Кешегі Үкімет отырысында үш мәселе қаралды. Олар: биылғы жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі және оны ағымдағы жылдың соңына дейін ұстап тұру шаралары, сондай-ақ электронды білім беруді дамыту, сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері. Жиынға Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев төрағалық етті.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, жыл басынан бері республикада инфляциялық үдерістер баяулаған. Ақпаратқа сүйенсек, биылғы қыркүйекте инфляция 3 пайыз, ал жалпы жылдың басынан бері 4,2 пайызды құраған. Баяулаудың негізгі факторлары валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануы, нарықтың бірқалыпты инфляциялық болжамдары, сондай-ақ азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша өнімдер шығарудың өсуі, дейді министр. Айтуынша, азық-түлік тауарларының бағалары соңғы үш ай қатарынан төмендеген. Ал бағалар мен ақылы қызмет көрсетулерге тарифтер бірқалыпты қарқынмен өсуде.
Азық-түлік тауарлары бағаларының маусымдық төмендеуіне қарамастан биылғы жылдың басынан бастап пияз, сәбіз, қызылша, қой еті және сиыр еті бағаларының өсуі байқалған. Сонымен қатар, жұмыртқа, қарақұмық, қырыққабат, қант және күнбағыс майы бағасының арзандауы тіркелген. Азық-түлік емес тауарлар бойынша бағалардың ең көп өсуі дизель отынына, бензинге, сұйылтылған газға, маталарға, кеңсе тауарларына, аяқ киім мен қатты отынға қатысты болып отыр, деді министр. Осыған байланысты Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына және қызмет көрсетулерге бағалар мен тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қолданғанын да атап өтті.
Бұл ретте өңірлердің әкімдеріне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге өңірлік тұрақтандыру қорларында негізгі азық-түлік тауарларының жеткілікті қорын қамтамасыз ету қажет, сондай-ақ күн сайын бағаларға мониторинг жасау және нарықта қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жетіспеушілігі мен ысырап болуына жол бермеу үшін тұрақтандыру қорларының ресурстарын тиімді пайдалану керек. Оған қоса Энергетика министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірге жылу беру маусымында жанар-жағармай материалдарына бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тиісті жұмыс жүргізу қажет. Осы аталған алдын алу шараларын ескерген жағдайда биылғы жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 6,9-7,5 пайыз ауқымында болады деп күтілуде, бұл жоспарланған деңгейге сәйкес келеді.
Отырыста басқа да мемлекеттік органдардың басшылары бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу шаралары туралы баяндады. Мәселен, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай өнімдерінің ішкі нарығы үшін 111,1 млн тонна мұнай өңделгенін, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға жоғары екенін мәлімдеді. Автобензин өндірісі 2 млн 270 мың тоннаны құрады, бұл да 2016 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен жоғары. АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы қаңтар айында литріне 135 теңге болса, қыркүйекте баға орта есеппен 150 теңгеге дейін өсті, өсім 11 пайызды құрады. АИ-92 бензині бойынша импорт үлесі шілде-тамыз айларындағы 15 пайыздан қыркүйекте 30 пайызға дейін ұлғайды. Бұл мұнай өңдеу зауыттарында жаңғырту жұмыстарының аяқталуына орай жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты болды, деді министр. Сәйкесінше, осыған орай ішкі нарыққа жеткізудің азаюы мен импортқа шығарудың артуы байқалады, бұл бағаның өсуіне ықпал еткен.
Қ.Бозымбаевтың мәлімдеуінше, Энергетика министрлігі нарықтағы баға жағдайын мұқият қадағалап отыр, мәселен, бірнеше жанар-жағармай стансаларына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар ағымдағы жағдайды ретке келтіру бойынша қадамдар жасалып жатыр. Шымкент МӨЗ-де қазан айында өңдеу жоспары 110 мың тоннаға ұлғайтылды, бұл ішкі нарықты бензин және дизель отынымен қосымша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық жанар-жағармай стансаларының жұмысы есебінен, қараша айында АИ-92 бензині бойынша импорт үлесін 30 пайызға және желтоқсанда 20 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр, осылайша қазіргі жағдай тұрақтандырылады.
Өз кезегінде, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов тұрақтандыру қорларының жұмысы өткен жылмен салыстырғанда барынша жүйелі болғанын әрі бұл әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының өсімін шектейтінін айтты. 11 шілдеде өткен Үкімет отырысында әкімдіктерге тұрақтандыру қорлары үшін өнімдер сатып алу тапсырылған болатын. Қазіргі таңда әкімдіктерге аталған жұмысты жандандырып, осы жылдың 15 қарашасына дейін аяқтау қажет, деді вице-министр.
Сондай-ақ жиында Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Төлеген Сәрсембаев және Астана әкімі Әсет Исекешев сөз сөйледі. Қорытындысында Бақытжан Сағынтаев барлық салалық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға тауарлар мен қызметтерге, әсіресе әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына баға өсімі мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Заң жобасы барлығы 13 кодекс пен 103 заңға 1000-ға жуық түзетулер енгізеді. Заң таныстырылған соң Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Премьер-Министр Кеңсесімен бірлесіп, Президент Әкімшілігімен заң жобасын бекітіп, осы жылдың қазан айының соңына дейін оны Парламент Мәжілісіне өткізуді тапсырды.
Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар шаралар бар екенін атап өтті. Осыған орай, Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевке, Ұлттық экономика министрлігіне және ҰКП-ға «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, қараша айының соңына дейін «бір терезе» режімінде шағын және орта бизнеске арналған цифрлы платформа жұмысын бастауды тапсырды.
Үкімет отырысында қаралған тағы бір мәселе – электронды білім беруді дамыту жайы. Бұл ретте Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бүгінгі таңда тұжырымдамалық түрде білім беру жүйесі негізгі үш бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын айтты. Олар: білім беру үдерісін цифрландыру, цифрлы білім беру контенті, білім беруді басқаруды цифрландыру бағыттары. Ал электронды білім беруді енгізу бойынша ақпараттық-коммуникациялық саладағы министрліктің міндеттерін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады. Талқылау қорытындысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Білім және ғылым министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен, әкімдермен бірге өңірлер тұрғысынан мектептерді жылдамдықты интернетке қосу жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұдан өзге, ведомствоішілік білім берудің мәліметтер базаларын ықпалдастыруды жоспарланған мерзімдерге сәйкес аяқтау тапсырылды. Аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевке жүктелді. Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»