• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Қазан, 2017

Үйгентастықтардың үкілеген үміті

1049 рет
көрсетілді

Бас басылымда шекара­лық аудандардың ахуалы туралы жариялан­ған мақалалар («Шекара­лық аудандар бірі озып,­­ бірі­ тозып тұр», А.Қа­сым,­ 6 ақпан, 2017 жыл,­­ «Ауылды мектеп­ сақ­­тай­­­ды, мектепті кім сақ­тайды?», Қ.Құтты­мұ­ратұлы, 21 ақпан, 2017 жыл)­ оқырмандар ойы­нан шығып, оған ой қо­су­шылардың да аз болма­уы бұл мәселенің кешен­ді­ ше­­­шілуі қажет­тігін біл­дір­се керек. Осы орай­да­ Жетісу жерінен кел­ген төмендегі пікірлерді назар­ларыңызға ұсыну­ды жөн көрдік. 

Беделбек СҮЛЕЙМЕНОВ,  Алакөл ауданының құрмет­ті­ азаматы, бұрынғы Үйгентас ауданы әкімінің орынбасары: 

– А.Байтұрсынұлының «Ел бүгін­шіл, менікі – ертең үшін!» қағи­д­асымен үндес Президент сая­сатын қолдайтын азамат­ ре­тінде бас газетіміздің шы­ғыс­ және батыс шекаралық ай­мақ­­тар тұрғындарының мұң-­мұқ­тажы, тұрмыс-тір­ші­лігі жайлы көтерген ке­лелі мәселелері орын­ды, жұрт­шылыққа ой салатын тол­ғандырар тақырып еке­нін жет­кізгім келеді. Дәл осы ахуал көрші мемлекеттермен, әсі­­ресе Қытаймен шекараның ұзы­­на бойына қоныстанған әр елді мекенге де қатысты. 2011 жылы Сенат депутаты Қуа­ныш Сұлтанов Қытаймен шекараны бойлай орналасқан Нарын­қолдан Катонқарағайға дейінгі аралықта 400 мыңға жуық халық қал­ғандығын айтты. Соның ішін­де Үйгентас өңірінде 1991 жыл­мен салыс­тырғанда 47 мыңнан 20 мыңға дейін азай­ған. Аудан орталығы болған Қабан­бай ауылында сол жылдары 14 мың тұрғын болса, 2017 жылы 6 мыңға жетер-жетпесі қалған. 1991 жы­лы 32 мектепте 12 мың­ға жуық оқушы болса, 2017 жылы мектептер саны 21-ге аза­йып, 4044 оқушы қалды. Ай­пара, Жа­уынгер, Кеңес, Жам­был, Карл Маркс, Мальчат, Шілік­ті, Бос­тандық, Шымбұлақ, Май­қан, Жүн­жүрек, барлығы 11 мектеп жабылды. 9 мектептің жанындағы интернаттың біреуі ғана қалды. 18 балабақшада 4 мыңнан ас­там бала тәрбиеленсе, қазір күр­делі жөндеуден өтіп, қалпына келтірілген бесеуінде бар болғаны 380 бүлдіршін тәр­биеленуде. Шекараны ха­лық күзе­тетінін ескерсек, шекара аудан­дарын өркендету ту­ралы мем­лекеттік арнайы бағдарламаның қабылдануы кезек күттірмейтін, ел қауіпсіздігіне тіке­лей байланысты өзекті мә­се­ле. Осы орайда құзырлы орган­дар өкілдерінен құралған жұмыс тобы шалғайдағы шекара шетін­де, әсіресе Нарынқол, Үйген­тас, Мақаншы, Катон­қарағай өңір­леріндегі елді ме­кендерді аралап, халықпен бетпе-бет кезі­гіп, мәселенің мән-жайын сараласа деген ұсы­нысым бар. 

Әділғазы МҰҚАНОВ,  еңбек ардагері: 

