• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

1188 рет
көрсетілді

КЕЗІ КЕЛГЕНДЕ АБЫРОЙМЕН КЕТКЕН ДЕ ЖӨН Өткен жұма күні туысқан Татарстанның президенті Минтимер Шаймиев Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведевпен кездескен кезінде өзінің қызметтен кететінін мәлімдеді. Жұртшылық мұны абыройлы қадам ретінде қабылдады. Татарстан Рес­­­публикасы Ресейдей алып мемлекеттің бір нысаны дең­ге­йін­де ғана. Сол нысанның бас­шы­сын таға­йын­дау Ресей пре­зидентінің құзы­рында. Сөйт­се де халықтың тілін тапқан қайраткер Минтимер Шаймиев респуб­ли­каны жиырма жылдай басқарды. Абыройлы басқарды. Кеткенің жөн ғой деген сөзді естіген жоқ. Осы жерде Ресейдің бір ай­­мағы мәртебесіне ие болғанмен, Татарстанның басқалардан орны бөлектеу. Мұнда үлкен дәстүрі бар татар дейтін халық қалып­тасқан, ұлт болып ұйысқан. Олар әлемнің талай жерінде ша­шырап өмір сүрсе де, ту тіккен атажұрты – осы жер. Тағдыр­дың талайы ғой, үлкен ма­ғы­надағы мемлекет­тігі мойындал­май, ол басқа алып мемлекеттің аумағына кіреді. Осындай жағ­дайда ұлттың мәрте­бесін сақтап қалу оңай емес. Аумақтық тұр­ғы­да басқаның қарауына кірген­мен, ұлттық, халықтық егемен­дік сақталуға тиіс. КСРО күй­реп, одақтас республикалар өз алдына тәуелсіз, егеменді мемле­кет­терге айналған­да, татар аға­йын­­дардың біреудің ортасында отырып, тәуелсіз мем­лекет туын көтеруге мүмкін­дігі болмаған. Бірақ татар халқының ұлттық егемендігі туралы сөзді, талап­тарын жұрт естіген. Мин­ти­мер Шаймиевтің аузымен естіген. Содан да татар халқы осынау азаматын айрықша құрмет тұтады, оған ұзақ жылдар сенім артып, өздерінің көшбасшысы санады. Бұл жайды Мәскеу де мықтап ескерген. “Ұзақ отыр­дың, ауыссаң қайтеді” деп емеурін танытса, партиялық әдеп мектебінен өт­кен Шаймиев оны бірден-ақ ұғар еді. Тіпті ондай емеу­рін­нің алдын алып, өткен жо­лы ке­зек­ті мер­зімді тауыс­қан­да, “ен­ді жа­р­ар, ке­тейін” дегені бар. Сол кездегі прези­дент В.Пу­тин де алды-ар­тын ой­лап, та­тар­­­лар­дың көңі­лінен шықты, тағы да бір мерзім жұмыс істеуді ұсын­­ды. Бұдан екі жақ та ұтты. Менің дегенім болады деп Мәс­кеу Шаймиевті ауыстыр­ғанда, бір халықтың наласына қалар еді. Шаймиевтің бұл жолғы ше­ші­мі әбден ойластырған шешім бол­ды. Отырудай отырды, алдын ал­ған жөн. Өткен жылдың аяғын­да, дәл Шаймиевтің атын атама­ғанмен, президент Мед­ведевтің ақсақалдардың жастарға орын бергені жөн болар дегені бар. Атын ататпай, абыроймен кеткен абзал. Сол қадамды Мин­­ти­мер Шә­ріп­ұлы дәл уақытында жасады. Оның үстіне өзі ойлаған ада­мын да өткізді. Бұл да абырой. Республика үкіметінің басшысы Рустам Минниханов – өз ада­мы. Ер­тең өзі бастаған істі жатыр­қамай жалғастырары анық. Үлкен билік­тен айырыл­дың деп әлде­біреу­лердің таба­лауына да енді жол жоқ. Әрине, Шаймиев үшін отба­сын асырау проблемасы тумай­ды. Бәрі бір қарап отыра алмай­мын, рес­пуб­­лика аумағында тари­хи ескерт­кіштерге иелік жасаймын дегенде де күнкөріс жағдайын ойламағаны анық. Бұл оның рухани қажеттігін өтеуінің бір жолы ғана. Көп жағдайда бір қайрат­кердің биліктен кетуі түрлі-түрлі жағдай­лар тудырып жатады. Би­ліктен айы­рылған соң, кейбіреу­лерінің қуда­ланатыны да бар. Тіпті біреу­лері басқа елді паналайды. Құ­дыққа түс­кен құланның құлағында құрбақа ойнайтыны да кездеседі. Ал абы­рой­мен кеткенге не жетсін! Бұл ретте Минтимер Шаймиевке көп адам қызыға қарайтыны да анық. ЧИЛИЛІКТЕР КОНСЕРВАТОР ҚАЙРАТКЕРДІ ҚАЛАДЫ Жақында Чилиде президент сайлауы өтті. Күні кеше генерал Пиночет диктатурасының қасіретін бастан кешкен халықтың консерватор Себастьян Пиньераға