• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қазан, 2017

Ернұр Рысмағамбетов: Әр адам заманына сай болуы керек

1270 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында өтіп жатқан «Astana Media Week» апталығы аясындағы сессияда Халықаралық қаржы орталығының басшысы Ернұр Рысмағамбетов өміріндегі ең қызықты мотивациялық оқиғаларымен бөлісті.

«Бала күнімде домбырада ойнауға қатты қызығатын едім. Бірақ менің туып-өскен жерім қалалы жерден шалғай орналасқандықтан, үйірмелерге өзім бара алмайтынмын. Сәл есейгеннен кейін осы мақсатыма жету үшін домбыра мектебіне барып жазылдым. Біраз күйді үйрендім. Бірақ жетекшілерім ансамбльдерге қатыстырмайтын. Себебі, мен әріптестеріме қарағанда жылдам шертіп, шатасып қалатынмын. Сол кезде мен өміріме қажет бірнәрсені түйдім. Ешқашан оза шаппай әрі көштің соңында қалып қоймау қажет екен. Бір сөзбен айтқанда әр адам заманына сай болу керек», деді Ернұр Рысмағамбетов.

Ернұр Рысмағамбетов мектеп оқушысы кезінде де, студенттік шағында да біраз жетістікке жеткен. Ол 2003 жылы Тайпэйде өткен 34-ші халықаралық физика олимпиадасының алтын жүлдегері, сондай-ақ физика пәнінен өткен халықаралық, дүниежүзілік олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, әлемнің ең үздік университеттерінің бірі болып саналатын Калифорния  технологиялық университетін (CalTech) тамамдаған. Бірақ бір қызығы бала күнінде физикаға мүлдем қызықпапты, тіпті ұнатпаған екен. Бәрі Жезқазған қаласындағы білім инновация мектебіне (қазақ-түрік лицейі) түскеннен кейін басталыпты. Жаңа мектепке барғаннан кейін мұғалімдері физика пәнінен түрлі олимпиадаларға жіберген.

«Сыныптастастарым түрлі елдердегі олимпиадаларға қатысып жүретін. Ал менің арманымның бірі өзге мемлекеттерге бару болатын. Бұл маған қаржылай қиын еді. Сондықтан оқу арқылы арманымды жүзеге асыруға тырыстым. Күніне он сағат уақытымды физикаға арнадым. Уақыт өте келе аудандық, қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларда жеңіске жете бастадым. Өз уақыты келгенде халықаралық жарыстарда елімнің намысын қорғайтын болдым. Аздаған уақыттың ішінде Түркияның Анталия қаласында, Индонезияның Бали қаласында, Сингапурда, Тайландта өткен олимпиадаларға қатыстым. Сондықтан өмірде бірнәрсеге жету үшін тырысу керек, жеңіске жету керек», деді ол.

Бұдан кейін Ернұр Рысмағамбетов Калифорниядағы оқуы жайлы айтты. Қасында бірге болған екі досы арқылы үлкен жетістіктерге жеткенін есіне алды. Осы орайда ол жиналған қауымға кәсіби адамдармен жақынырақ араласуды кеңес етті. Себебі, кәсіби мамандармен араласу арқылы өзіңнің де жылдам дамитыныңды алға тартты.

Ернұр Нұрмағамбетов бүгінде ҚР Ұлттық командасын мектепаралық ғылыми жарыстарының дайындығына белсенді қатысушыларының бірі. Соңғы бес жылда жаттықтырушы ретінде оқушылары 25 мүмкін медальдің ішінен 24-ін жеңіп алған. Оның 6-ауы алтын, 15-і күміс және 3-еуі қола. Небәрі 31 жасында биік белестерді бағындырып үлгерді. Өмір жолына қарасақ, ол домбыра  шертумен де айналысқан, физика маманы да болған, қаржы саласында білім алған. Осы арада көпшіліктің ойына оның о бастағы арманы, мақсаты қандай болды екен деген сауалдың туындары анық.

«Шынымды айтсам, арманым да, мақсатым да көп болатын. Бірақ біреуін бағындырғаннан кейін «ары қарай не істеймін?» деген сұрақ үнемі мазалайтын. Осылайша алдыма жаңа мақсат қоятынмын. Бірақ бұл істі мен сүйсініп, рахаттанып отырып жүзеге асыруым керек. Міне, осы кезде нәтижесі де болады», деп сөзін қорытты Ернұр Рысмағамбетов.