– Мен ұзақ жылдар партия, кеңес, шаруашылық саласында қызмет атқардым. Қа­зір зейнеттемін. Бүгінде өзім тұ­рып жатқан Лепсі ауылы патша заманында 33 мың халқы бар гүлденген шаһар болған. Орыс кө­песі Пугасовтың кірпіш, ағаш, тері, спирт зауыттары ту­ра­лы әлі күнге дейін ел-жұрт аңыз қылып айтады. Осы өңір жайлы А.Янушкевичтің күн­деліктері мен хаттарын­да, Иран шахтарының есте­лік­терінде, жерлесіміз, КСРО ұлттар палатасын басқар­ған, мемлекеттік және халық­аралық Джавахарлар Неру атын­дағы сыйлықтың лауреа­ты Ә.Әлімжановтың «Кө­гілдір тауларында» келістіре баян­далған. Кеңес билігі орнаған жылдары Үржар, Мақаншы, Таскескен, Бөрілітөбе, Сарқан, Үйгентас, Алакөл аумақтарын қамтыған губерния орталығы мәртебесінің Лепсіге берілгені бекер емес. Соңғы жылдары әлеуметтік нысандардың қал­пына келтірілуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жаппай көшудің саябырсығаны бай­қалады. Мектеп күрделі жөндеуден өтті, дарынды­ спортшылар дайындайтын мектеп-интернат іске қо­сыл­ды. Сонымен қатар бел­гілі кәсіп­кер, осы өңір­дің тумасы­ Бауыржан Оспанов­тың бастамасымен мұғалімдер қала­шығы салынып, 16 пәтерлі 9 үй­ бой көтерді. Көшелерге шамдар орнатылып, асфальт төсел­ді. Лепсінің әйгілі ба­лын өңдейтін, құтыларға құя­­тын цех жұмыс істеп тұр. Мем­­­лекет басшысының ті­ке­лей қамқорлығымен Іле Ала­тауы­нан Тарбағатай-Алтай тау­ларына дейінгі орманды-таулы аймақтарда Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі­нің Лепсі және Көкжар филиал­дарының ашылуы 100-ге жуық адамның жұмыспен қамтылуына ық­пал етті. Осы мемлекеттік меке­мелердің мүм­кіндігін ұтым­ды пайдалану мақсатында  кей­бір шектеулерді алып, бұрынғы экотуризмді мемлекет меншігіне қайтарып, же­ке қалтаға түсіп жатқан қо­мақты қаржыны мемлекет қа­зынасына бағыттайтын уақыт келді. Сондай-ақ «міндетіміз – табиғатты ғана қорғау» деген шектеумен жүрген ұлттық парк­тер мен Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне қарасты орман және аң шаруашылығы меке­мелерінің қызмет аясын кеңейтіп, қосалқы шаруа­шылықтарды ашу (ағаш өң­деу, жеміс-жидек қабылдау, дәрі­лік шөптер өңдеу цехтары) өзін өзі ақтайтын пайдалы іс болары сөзсіз. Сонымен бір­ге жоғары санатты су құры­лы­сы инженері ретінде айтарым, Тен­тек, Ырғайты, Ағы­нықатты, Лепсі сияқты тау өзен­деріне су электр стансалары каскадын салуды жедел қол­ға алса, Жоң­ғар қақпасына жел электр стан­сасын орнатса, арзан электр энер­­гиясын алуға және шетелге экс­порттауға мүмкіндік туар еді. Сарқан қа­ла­сына көшкен шекара қызметінің Лепсі комендатура­сын кері қайтарып, жол қатынасын жеңілдету үшін тік­ұшақ­тар мен шағын ұшақтар қона­тын Лепсі және Қабанбай әуежай­ла­рын қалпына келтірсе деген мә­се­лелер де көптің көңілінде тұр.

Владимир КОЛОМЫЦЕВ,  Сапақ ауылының тұрғыны: 

– Жасым 80-ге жақындап қал­са да үйренген кәсібім – мал өсірумен айналысамын. 1997 жылы жаппай жекешелендіру кезінде кеңшардан тиесілі жер,­ мүлік, аздаған мал алып бөлі­­ніп шыққанмын. Қазір шаруа­шылығымда мал басы өсті – 80 жылқы, 129 ірі қа­ра, 120 қой, 80 бас шошқа бар.­ Оның үстіне қаз, үйрек, күр­кетауық сияқты құстарды да өсіремін. Ет-сүт өнімдерін Қа­банбай мен Үшарал базарына апарып сатып жүрмін. Елбасы айтқандай, тұтыну коопе­ративтерінің негізінде дайындау мекемелері ашылса, қарапайым шаруа адамының өндірген өні­мі делдалдардың араласуынсыз, қосымша үстем­ақысыз ел-жұрт­тың дас­тар­қанына жетер еді.

Былтыр мал басын асылдан­дыру жобасына қатысып, екі асыл тұқымды бұқа сатып алдым. Бұқаның әр басына 150 мың­нан шыққан шығынымды мем­лекет қайтарып берді. Тозып бара жатқан ауы­лы­мыз­­дағы салын­ғанына 40 жыл бол­­­ған Сапақ орта мектебі жөн­деу­­ден өтті, жаңа су құбы­ры үстіміздегі жылы іске қосы­латын­­дығы, көшелерге асфальт төселетін­дігі қуантты. Алай­­­да ауылдық округ­ке­ қарас­­ты Сапақ, Бибақан ауыл­дарын­­дағы мәдениет-сауда ошақ­­­тарының жабылуы, кең­шардың тарауы, тұрғындар са­ны­ның күрт төмендеуі, жұ­­мыссыздық салдарынан жұрт­тың жан-жаққа көшуі тоқтамай тұрғаны алаңдатады. Оның үс­тіне күнделікті қажетті тауар бағасының қалалармен салыс­тырғанда бірнеше есе өсуі, әсі­ре­се, көмірдің тоннасы 10 мың­­нан 20 мың теңгеге жетуі, электр қуатының қым­баттығы қа­быр­ғамызға батады. 

Тұрсынбай КЕНЖЕБАЕВ,  еңбек ардагері:

– Шекараның өтінде ор­на­­лас­қан бос қалған елді ме­кен­­дерді қалпына келтіру үшін экспортқа бағытталған түр­лі кәсіпорындар мен өн­діріс ошақтарын үлкен қала­лар маңына сала бермей, мем­­лекеттің қолдауына мұқ­таж, қияндағы жұмыс орын­дары­ның жоқтығы салдарынан қаңырап қалудың аз-ақ алдын­да тұрған ауыл, аудан орта­лық­тарына алып келу керек. Пре­зидент айтқандай, ауылға деген көзқарасымызды жауап­ты түрде сезініп, әр өңір­дің ерекшеліктерін, ба­сым­дықтарын ескере отырып, кезінде ғылы­ми-зерт­теу институттарымен дә­лел­­денген, негізделген эко­­­номикалық тиімділігі жоға­ры­ кәсіпорындарды ашу үшін мемлекет тарапынан ше­тел­дік және отандық ірі биз­нес құрылымдарын инвести­ция құюға шақырса және олар­ға шекара аймақтарына ақ­ша салып, өндіріс орындарын ашқаны үшін түрлі жеңіл­діктер берілсе, шекара ше­біндегі ахуал түзелер еді. Мы­салы, Үйгентас өңіріндегі қаз­ба байлықтар, тау өзендері, табиғи таза өнімдерді өндіру мен өңдеу бағытындағы жұмыс көз­дері ашылса, жоспарлы түр­де ірілі-ұсақты өндіріс ошақ­­тары бар жаңа үлгідегі агро­­қалашықтар салу арқылы жұ­мыссыздық жойылса елдің қалағ­а көшуі де тыйылар еді.

Болат ҚОШҚАРОВ,  Алакөл ауданының құрметті азаматы:

– Мемлекет басшысының әр Жолдауында аграрлық са­ла еске­русіз қалған емес. Биыл ауылшаруашылық секторы экономиканың жаңа драй­­вері ретінде анықталды. Мақ­сат – made in Kazakhstan брен­дін қалыптастыру. Яғни, халық­аралық нарықтағы бәсекеге шыдас беретін таза өнімдер өндіруге жол ашу. Ескеретін негізгі мәселе – әр аумақтың өз брендін анықтау. Мысалы, сол­түстік өңірлердің тауарлық белгісі бидай болса, оңтүстік өңірлерде  –күріш, мақта. 

Ауылды қолдауға бөлініп отыр­­­­ған қомақты қаржыны қол­­­жетім­ді ету үшін агросектор­ды тікелей қаржыландыру керек. Яғни ортадағы делдал мекемелерді оңтайланды­рып, мем­­лекеттің құзырында бол­ған бұрынғы агроөнеркәсіп бан­кін шекаралық аудандар­да ашу арқылы жүзеге асыр­ған жөн. Сонымен қатар шет­тегі ағайындарды 5-10 жыл­дық квотамен елге әкеліп, бос қал­ған ауылдарға шоғыр­лан­ды­ру да тиімді болар еді.­ «Дип­лом­мен – ауылға» бағ­дарла­ма­сы­­мен келетін жас ма­ман­дар­дың жалақысына 50% үстеме қо­сып, 5-10 жылға жі­бер­­се, жас от­ба­сы­ларына әр­бір дү­ние­ге келген нәрестеге бері­­­ліп жүр­ген жөр­гекпұлды, кәме­лет­ке тол­ған­ша төленетін жәр­демақы­ны көбейт­се, жалпы, мемлекет тара­пынан бері­ліп отырған жеңіл­­діктердің тізі­мін ұлғайтып, ауыл халқы үшін аясын кеңейтсе ауыл тозбай – озар еді, қора – төрт түлік малға, мектеп – балаға толар еді.