2016 жылдың ақпанында Вашингтонда біз оқып жүрген университет сол кездегі АҚШ-тың Ұлыбританиядағы елшісі Мэтью Барзунмен кездесу ұйымдастырды. Барзун мырза кездесу барысында ұлыбританиялық мектеп оқушыларының Америка туралы пікірлерін білу мақсатында АҚШ елшілігі тапсырмасымен жүргізілген қызықты сауалнама нәтижесімен бөлісті.
Сауалнаманың ішінде «АҚШ деген сөзді естігенде ойыңызға не келеді?» деген сұрақ та болған. Аталған сұраққа ағылшын оқушыларының басым көпшілігі «gun» (қару) деп жауап беріпті. Елші Барзунның бұл мәліметі залдағы америкалықтарды айтарлықтай таңдандыра қоймай, әр бұрыштан сарказмге толы күлкі естіліп жатты.
Кешеден бері «АҚШ тарихындағы ең қанды атыс» деген теңеуге ие болған, Лас-Вегастағы 59 адамның өмірін қиып, жүздеген жанды жаралаған қатыгез шабуылдан кейін әлемде ұлыбританиялық оқушылар секілді Америка десе көз алдарына қарудың бейнесі келетіндердің саны арта түскені анық. Қазір полиция бейкүнә адамдарға оқ боратқан Стивен Паддокты қанды қылмысқа не итермелегенін анықтау үстінде. Миллиондаған америкалықтар қайғыға ұшыраған отбасыларға көңіл айтып, қолдау білдіруде. Саясаткерлер, медиа және азаматтық қоғам белсенділері осы тәрізді қарулы шабуылдың алдын алудың тиімді жолдарын белсене талқылауда.
Осы орайда сырттан бақылаушы басқа елдің азаматтарында «Неге қарудың есерсоқтардың қолына тимеуін қамтамасыз ететін қатаң заңды біржолата қабылдап, елдегі қауіпсіздікті күшейтпеске?» деген сауалдың тууы заңды. Дегенмен, бұл сұраққа бүгінгідей саяси поляризацияланған АҚШ жағдайында жауап беру оңай емес. Өйткені қару-жараққа иелікті шектеу немесе реттеу туралы сұрақ медиадағы біржақтылықтан конституциялық құқыққа дейінгі, саясаткерлердің карьерасынан қару индустриясы лоббиіне дейінгі мәселелерді қамтиды.
АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдарында нәсілге және дінге қатысты біржақтылық бұрыннан бар. Егер қылмысты қара нәсілді немесе мұсылман азамат жасаса, медиа алпауыттар бірден сол адамның шығу тегі мен дініне назар аударып, террорлық актіге балап жатады. Ал егер жаппай кісі өлтіру ақ нәсілді болса, онда оқиғаға терроризмнен гөрі психологиялық сипат беріледі. Кешегі қанды оқиға кезінде медиа жаңалықтарынан осы үрдісті тағы байқадық.
Ақ нәсілді Стивен Паддоктың жасаған ауыр қылмысы АҚШ заңындағы анықтамаға сәйкес «ішкі террорлық акт» ретінде сипатталудың орнына «Жалғыз қасқырдың әрекеті» деп бағалануда. Сондай-ақ Паддокты өздерінің жауынгері деген ISIS ақпарының жалған деп тез арада жоққа шығарылуы да медианың ақ нәсілді америкалықтарды лаңкеске жатқызғысы келмейтінін көрсетті.
Тағы бір назар аударатын жайт, алпауыт ел президентінің реакциясы. Осы жолы ол қызуқандылыққа салынбай қаза болғандардың отбасына көңіл айтумен шектелді. Сонымен қатар ол қайғылы оқиғаға қатысты Ақ үйдегі мәлімдемесінде түбірі «террор» сөзінен тұратын сөздерді қолданбай, оны «таза шайтанның ісі» деп айыптады. Ал былтырғы Орландодағы атыста әлі президент болып үлгермеген Трамп көңіл айтудың орнына оқиғаны желеу етіп иммиграциялық саясатты қатаңдатуға шақырған болатын. Президент болғаннан кейін де Трамп Еуропа мен Канададағы террорлық актілерге да сол сарында жауап беріп келген.
Осы орайда көкейдегі мынадай сұрақ тұр: Президент Трамптың Лас-Вегастағы оқиғаға қатысты «саяси сауатты» мәлімдеме білдіруі оның бір жылда саяси толысқанын білдіре ме? Әлде ол әлі күнге дейін АҚШ-тағы террорлық актілердің көбін «қара нәсілді заңсыз иммигрант мұсылман-терроршылар» жасайды деген жалған ақпаратқа сене ме?
Лас-Вегастағы қайғылы оқиға тағы бір рет террорлық ешбір ұлтқа, нәсілге және дінге тән құбылыс еместігін дәлелдеп берді. Осы бір ақиқатты мойындауға билік пен медианың шамасы қаншалықты жететін уақыт көрсетер. Алайда өз тарапымыздан айтарымыз, дәл қазір АҚШ үшін иммигрант пен мұсылмандардан гөрі «жалғыз қасқырлардың» қаупі көбірек.
Егер жақын болашақта Ұлыбританиядағы мектеп оқушыларының арасында жүргізілгендей Америка туралы сауалнамаға қатысып, «АҚШ дегенде көз алдыңызға не келеді?» деген сұрақ қойылса, менің оған жауабым қазірден дайын және ол «қару» емес.
Шалқар НҰРСЕЙІТ, саясаттанушы