Ақордада мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру аясындағы маңызды мәселелердің бірі екенін атап өткені белгілі. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты еліміздің көрнекті тұлғалары, ғылыми орта мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері өздерінің өзекжарды пікірлерін білдіруде. Олардың Президент бастамасына қызу қолдау жасап жатқанын жақсылық жоралғысына балағанымыз жөн. Біз бүгін газетімізде сондай соқталы ойлардың бір парасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Өз басым алғаш рет дәл осы латын әрпімен хат таныған адаммын. Тіпті екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майданға аттанған азаматтар үйлеріне хатты латын әрпімен жазатын. Сол хаттарды иелеріне біз оқып беруші едік. Өйткені 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.
Демек біз бұрын болған, кезінде халқымыз қолданған әріпке қайта оралып отырмыз. Өйткені қазіргі заман қазақ қоғамынан осыны талап етіп отыр. Оймызды әлі де тарқатып айтар болсақ, біріншіден, латын әліпбиінің 2500 жылдық тарихы бар. Яғни, осынша уақыт ұзақ сүзгіден өтіп, пісіп-жетіліп, сұрыпталған таңба бұл. Латын әліпбиіне көшу, ұлттық әліпбиге латын графикасын қолдану әлемдік үрдіске айналды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің басым көпшілігі латын әліпбиін пайдаланады. Бұл үрдістен бізге қалай да тыс қалуға болмайды.
Екіншіден, Бүкіләлемдік банктің дерегі бойынша дүние жүзіндегі ең ірі 30 экономиканың ішінде 22 елде, ал 10 жетекші экономиканың 7-уінде латын әліпбиі қолданылады екен. Сол сияқты, жан басына шаққанда ІЖӨ ең жоғарғы деңгейдегі 20 аса қуатты елдердің 18-і латынша әліпбиді пайдаланады екен. Осыған қарағанда латын әлемі Қазақстанға инвестициялар мен технологияларды трансферттеу үшін аса қажет. Үшіншіден, кез келген ақпаратты латындандыру – бүгінде объективті әлемдік тренд.
Бұл мәселені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ертеден айтып жүрді. Енді міне, ойға алған іргелі іс оңға басқандай. Осындай күрделі кезеңде әсіре асығыстыққа немесе науқаншылдыққа бой алдыруға болмайды. Бізге дейін осы жолдан өткен түркі тілдес республикалар Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстанның оң тәжірибелеріне назар аударған абзал.
Оразақ СМАҒҰЛОВ, ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы