдер заңдық тұрғыдан бекітілгендігімен бөліскен Владимир Павлович Біртұтас экономикалық одаққа қатысты 17 келісімнің ратификациядан өткендігін жеткізді.
Қазақстан мен Беларусь парламентшілері екіжақты, сондай-ақ парламентаралық бірлестік шеңберінде белсенді ынтымақтастықты арттыруда. Атап айтқанда, ТМД мен ЕурАзЭҚ Парламенттік Ассамблеяларында, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясында, Парламентаралық одақта, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясында және өзге де халықаралық ұйымдарда бірлесе әрекет етіп келеді. Қазақстан Парламенті Мәжілісінде құрамында 21 депутат бар Беларусь Парламентімен ынтымақтастық жөніндегі топ жұмыс істейді. Осы орайда Мәжіліс Төрағасы беларусьтік әріптестерімен кездесу екіжақты қатынастарды, соның ішінде парламентаралық өзара ықпалдастықты арттыруға қосымша серпін береріне сенім білдірді.
Сондай-ақ кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика кеңесінің Төрағасы Анатолий Рубиновпен кездесуі болып өтті. Оның барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың артуына қанағаттанушылық сезімдерін білдіре отырып, ынтымақтастықты тереңдете түсу жайын сөз етті. Әңгіме барысында аталып өткендей, Астана мен Минск арасындағы саяси үнқатысу, сонымен қатар, сауда-экономикалық ынтымақтастық бағытында да дамып келеді.
А.Рубинов Қазақстанмен арадағы байланыстар жоғары деңгейде дамып келе жатқандығын айта келіп, әлі де ынтымақтастықты тереңдетуге барлық мүмкіндіктер бар екендігіне назар аудартты. Біртұтас экономикалық кеңістік енгізілуіне байланысты сауда-экономикалық ынтымақтастықпен шектеліп қалу аз екендігін алға тартты.
Бүгін О.Мұхамеджановтың Беларусь Президенті А.Лукашенкомен кездесуі болады деп күтілуде.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Минскіден.