• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 05 Қазан, 2017

Әбікен Хасеновке қатысты тарихи қателік неден болды?

1793 рет
көрсетілді

Әбікен Хасеновтей әйдік күй­шінің есімін көбіне музыка сала­сын­дағы мамандар, оның ішінде күй өнеріне құлай берілген жандар болмаса, былайғы жұрттың біле де бермейтіні рас.

Көпшілікке кінә артудан аулақпыз. Дегенмен, өнер­дің саласында жүрген өкілетті жандарға деген өкпе бар... Бүгінгі әңгіме заманында таң­дай қақтырған күйшілігімен, «Қоңыр» сынды теңдессіз күйімен аты мәшһүр болған Әбікен Ха­сеновтей тұлғаның туған жылы ту­ра­лы болмақ. Бұл мәселені көтеріп отырған адам – Қарағанды об­лыс­тық «Күй-керуен» шертпе күй орта­лығының директоры Қай­рол­ла Дәулетбекұлы деген күйші. 

Таяуда бұл кісі Әбікен Хасенов­тің туған жылы «1897 жыл» емес, «1892 жыл» деп дәлелін келтіре отырып дабыл қақты. Жергілікті «Орталық Қазақстан» газетіне сұхбат беріп, аталған жайтты «Бұл – өрескел қате һәм аруақ алдында кешірілмес күнә», деп қатаң түрде айыптады. Рас, Әбікен Хасенов қазақ өнеріне өгей тұлға емес. Әйгілі күй­шінің өнерін Сәкен Сейфул­линнен бастап, қазақтың игі жақсылары басты иіп бағалағаны тарихи шындық. Тіпті, күйшінің Ақселеуше айтқанда, «құрылымы күрделі, әуен-сазы мейлінше терең» «Қоңыр» күйі тартылғанда Мұхаң – Мұхтар Әуезов бастаған небір марғасқалар егіліп отырып тыңдайды екен. 

Міне, осындай текті туған тұлғаның дүниеге келген жылы жалғыз уикипедияда ғана емес, ресми дерек көздерінің көбінде «1897 жыл» деп қате жазылған. Әу баста солай жазылып кетсе керек. Әйтпесе, 1998 жылы күйші­нің өскен өлкесі Ақадыр кентін­де 100 жылдық мерейтойы деп рес­публикалық күйшілер байқауы мезгілінен кеш өтпес еді ғой. Иә, сол күй бәйгесінде бүгінгі әңгі­мені көтеріп отырған Қайролла мырзаның әкесі, дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлы бас бәй­гені жеңіп алған болатын...

Өткен ғасырдың 50-ші жыл­дары Әбікен Хасенов жанында дара­боз күйші Бегімсал Орынбеков бар, туған жерге сапарлап келген екен. Ел аралап, күй тартып, өлке төсінде аунап-қунап, сағыныш шерін тарқатады. Міне, сол кезде алғашқы мүшеліндегі Дәулетбек бала Әбікен күйшінің аузынан Қыздарбек, Әбди, Мақаш, Сембек деген күйшілердің есімдерін тұң­ғыш рет естіпті... 

Иә, Әбікендей алыптың өзі әлі күнге дейін ақтармалап зерт­теуді қажет ететін Қыздарбек мектебінің жарқын өкілі еді. Асылы, Әбікен Хасенов туралы сөз қозғалғанда Қыздарбектей құдіретті күйші туралы айтпай кету үлкен әбестік болар еді. Арқадағы шертпе күйдің атақты шебері Қыздарбек Төребайұлы 1850 жылы Қарағанды облысына қарасты Шет ауданындағы Киікті ауылының маңындағы «Қыдырбай басы» деген жерде дүниеге кел­ген деген даланың ауызша тари­хынан қалған дерек бар. Әкесі Төре­бай дәулеті дөңгеленген, орта шаруа болыпты. Күйші туралы «Қарағанды облысының энциклопедиясында» былай деп жазыл­ған: «Қыздарбек жастайынан өнер соңына түсіп, ел аралап, күй өнерін жоғары сатыға көтерген шебер орындаушыдан парасатты күйшіге жеткен. Арқа өңірінің күй атасы атанған қарт күйші Итаяқтан бата алған. Қыздарбектің аршадан ғана құрастырылып жасалған домбырасы 1934 жылы Тасаралда қайтыс болған Қажыкей дейтін ұлының қолында сақталып келген. Қыздарбек күй арқылы Итаяқпен қағысып, Тоқа Шоңманұлымен өнер жарыстырған. Қыздарбектің бірнеше «Қосбасары» бар. Шәкірт­тері Ақмолда, Сембек, Әбди, Мақаш, Кәрібек, Рысқұлбек, Әбікен, Бегімсал күйшілер».

Ал енді, жоғарыда аттары аталған Сембек Айдосұлы (1864-1931 ж.ж.), Әбди Рысбекұлы (1868-1931 ж.ж.), Мақаш Сәдуақас­ұлы (1875-1929 ж.ж.), Әбікен Хасенұлы (1892-58 ж.ж.), Бегімсал Орынбекұлы (1911-1985 ж.ж.), Дәулетбек Сәдуақасұлы (1938-2009 ж.ж.) күй киесі қонған сегіз ата Кәрсөннің балалары. Оны айтасыз, қазақтың классик композиторы Сыдық Мұхамеджановтың өзі де осы атадан тараған дара тұлға. Міне, тартпай қоймас негізге дегеніңіз осы болса керек!

Енді әуелгідегі әңгімемізге оралайық. Қайролла Дәулет­бек­ұлы күйшінің туған жылы туралы тың деректі ойда жоқта кезік­тіріпті. «Бірде Қалкен Қасымов деген күйшінің қолынан Әбі­кен атамыздың ақ-қара түсті фото­суретін көріп қалдым. Сурет­тің сыртында күйшінің туған жылы «1892 жыл» деп тайға таңба басқандай көрсетілген және де «Зайыбы Шәкен апамыз өзі қолы­мен 16 тамызда сыйға беріл­ген сурет. 1990 ж.» деген жазу бар екен. Бұған да сенбей, «Сары­арқа саздары» деген кітапты ақта­рып едім, онда да осы дата жазы­лыпты...», – дейді Қайролла мырза.

«Шешінген судан тайынбас» деген, бұдан кейін Қайролла Дәу­лет­бекұлы Алматыға хабар­ласып, сондағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консер­ваториясының доценті, күйші, зерттеуші Мұрат Әбуғазыға өтініш жасайды. Әріптесінің сөзін жерге тастамаған Әбуғазы мырза Әбікен күйшінің бейітін үш күн іздеп әрең дегенде тапқан. Іздегенде, әлгі суреттің сыртындағы «Жер­ленген жері Ташкент көшесіндегі мұсыл­мандар бейіті» деген жазу көп септігін тигізсе керек. Содан, Мұрат Әбуғазы бейіт басын­дағы құлпытасты суретке түсіріп, әлеуметтік желі арқылы Қараған­дыдағы жоқшыға жіберген. Айтқандай, құлпытаста күйшінің туған жылы «1892 жыл» деп қашалған екен...

Ендігі мәселе мынада: мәде­ниет саласы тарапынан биыл Әбікен Хасеновтің 120 жыл­ды­ғы деп, азын-аулақ іс-шара­лар қарастырылған екен. Шынтуай­тына келгенде, өрескел қате түзе­тіліп, биылғы жыл күйшінің 125 жылдығы деп өзгертілуі керек! Яғни әйгілі күйшінің мерейтойы ел көлемінде тойлануы тиіс. Өйткені Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң «Мерейтойлар мен атаулы күндердi мерекелеу тура­лы» атты қаулысында «Рес­пуб­­ликалық деңгейде жекелеген тұлғалардың мерейтойлары алғашқы жүз жылдықта – жүз жылдығы, одан кейiнгi жүзжыл­дықтарда әрбiр жиырма бес жылда аталып өтiледi», деп аққа қарамен жазылған.

Қайролла Дәулетбекұлының қолы қысқа. Шамасы жеткенінше биыл Әбікен Хасеновтің туған өлкесі Киікті-Мойынты өңіріне барып, күйшінің 125 жылдық мерейтойы аясында концерт беріп келді ме деп отыр. Десе де, осыдан екі ай бұрын өзі құрған «Күй-керуен» шертпе күй орталығы да қамқорлыққа зәру. Қазыналы Қарағандыда исі қазақ баласының рухани жаңғыруына қажет дүние – шертпе күй орталығы құрылды. Селт еткен бір адам болсашы! Таяуда, жаңадан тағайындалған облыс әкімі Ерлан Қошановтан қолдау бола ма деп хат жазған екен, көңілге демеу боларлық бір хабарын күтіп жүрген жайы бар...

Иә, Әбікендей өнер иесі көзі тірісінде де лайықты бағасын алмады. Ақын Жұмекен Нәжі­меденов егер олай болмаса, Әбікен Хасеновке арнаған «Күй серісі» атты өлеңінде:  Әр пернеге бұлбұл бұққан Ұстап еді ол домбыраны –  селт етпеді ел сылбырлықтан,  Сылбырлықтан болды бәрі. Уақыт – ақ боз аты болды, Дарытты ажал оқты өзекке – күйші құлап... ақыры өлді, Надандықпен жекпе-жекте, – демес еді ғой... Енді міне, айдың-күннің ама­нында шатасып, ақын айт­қан сылбырлықтың және немқұрай­дылықтың кесірінен күйшіні бақандай бес жылға кейін тудырып жүргеніміз мынау. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді-ау. Өнерімізді, оның ішіндегі асыл мұра – күйшіліктің қадір-қасиетін тірідей жерге көмбейік десек, Әбікендей асылдың туған жылына қатысты тарихи қате түзетіліп, мәңгі сарын иесінің мерейтойына байланысты іс-шараларға тиісті өзгертулер енгізілуі керек. Сонда ғана Әбікентану әлемінде әділет салтанат құрар еді!

Суретте: Әбікен Хасенов (сурет ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатынан алынды).

 

Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»