Ақмола өңірінің тумасы, жазушы-шежіреші Жайық Бектұровтың бұдан жарты ғасыр бұрын сталиндік зұлматты әшкерелеп жазған «Таңба» романы толық вариантымен жеке кітап болып жарық көрді. Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда: «Шындық шықты, бірақ кешігіп шықты...». Жәкең өткен ғасырдың елуінші жылдары осы «Таңба» тарауы енген «Төгілген ар» атты көлемді роман жазыпты. Бұл романның қолжазбасын қазақтың көрнекті жазушылары Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ж.Молдағалиев және ғалым Е.Бөкетов пен кейбір басшы қызметкерлер іштарта, ұнатып оқыпты. Баспаға да ұсынылыпты, бірақ елдегі саяси жағдайларға байланысты еңбек жарық көре алмаған.
Еліміз егемендік алғаннан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрмахан Оразбектің қолдауымен алғашқыда «Жұлдыз» журналында бұл роман қысқартылған түрде жарық көрсе, осы кісінің редакциялауымен жеке кітап болып шықты. Жайық ағаның аруағы Нұрмаханға риза болған шығар деп ойлаймын. Олай дейтінім, Жәкеңнің артында ешкімі қалған жоқ. Үш ұлы, бәйбішесі бәрі қайтыс болған. Енді ол кісінің атын өшірмейтін бірнеше шығармалары, оның ішінде тұғыры биік «Таңба» романы деуге болады.
Осы кітапқа енген шығармалардың авторы Жайық Бектұров сталиндік лагерьлердің азабын тартқан қазақ жазушыларының бірі. Алайда, басқа жазушылардың бірде-бірі кезінде бұл тақырыпқа қалам тартқан жоқ. Ж.Бектұров сол азапты шыншыл тұрғыдан бейнелеген жалғыз жазушы деуге болады. «Таңба» романы, жинаққа енген басқа да шығармалар соған айғақ. Мақаланы Жайық ағамыздың мына сөздерімен аяқтауды жөн көрдім: «... Міне осыны бастан кешірген мына мен, жоғарыдағыдай қазақ бір кезде өз алдына ұлт болған ел еді, оның Байтұрсынов, Дулатов, Сейфуллин, Қожанов, Жұмабаев, Бөкейханов сынды ел қамын ойлаған білікті ұлдары бар еді дегенім үшін атылып қала жаздаған мен әбден ауыз күйгендіктен мына «Таңбада» бұл абзал ағаларымды атай алмай қалдым...».
Еңбекті өз басым келесі 2012 жылы Жайық Бектұровтың 100 жылдығы қарсаңындағы үлкен сый-құрмет деп есептеймін.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, ардагер-ұстаз.
Астана.