• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Қазан, 2017

Астанада «Astana Media Week» апталығы өтті

353 рет
көрсетілді

Астанада бұқаралық ақпарат құралдарына арналған «Astana Media Week» апталығы өтті. 

 

Іргелі жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен ақпарат майданының майталмандары мен танымал тұлғалар қатысты. Апталық барысында медиа саласындағы маңызды мәселелер талқыланып, түрлі ұсыныстар жасалды. 

Апталық аясында ұйымдас­тырылған «Контент-Маркет» деп аталатын арнайы сессия кезінде 15 қазақстандық, 7 шетелдік телеарна мен 90 про­дакшн-компанияның өнімдері таныстырылды. Бұдан бөлек, апталықтың алғашқы күні «Астана PR күні» атты конферен­ция өтті. Жиын барысында PR трендтер және коммуникация векторының өзгеруі сөз болды. PG Communications компаниясының бас директоры және Қоғаммен байл­аныс жөніндегі ұлттық ассо­циа­ция кеңесінің төрайымы Әсел Қарауылова коммуникацияны дамытуды жүйеге түсіру керек еке­нін тілге тиек етті. Оның айтуынша, мұндай жиындар PR мамандар мен баспасөз хатшыларының кәсіби деңгейін көтереді. Конференцияда тайм-менеджмент, эмоциялық күйіну және KPI көрсеткішін көте­ру секілді коммуникация сала­сы­ның маңызды тақырыптары төңі­регінде ауқымды пікірталас өтті. 

Жиынның екінші күнінде де бірқатар маңызды басқосулар өтті. Astana Digital Forum деп ата­ла­тын шарадан басталған күн бұ­қа­ралық ақпарат құралдары жур­налистерінің біліктілігін артты­ру­ға арналған семинарлармен жалғасты. 

Форумда цифрлы технология­ларға қатысты күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселелер сөз бол­ды. Қазіргі таңда цифрлы техно­лог­ияның жағдайын бағам­дау өте қиын. Қазақстан тара­пының осы жаһандық үдеріске ілесуі және ондағы келелі мәсе­ле­лерді тал­қы­лауы еліміздің бағыты дұ­рыс екенін көрсетеді. Шалғай ауыл тұрғындары­ның цифрлы техно­логияға еркін қол жеткізуі бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Жиын барысында 2021 жылға қарай тағы екі миллион тұрғын интернетке қосылатыны айтылды. 

Іс-шарада мемлекеттік тілге қатысты мәселелер де сөз болды. Қазақша Уикипедияның негізін салушы Нұртай Әшімнің сөзіне сүйенсек, биыл ана тіліміздегі кон­тентке сұраныс көбейген. Сондықтан ғаламтордағы қазақ­ша ма­териалдарды көбейту уақыт күт­тір­мейді. Н.Әшімнің айтуынша, кейінгі уақытта ана тіліміздегі Уикипедияны оқитындар саны 35 пайызға көбейген. 

Қазақ тіліндегі контентті көбей­ту мәселесі апталықтың алғаш­қы күні де сөз болды. «Астана» арнасының бас дирек­торы Ләззат Танысбай әріп­тестерін ана тіліміздегі өнім­дер­ді көбейтуге шақырды. Оның пікірінше, қазіргі таңда қазақ­ша өнімге сұраныс жоғары. «Болашақ» корпоративті қоры­ның директоры Динара Шәй­жүнісова да Шоқан мен Абайдың тіліндегі материалдарды көбейту керек деп есептейді. Оның сөзіне сай, Disney секілді алпауыт ком­па­­ниялардың өнімдерін қазақ тіліне аударып, отандық телеар­налардан көптеп көрсету керек. 

Медиаапталық аясында қазақ тілді бұқаралық ақпарат құра­л­­­да­ры­на арналған біліктілік семи­нар­­­лары өтті. Екі бөліктен құрал­ған шарада ақпарат тек­серу, жа­ңа ме­дианың тиімді құрал­­дары жә­не конвергенттік жур­­налистика се­кіл­­ді мәселелер төңі­регінде сөз болды. 

Біліктілікті арттыруға ар­налған семинарда журналис­терге керекті бірқатар көмекші құрал­дар таныстырылды. Медиа тре­не­р­лердің сөзіне сүйенсек, Google компаниясының өнімдері медиа саласының мамандарына өте қажет. Сондай-ақ іс-шара бары­сында журналистер­дің жалған ақпа­ратқа қарсы қалай күресуі керек екені де айтылды. Youtube, Google секіл­ді сайттарды пайдаланып, фейк жаңалықпен күресудің жол­дары таныстырылды.

Апталықтың соңғы күні өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының форумы өтті. Жиынға Ақпарат және ком­муникациялар министрі Дәурен Абаев пен Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов қатыс­ты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген журналистердің жиынын­да министр «Astana Media Week» секілді көлемді шараның еліміз­дегі медиа саласын дамыта­ты­нын атап өтті. Сонымен қатар ведомство басшысы БАҚ сала­сында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда респуб­ликалық және өңірлік бұқара­лық ақпарат құралдарының өзара әріптестік орнатуы жаңартылмақ. Соған сәйкес аймақтағы медиа құрал­дары республикалық әріптес­терінен емін-еркін материал алмаса алады. 

Форум барысында аймақ­тық БАҚ-тарға және журналис­тика саласының күн тәртібіндегі мәселелері айтылды. «Qazaqstan» телеарнасының басшысы Ерлан Қарин телеарналар мен интернет құралдары арасында аудитория­ға тартыс жүріп жатқанын сөз етті. «Болашақ жастар» газеті­нің редакторы Дәурен Бабамұратов интернет сайттары рейтинг пен сенсация қуалап, ақпараттың негіз­гі бөлігі назардан тыс қалға­нына тоқталды. Ол аталған сайт­тардың басшылығын осы мәсе­леге назар аударуға шақырды.

Апталықтың қорытындысы ретінде елдегі бірқатар баспасөз қыз­меті марапатталды. Осы­ған сай «Ең үздік баспасөз қыз­меті» аталымы бойынша Инвес­ти­циялар және даму министрлігі топ жарды. Ал жергілікті ат­қару­шы органдар арасынан Батыс Қазақстан облы­сының бас­пасөз қызметі ең үз­дік деп таныл­са, компаниялар ара­сында «Қазақ­стан темір жолы» ак­ционерлік қоғамының асығы алшысынан түсті. Корпоративтік сайттар арасында Астана қаласы әкімінің баспасөз қыз­меті озық шықты. «Кәсіби мойын­далу» аталымында Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне тең келер ешкім бол­ған жоқ. Сыртқы істер министр­лігінің баспасөз хат­шысы Әнуар Жайнақов жыл­дың ең үздік баспасөз хатшысы деп танылды. 

Апталыққа қатысқан маман­дар мұндай іс-шараның қатысу­шыларға озық тәжірибе­лермен танысып, шеберлік шыңдауға және жаңа технологияларды ел игілігіне пайдалануға берілген үлкен мүмкіндік екенін сөз етті. Сонымен қатар жиынның медиа саласындағы серіктес­тік қатынастар мен халықара­лық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан»