Өміршең шығарма деп өмірден ешқашан алыстамайтын туындыларды айтатын болсақ керек, сірә. Себебі қаламгер қоңыз туралы жазса да (айталық, Ф.Кафканың «Құбылу» әңгімесі), өз шығармасына адам тіршілігін, әлеуметтік мақсат-мүдделеріміз бен арман-қиялдарымызды арқау ететіні ақиқат. Олай болмаған күнде оқырман жүрегіне жол таба алмайды. Себебі адам кітаптан ең алдымен өзін, содан соң өзіне таныс-бейтаныс кейіпкерлерді көргісі келеді.
«Біз соғысты көрген жоқпыз» (Д.Исабеков). Әйтсе де, соғыс туралы, тыл туралы жазылған туындылар әлі күнге дейін көңілімізді толқытып, көзімізге жас үйіреді. Себебі, ол – өмір. Кешегі шындық, бүгінгі тарих.
Сол секілді, соғыстан қашып жүрген дезертирлерді де көрген жоқпыз. Бірақ, олардың атының өзі жиіркеніш туғызады. Өйткені, елді, жерді қорғау – бәріміздің перзенттік парымыз.
Дегенмен пенде болған соң оның да кім екенін, кейінгі өмірі қандай болғанын білгіңіз келеді. Бұл да адам баласына тән табиғи әуестік.
Міне, сондықтан да, әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» повесіндегі өз кейіпкері, дезертир Ысмайыл туралы айтқан әңгімесі қалың оқырманның үлкен қызығушылығын туғызғаны рас.
Бұл екінші дүниежүзілік соғыстың адамзат жүрегіне салған жарасын Уақыттың өзі емдеп жазғанының белгісі ме, әлде сол бір қанды қырғынды өз көзімен көрмеген ұрпақтың кешірімі ме, кім білсін, әйтеуір, Ысмайылға іштей жаныңыз ашығандай болады.
«Қайткен күнде де, ол – хайуан емес, адамның баласы ғой!», деген ой келеді басыңызға. Ұлы суреткер өзінің «Балалық шақ» атты кітабында Ысмайыл туралы мынадай бір қызықты әңгіме шертеді: «Еркіндікті сүйетін, жүйрік ат десе жанын қиюға дайын тұратын бір қызық жан еді. Ішіп-жеп, ырлап-жырлап, кең дүниені шарлап жүргенді жақсы көретін. Жүрегінің түгі бар, ханға да, қараға да бас имей, кез келген жерде айтысып-тартысып, тіпті жұдырықтаса кетуден тайынбайды. Содан ба екен, біздің айылдағы соғыстан қашқан алғашқы дезертир сол болды. Оның неге бүйткенін анық білмеймін, бірақ қасындағы бір серігі екеуі майданға бармай, қашып-пысқаны шындық. Оның тау-тасты паналап, жасырынып жүргені туралы әңгімелерді бала күнімізде көп естідік. Ел оған ыза боп, еркек кіндіктінің бәрі соғысқа кеткенде, бұл Ысмайыл жанын сақтап қашып жүр деп ренжіп отыратын.
Бірнеше әңгімелерімнен кейінгі алғашқы повесім «Бетпе-бет» болды. Оны Мәскеудегі Максим Горький атындағы әдебиет институтында оқып жүргенде жаздым. Жалпы, менің шығармашылығымды кең дүниеге танытқан «Жәмила» да сол бір студенттік шақта қағазға түскен-ді.
Қырғыз әдебиетшісі К.Асаналиевті мен өте жоғары бағалаймын. «Кассандра таңбасы» атты кейінгі жазылған шығармам туралы ол кезінде тәуір сын жазды. Екеуміз жиі-жиі кездесіп, шығармашылық жайында кеңінен әңгіме-дүкен құрып тұратын жақын достармыз. Кеңесбекпен болған осындай кездесулер маған үлкен шығармашылық қуат, нәр беріп, оның жемісін де көріп жатамын.
Жаңағы «Бетпе-бет» повесі жазылған кезде Кеңесбек Асаналиев Мәскеуде тұратын-ды. Әлі сиясы кеуіп үлгермеген жаңа шығармамды біреуге оқып, пікірін білгім келген. Бірақ ол қырғызша жазылғандықтан, мәскеуліктерге қалай оқып бермекпін?
Кеңесбекке телефон шалып, осы бір істің жайын айттым. «Мәскеу» мейманханасының алдында жолығуға келістік. Екеуміз айтылған уақытта ұшырасып, тынышырақ жер іздеп, ішке кірдік. Сөйтіп, әлгі мейманханадан бір оңаша, у-шудан алыстау орын тауып алып, біріміз орындыққа, ал екіншіміз диванға құйрық бастық. Көп сөзге уақыт шығындамай-ақ, мен бірден шығармама кірістім.
Екі сағаттай үзбей оқыдым. Кеңесбек мені бір рет те тоқтатпай, ондағы оқиғаны көз алмай бақылап отырғандай ұйып тыңдады. Оқып біткен кезімде бірден повестің жақсы жазылғанын айтып, біраз мақтау сөздер жаудырды. Содан соң, күтпеген жерден: – Сол Ысмайыл әлі бар ма? – деп сұрағаны.
– Иә, ол әлі тірі. Дезертир ретінде ұсталып, қамауда болып қайтты. Түрмеде он жылдай жатты. Шамасы, қырық төртінші, не қырық бесінші жылы кесілді ғой деймін, әйтеуір, елуінші жылдардың ортасында босап келді. Ең қызығы, ол кісі сонысына бір намыстанып, иә болмаса, қайғырып көрмепті. Керісінше «Менің жаным аман қалды. Не десеңдер, о деңдер. Иә, майданнан қаштым, он жыл түрмеде жатып шықтым. Бірақ сау-саламат, тірі жүрмін. Басқалардай кеудемді оққа тосқан жоқпын», дейді екен.
«Бетпе-бетті» жазғанда менің әдеби тәжірибем әлі аз еді, сондықтан да болар, оның өмірдегі Ысмайыл деген шын атын сол қалпында алдым. Мен үшін ол кісі бір жанды, тірі бейне еді. Бәлкім, сол үшін де есімін өзгертпейін деп шешкен болармын. Бұл шығарма таулы аймақта, әсіресе Шекерде бір ерекше оқиға ретінде қабылданды. Ол кезде Ысмайыл әлі Сібірде қамауда жатқан. Айылда оның балалары және ағайын-туыстары көп еді. Олар қашқын Ысмайылдың үстінен қозғалған істен қорқып, әр нәрседен шошып, үрейленіп жүретін.
Иә, кейін Фрунзедегі (қазіргі Бішкек – ред.) қырғыз драма театры сол «Бетпе-беттің» бір бөлімін сахналады. Ойын көруге келген жұрт бұны ерекше қызығушылықпен тамашалады. Содан соң оны театр әр тарапқа гастрольге алып шықты. Сөйтіп, күндердің бір күнінде Шекерге де жетеді. Айыл тұрғындары «Бетпе-беттің» болатынын алдын-ала біліп, колхоз клубына түгел жиналған екен. Сонда Ысмайылдың рөлін ойнаған актер Арсен Өмірәлиев кейін маған мынадай бір қызық әңгіме айтып берді.
Ойын басталғанда клубтың іші лық толған. Содан спектакль жүріп жатқанда біреулер сахнадағы Ысмайылды таспен атқылап, әлгі жерде отырған туыс-туғандарын келеке-мазақ етіп: «Ей, мына Ысмайылдарыңа қараңдар! Дезертир, қашқын, елін сатқан опасыз!» деп айқайлайды. Сөйтіп ойынның дәл ортасына жеткенде қып-қызыл шатақ басталыпты. Ысмайылдың ролін жанын сала ойнаған Арсен Өмірәлиев үшін бұл бір өте қиын сын сағаты еді. Ол жаңағы жерде асып-сасып, не істерін білмей қалады да, бір кезде қатты бақырып, сахнадан залға секіріп түседі. Сөйтеді де, қым-қуыт боп жанжалдасып жатқандардың қақ ортасына кірісе кетеді. «Ол – менмін! – дейді артистік зор даусымен айқайға басып. – Ысмайыл деген мен боламын! Осы айылдан шыққанмын! Тоқтатыңдар жанжалды! Ешкімнің мені айыптауға да, ақтауға қақысы жоқ! Бәріне соғыс кінәлі! Соғыс қана айыпты! Қазір мен сендерге өзім туралы бар шындықты айтып беремін!» Сөйтіп, сахнаға қайтадан атып шығады.
Өкіріп, бақырып, өзінің Ысмайыл екенін, майданнан қашуға не себеп болғанын елге түсіндіріп, аузын жаппай сөйлей береді, сөйлей береді. Ақыры көрермендерге өзінің енді оңалып, түзеліп, адам болғанын айта келіп: «Мен – Ысмайылмын! Қазір түрмеде жатырмын. Еркіндікке қайта шығып, атамекеніме қайтып келіп, сіздерді, жақындарымды, туған-туысқандарымды, айылдастарымды бауырыма тартып, қатты қысып құшақтағым келеді.
Сол күнді міне, сағат санап, күн санап күтіп отырмын мұнда. Бостандыққа шығуды аңсаймын. Барлық ісіме өкініп, күнде зарлаймын», дейді.
Колхоз клубына жиналғандар осыдан кейін көпке шейін басылмай, қол шапалақтап тұрып алады. Кейін Ысмайыл жазасын өтеп, туған айылына қайтып келгенде, осының бәрін бүге-шігесіне шейін қалдырмай, жыр қылып айтып береді.
Ысмайылдың Сібірден қайтып келгені туралы хабарды мен де естідім.
Соғыс жылдарында айылда хатшы, салық жинаушы болып істеген, кейіннен оны өзінің шығармасына басты кейіпӨкер етіп алған, сөйтіп әйгілі жазушы болған мен туралы да ел оны құлағдар етеді. Ал ол болса, өзінің құрдастарына: «Жазушыға ырзамын. Бұрын мені Шекерден басқа ел білмеуші еді. Міне, енді, жерлес інімнің жазушылығының арқасында бүкіл дүниеге танылдым», деген көрінеді.
Кейін өзі маған бір хат жолдады. Онда: «Менің қашқын болғаным туралы шығарма жазған екенсің. Екі ұлым қазір әскер қатарында, өз қызметтерін өтеп жүр. Біреуі – әскери-теңіз флотында, ал екіншісі, ол да сол төңіректе болса керек. Екеуі де – сарбаз. Түсіндің бе? Енді бәрі өз жөніне келді», деп екі ұлының суретін конвертке қоса салып жіберіпті.
Міне, ақиқатында мен көріп-білген шын Ысмайыл осындай кісі еді».
Нұрғали ОРАЗ, «Егемен Қазақстан»