• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қазан, 2017

Хат қоржын

730 рет
көрсетілді

Оқырман хаты

Қадамдарыңыз құптарлық

Мен баспасөздің көптеген саласында еңбек еткен қарт журналиспін. Бір кездері өткір сын жазатын қарымыма қарай сіздердің газеттеріңізге шақырылып, шама-шарқымша көп жыл еңбек еткен жанмын.

Көпті көрген аға ретінде бірер пікірімді білдірейін. Соңғы кездері «Егеменде» қызықты, айтары бар хабарлар көбейді. Құптарлық, танымдық мақалалар жиі шығып жатыр. Бір ғана мысал, осы жылғы 14 шілдедегі «Мәңгілік өмір жоқшысы» атты мақаланы оқып шығып, риза болғаным соншалық, облыстық газет басшыларына көшіріп басуларын айтып құлағдар еттім. Осы тектес мақалалардың жиірек шығуына тілектеспін. Өзім сатираның жоқшысы болғандықтан, бір кездері жетісіне шығып тұрған «Сөз сойыл» әзіл-оспақ отауын өткірлеу етіп жиірек беріп тұрсаңыздар екен деген тілегімді білдіремін. Бұл қалың оқырман ойы. Ал танымдық материалдарды жиірек беріп тұрсаңыздар өте игілікті іс болар еді. Қадамдарыңыз құптарлық, әлі де ел күтер мазмұнды да мағыналы материалдар берілетініне сенімдімін.

Өтеген ЖАППАРХАН

Қызылорда

Қорғалатын ескерткіштер тізіміне енсе

Қазақ жерінде небір айтулы ескерткіштер бар. Оны тәуелсіздіктен кейін танып-біліп отырмыз. Ұлтымыздың ұйытқысына айналған Ұлытау өңіріндегі тарихи-архитектуралық ескерткіштер қазір зерттелуде. Оның үстіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылдың тамыз айындағы «Ұлытау төріндегі толғаныс» атты сұхбаты жұрттың санасына ой тастап, серпіліс туғызды. Ата-бабаларымыздан қалған тарихи жәдігерлерді қайта жаңғырту ісіне де жұмылдырды.

Осы арада мына бір пікірімізді білдірсек дейміз, ол – Ұлытау өңірінің Терісаққан ауылындағы Жәнібек қажы Егізекұлы мазары туралы еді. Бұл мазар өткен ғасырдың басында тұрғызылған. Қазіргі жай-күйі жаман емес. Дегенмен қорғауды қажет етіп тұр. Бұл мазарды мемлекет қамқорлығына алу жөнінде «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының басшысы осы жылдың басында «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» КМҚК мекемесіне арнайы хат да жолдаған еді. Біз осы тарихи құндылықты сақтай отырып кейінгі ұрпаққа шырайын бұзбай жеткізу бойынша пікірімізді білдіргенді жөн көрдік.

Жәнібек діни білімімен қатар, елге ұйытқы болған абыз, сөзге шешен алғыр адам болған екен. Ендеше осындай ел адамының мазарын ескерусіз қалдырмай қорғауға алсақ жөн болар еді.

Шоқан ОСПАНБЕКОВ,

еңбек ардагері, Ұлытау ауданының құрметті азаматы

Қарағанды облысы

Қаралы үйге қарайласқан қазақпыз

 «Біреудің кісісі өлсе қаралы – ол, қаза көрген жүрегі жаралы – ол» дейді Абай атамыз. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді халық даналығы. Жақында ғана Алматы облысы, Алакөл ауданы, Ынталы ауылының 38 жасар тұрғыны Рысбек Бұғыселұлы жүрек талмасынан қайтыс болған.

Қолында кәрі анасы бар, табан ет, маңдай терімен еңбек етіп, үлкен бір шаңырақты асырап отырған арыстай азаматқа аяқ астынан келген қаза, әрине ауылымызға, әсіресе марқұмның отбасы, туыс-туғандарына оңай тиген жоқ. Топырақты өлім шыққан отбасына тайлы-тұяғы қалмай жиналып шаруасына көмектесіп, көңіл жәрдем, қол жәрдемін аямайтын ауыл адамдары бұл жолы да жолынан жаңылған жоқ. Егін егу, жер жырту жұмысы кезінде Мәденбек, Бұлғынбек, Мұқият бастаған ауыл тұрғындары бас болып темір техниканы ең алдымен Рысбек марқұмның жеріне салып, 30-дан аса адам мен 20 шақты техниканың күші жұмылдырылып, тұқымын сеуіп берді. «Тірліктің диірменін бірлік тартады» деген осы. Жылағанды жұбатып, жығылғанды сүйейтін ата дәстүр, ардақты салтымыз. Қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет жасап жүретін ақ көңіл, ашық жарқын азаматтың ағайын туысының басына түскен қара таудай қайғысын бөлісіп, тірлігіне септескен бұл қайырымдылық шара, сауапты істері көпке үлгі болса керек.

Қадырсұлтан НҮСІПҚАН

Алматы облысы

Қаламгер болғым келеді

Мектеп мені болашағына нық қадам жасайтын азамат етіп әзірледі. Сенімдерін ақтап, білім кеңістігіне қанат қақсам деген асқақ арманым бар. Кемеңгерлігі кемел халқымның дара мінезін танытатын қаламгер болғым келеді. Жастарды рухани тазалыққа, адамгершілікке үндейтін дүниелер жазып, заман жүгін көтеріскім келеді. Сөзімізге, өзімізге, ісімізге мұқият қарайтын уақыт келді. Аспаннан нәпақа түспейді, кімде білім-білік – сол елде басымдық, сол ел күшті, қуатты. Мәдениетімізге мұқият қарап, ұмытқанды іздеп, көнергенді түзеп, қолда барды жарқырататын ғасырда өмір сүрудеміз.

Үлкендердің әңгімесіне құлақ қойып, ұлт зиялыларының мұрасына құрметпен қарап, сылбыр ізіме жан бітіргім келіп тұратын өжеттік бар менде. Ғаламтор заманы басымдыққа ие болып тұрған кезеңде мен секілді жастарды қауіп-қатерден сақтандырып қалам тербейтін журналистика мені белгісіз күшімен қызықтырып алып бара жатады. Мен де қазаққа тән биязылықты, өткенге салауат, бергенге қанағат, қысылғанда қол ұшын берер қасиетті ерекшелігімізді, жалпы қанат жайған қазақ елі жайлы тұғырлы толғаныстарымды жазатын боламын. Теңдесіз бейнелі, қуатты Абай тілін меңгерген ұлтжанды қаламыммен төлтума мәдениетімді насихаттаймын.

Жанерке ХАЛИУЛЛИНА,

 Д.Байбосынов атындағы №13 мектеп- гимназиясының 11-сынып оқушысы

Атырау

Заманауи қасапхана ашылды

Ақмола облысы, Атбасар ауданындағы Сочинск ауылында ашылған қасапхана қазіргі заманға сай болып отыр. Ол кәсіпорын ірі қара мен қой союға арналған. Қасапхана ресейдің «ТД «МИЛАМ» ашық акционерлік қоғамының заманауи қондырғыларымен жабдықталған. «Сочинск» ЖШС тапсырысы бойынша салынған кешен малды соятын алаң, шұжық шығаратын цех және тоңазытқыш тәрізді жеті бөліктен тұрады.

«Ресейлік компанияның көмегімен заман талабына сай, жоғары сапалы ет және шұжық өнімдерін терең өңдейтін қасапхана ашып отырмыз. Енді өз малымызды (шаруашылықта 300 бас ірі қара бар) өзімізде сойып, етін өңдей аламыз. Оған қоса, өңірдегі мал өсірумен айналысатын шаруашылықтарға да қызмет көрсететін боламыз», дейді «Сочинское» ЖШС бас инженері Олег Бовдуев.

Аслан ОСПАНОВ

Ақмола облысы