• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
04 Қазан, 2017

Тәуелсіздікпен келген нар тәуекел

814 рет
көрсетілді

Латын әліпбиіне – тәуелсіздіктің же­­тістігі. Сананың еркіндігіне жа­са­ла­тын шешуші қадам, түркі әле­­мі­­мен ынтымақтастыққа, әлемдік өр­­кениетке бастайтын дара жол. Қазақс­тандықтардың ғана емес, әлем­нің әр пұшпағында тұрып жатқан қазақ атаулының санасында рухани сілкініс туғызатын, атажұрт үшін ерен мақтаныш сезімін шыңдай түсетін айтулы кезең. 

Бүкіл қазақтың ұлт болып ұйысып, біртұтас халық болып жұдырықтай жұмылып, дамудың жаңа биігіне апаратын тағдырлы тәуекелдің алдында тұрмыз. Түрлі тәлкекке ұшыраған асылымыздың – ана тіліміздің табиғи таза тұнығына жеткізетін латын әрпіне кө­шуде бір кісідей жұмылатын кез кел­ді. Тәлкек емей немене, күштеп ен­гізілген бір ғана жіңішкелік белгісі (ь) қосылып, қала көшелерінде жиі кө­рінетін «гульдер» сөзі мазақ етіп тұр­ған­дай болады. Жаров, Житомир сияқты қазақ тілінде ж дыбысынан басталатын атау сөздерді орысша Джамбул Джа­баев, Джезказган деп жазғанға да көн­дік. Алматы қаласының қақ орта­сын­дағы Қазақ ұлттық университеті қала­шы­ғындағы студенттер ғимаратына Джол­дасбеков сарайы деп айғайлатқан атауды оқыдық. Мұндай мысалдан сүрініп жығылатындай, айтылуы да, жазылуы да бұзылып, екпіні шатаса бастаған ана тіліміз туған топырағында шеттетіле бастағанына шыдадық. Ұлт төлқұжаты іспетті асыл тіліміздің төрден есікке сырғи бермей, Мәңгілік елдің мәң­гілік тілінің мемлекеттік мәртебесіне кө­те­рі­летін кезеңін күттік. Міне, сол сәт ту­ды. Әуезі де, әрі де ерекше, қайнары гауһардай таза, сөздік қоры аса бай қа­з­ақ тілін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін Елбасы латын әліпбиіне көшіруге тап­сырма берді. Енді өткен кеңестік ке­зең­нің сананы улаған ескі салтымен жар­ға жығатын, «мен, мен» дегізетін дау-дамайы көп айтыс-тартыстан аулақ болып, ұлттық мүдде мұратына жетейік. Ұлт­тық үлкен сынақтан сүрінбей өтейік. Хал­қымыз «жұмыла көтерген жүк же­ңіл» дейді. Қазақ тілінің латынша әліп­би­ін құрастырушыларға қарапайым тіл жанашырларынан бір тілек – жаңа әліп­би қазақ фонетикасын сақтап, екі сим­волдық (үш емес) диграфтар екі-үш­тен аспаса екен. Өйткені латын әр­пі­не көшудегі басты меже – қазақ тілі ды­быс жүйесінің заңдылықтарының бұ­зыл­мауына қол жеткізу екені түсінікті.

Қазақ тілінің латын әрпіне көшуі – мем­лекеттік және жалпыхалықтық дең­гейде атқарылатын аса жауапты әрі игілікті сан түрлі іс-шаралардың ба­сы бол­мақ. Елбасы бас басылымда жария­ла­ғ­ан «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегінің «Туған тілдің тұғыры» бөлімінде «бізде әлі де бойымыздан арылмай келе жат­қан бір жаман әдет бар. Ол әуелі баст­а­ма­ға бірден үн қосып, дүркіретіп әке­теміз, сосын уақыт өте келе істің ая­­ғын сұйылтып,... іс аяғын ақсатып кете­тініміз бар. Осы кемшіліктен арылу керек...», «Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мой­нында», дейді. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Елбасы толғанысы дайындығы 2012 жылдан басталып шешуші сәтіне жеткен осынау тарихи кезеңде бүкіл елді, ғалымдарды, депутаттарды, мемлекеттік қызметшілерді ана тілімізді әлемдік дамудың даңғы­лы­на бастайтын латын әліпбиіне көшірудің бүге-шігесін бүгіннен ойласт­ы­рып, жоғары білімділік, біліктілік, жау­ап­кер­шілік биігінен көрінуге шақырып тұр­ғандай. Мектепте бірінші сыныптан са­бақ кестесіне енгізілетін 2022 жылға қа­зірден-ақ жан-жақты дайындықтың жос­пары түзіліп, жалпы жұрттың қаты­суы­мен жүзеге асырылуы алдын ала ойлас­тырылса құба-құп. Бұл орайда атқарылар іс ұлан-ғайыр.

Латын қарпіндегі әліпби қабыл­дан­ғаннан кейін мән-маңызы ерекше үл­кен қадам – асқан жауапкершілікпен оқу­лықтар, оқу-әдістемелік құралдар ке­ше­нін жасау. Бұл ана тіліміздің саф қал­пында ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жетуінің мәңгілік желкенінің үзілмейтін желбауы болуы тиіс. Білім және ғылым министрлігі жи­ырмасын­шы ғасырдың басында ашы­ла бас­таған жаңа мектептермен бі­р­ге өмірге келген білім көзінің бас­тауы іспетті «Әліппе» атауын «Сауат ашу» деп алмастырғаны белгілі. Жаңа әліп­би­мен бірге «Әліппе» оқулығы да, бүл­дір­шіндердің «Әліппемен» қоштасу мей­рамы да қайтарылса дейміз. Қазақ тілі­нің жаңа әліпбиінің оқу-әдістемелік құ­рал­дары қазақ және орыс тілді мектептер­ге қатар шығуы тиіс. Орыс тіліндегі мектептердің сабақ кестесінде қазақ тілі пәні барын бәріміз білеміз. Сондай-ақ бұл мектептер оқушыларының 70-80 пайызы қазақ балалары екенін әсте естен шығаруға болмайды. Олардың ана тілінің жаңа әліпбиін қазақ мек­теп­те­ріндегі құрдастарымен қатар мең­ге­руіне мүмкіндік жасаған абзал. Ағыл­шын, түрік тілді мектептердегі қазақ ба­­лаларын да бөліп тастай алмаймыз. Өз­бек, тәжік, ұйғыр, тағы басқа тілдерде оқи­тын күндізгі және кешкі мектептер шә­кірттері де мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиімен шыққан оқу құралдарын асы­ға күтетіні күмәнсіз. Ата-аналар бала­ларына көмектесуге даяр болуы үшін жалпы көпшілікке, ересектерге арналған жаңа әліпби кітаптары мектеп оқулықтарынан бұрын шығарылуы қажет. Мұнымен бірге мұғалімдерді даярлау мәселесі де жедел қолға алынғаны абзал болар еді.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері