Әлмисақтан жеткен аңыз-әпсаналарға сенсек, бүгінгі түркі тектес халықтар Көкбөріден тараған.
Жаугершілік замандарда көне түркілерді түп-тұқиянымен жоғалудан қасқырдың көкшұланы аман алып қалған деседі. Тарихта адам баласын арланның құртқасы емізіп тұрған суреттер де бар. Ол неден қалған? Ақиқатында «Көкбөрінің ұрпағымыз» деген сөздің төркіні қайда?
Жұма күні Алматыдағы «Цезарь» кинотеатрында режиссер Еркін Рақышевтың кезекті картинасы – «Көкжалдар» фильмінің жабық көрсетілімі болып өтті. Фильм көкжалдың да иесі мен киесі бар екенін ұмытқан бір аңшының құртқасымен бірге ұйығып, алаңсыз жүрген арланды атып алуынан басталады. Тірі қалған көкшұлан ұли-ұли адамзаттың баласына қарғыс айтып тауға қарай безеді. Сертіне берік қасқырдың қаншығы себепсіз сыңарынан айырылғанда сөзсіз кек алуды ойлайды. Киноның шым-шытырық оқиғалары да осы сәттен басталмақ.
Көп ұзамай-ақ аңшының үйінде ат ұстар ұл бала дүниеге келеді. Тірі қалған көкжалдың ұрғашысы аңдып жүріп, үш айлық баланы әке-шешесі көзін ала бере, ала қашады.
Айтқандай, ешқандай «дрессировкаға» көнбейтін, циркте қолбала болып көрмеген көкжалдардан актер шығаруға бола ма деген сұрақ туса, режиссер бұл мәселені де шешкен. Кинодағы «қасқырлар» сөзсіз жақсы ойнады. Оқиғаны өз тараптарынан соңына дейін алып шықты. Әдетте, режиссер кинематографияда қандай дилетант болса, оның дарындары да кинода экранға кездейсоқ жолдама алады. Үш жасында көкжалдың емшегін еміп, бауырына түскен нәресте Мұратжан шуылдаған бөлтіріктерімен бірге құртқаны таласа еміп жатқаны да тамаша сюжет екенін сөзсіз мойындау керек.
Жаңа кино туралы пікір айтуға құқығы бар кәсіпқой көрерменнің бәрі бір ауыздан Түлкібастан шыққан Мауглиді ойнаған спортшы Жандос Исаевтың актерлік талантын мойындады. Төбеден аңдыған тікұшақ, жерден қуған джип, атпен артынан қалмаған адамға күн демей, түн демей алдырмай, көкжолдармен қоса желдей жүйткіген көкжал-адам болу үшін актерға ерекше дайындық, үлкен күш-қуат керек. Көздері жабайы мысықтың көзіндей от шашып, қасқыр да болып ұлыған, адам да болып қасірет шеккен Жандос Исаев жұлдызды рөлін тауыпты.
Осы арада көркем фильмнің идеялық авторы танымал ел ағасы, саяси қайраткер Амалбек Тшанов екендігін айту керек. Сценарийін режиссермен бірге Рамазан Құрманбаев жазған.
Сонымен, жылдар өтіп, әке алған аңның қарғысымен арландардың арасында жігіт өлмей ер жеткенде, маңайдағы ауылдардан қорықта қасқырлармен бірге адам жүр екен деген сыбыс шығады. Сыбыстың арты шынға айналып, ғалымдар шақырылып, адамдардан жасақ құрылып, көкжал-адамды қолға түсірмек болады. Картинада қапыда із-түссіз жоғалған ұлдың әке-шешесінің де қасіреті бар.
Дегенмен, далада өскен, аңшылық құрып көрген, өлігін де көрсетпес көкжалдардың қасиетін білетін, ауылдың тіршілігіне етене таныс көрерменнің әттең-ай, десіп отырған сәттері де болды. Бір қайнауы ішіндегі кемшілікті режиссердің әлі де толықтыруға мүмкіндігі бар. Жабық көрсетілім, оңаша талқылаудың да пайдасы осы болмақ.
Елжандылық тұрғысынан алғанда, жаңа фильмнің ұтар тағы бір тұсы – Оңтүстік Қазақстандағы Түлкібас ауданының ең көрікті жері Ақсу-Жабағылы қорығында түсірілген картинадан ғажайып шатқалдарды, аспанмен таласқан тауларды, көз талатын терең шатқалдарды, ертегідей сұлу ормандарды табасыз. Апырым-ай, дәл іргемізде осындай сұлу мекен бар екен-ау деп тамсанып, таңдай қағарсыз, көрермен.
Ой кештірген көркем фильм соңына жеткенде сахнаға түсіру тобы көтерілді. Аз болса да саз көрермен сөз алды. Серікболсын Әбділдин, Амалбек Тшанов, Оразалы сынды аузының дуасы ел ағалары бүкпесіз, шынайы пікірлерін білдірді. Ұлттық рух, рухани жаңғырудың нышандары ұшқындаған жаңа туындының түсірілуі ауыр болса да көрермені жеңіл болсын деп тіледі.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретте: «Көкжалдар» фильмінен көрініс