сенім артқанына көп саясатшы таңданыс білдірді. Солшыл центристер жеңілді, оңшылдар жеңді. Әрине, бұл консер­ва­тор­лар­дың барлы­ғы дик­та­ту­раны қолдай­ды деген сөз емес. Рес­ми түр­­де сайлау нау­­­қаны ке­зін­де Пинье­ра­ның өзі де сол әске­ри дикта­тура­ны, генерал Пиночеттің қанды мұрасын қолдаймын деген жоқ. Тіпті 1988 жылы Пиночеттің президенттік мерзімін ұзарту жөніндегі референдумда оған қарсы дауыс бергенін де мәлім­деді. Сөйтсе де, әсіресе, эконо­микадағы нарықтық қарым-қатынас олардың басын бірік­тіретіні даусыз. Себастьян Пиньера – ірі капиталист, миллиардер, өзінің экономистік білімін іс жүзінде жүзеге асырып, қыруар қаржы жинақтаған белсенді кәсіпкер. Сол капиталын Пиночеттің заманында бастаған. Тіпті оның туыстары диктатор генералдың үкіметіне де кіріп, оның “пайдасын” да көрген. Атап айтатын бір жәйт – үлкен капиталист, айтулы кон­серватор Себастьян Пиньера президент болып демократиялық жолмен сайланды. Соңғы жарты ғасырдай уақытта алғаш рет консерватор билікке демо­кра­тиялық жолмен келді. Ешкімді сатып алған жоқ. Пиночеттей қару қолданған жоқ, оған көпшілік халық дауыс берді. Қашан да солшылдардың, социалистердің ұрандары қалың бұқараға, көпшілік қауымға жақын. Сөйтсе де сол халық со­циа­­­листерден гөрі капита­лизмнің нағыз төлінің сөзіне құлақ асты. Неге дейді жұрт. Кон­серватор халыққа несімен жақын? Кешегі генерал Пино­четтен көрген зұлымдықты ха­лық тез ұмыта қойғаны ма? Демократия құн­дылықтарын аяқасты еткен жүйенің өкіліне неге іш тартты? Сарапшылар оған әртүрлі жауап береді. Ең алдымен бұл жерде саяси партиялар бағдар­ламасы емес, жеке тұлғалар алға шыққанға ұқсайды. Консерватор Пиньера мен бір кезде прези­дент болған Эдуардо Фрейдің біреуін таңдауға тура келгенде, сайлау­шылар жаңа адамға тоқта­ды. Өйткені, олар Фрейдің көп нәрсе тындыра қой­ма­ғанын өз көздері­мен көр­ген. Егер Пи­нье­­ра мен соң­ғы президент со­­циа­лист Ми­шел Ба­че­леттің бірін таңдауға тура келгенде, бәлкім чилиліктер Пи­но­четтің қолынан қаза тапқан генерал Бачалеттің қызын құп көруі әбден мүмкін еді. Бірақ Чилидің заңы бойынша ешкім де қатарынан екі рет прези­денттікке сайланбайды. Сонан соң, чилиліктер саяси жүйеге өздерінше қарайды. Пино­чет – қанқұйлы диктатор. Оны барынша айыптаған жөн. Бірақ оның тұсында елдің экономикасы қарыштап өсті емес пе? “Чили кереметін” ұмы­туға бола ма? Дик­татура атымен құрысын-ау, ал сол үшін тиім­ділігі дәлелдеген эконо­ми­калық жүйеден бас тарту қажет пе? Осындай сауалға жауап іздеген жұрт Пиньераға дауыс берді. Істің көзін тауып, табысқа жету­ді біледі. Сол қабілетін мем­ле­­кет­тік істе пайдаланса, жаман болмас. Тағы бір жәйт сайлаушылар­ға ой салғандай. Соңғы біраз жылда социалистік идеяның Латын Америкасын айтарлықтай шарлағаны бар. Кезінде ол осы Чилиде басталған. Президент Альенде еш нәрсе тындыра ал­май кетті. Кейін оның ізбасар­лары билікке келгенде де тын­дырғ­андары шамалы. Сонан соң Венесуэлада Уго Чавес, Боли­вия­да Эво Моралестің басшылы­ғымен тындырылып жатқан істің нәтижесінен гөрі айқайы көптеу. Айқай болғанда, кейде оны ақылға сыйдыру қиын. Ал оның аяғы қайда алып баратыны күмәнді. Чилиліктер күмәнді істі қолдай қоймайды. Билікке оңшыл центрист қайраткердің келуі ел тыныш­тығына жеткізуі мүмкін дейді сарапшылар. Бұрынғы прези­дент­тер көбіне өз қызметін Пино­четтің қылмыстарын әш­ке­релеуден бастап, оның жақтас­тарын қудалаумен айналысар еді. Бұл ел ішінде айтарлықтай жүй­ке тоздырғандай жағдай қалып­тастыратын. Ал консерватор президент ел ішінен жау іздей қоймас та, жұрт тыншыр. Мамадияр ЖАҚЫР.