• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
11 Қазан, 2017

Жауапсыз сөз достыққа сына қаға алмайды

376 рет
көрсетілді

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың елдегі прези­денттік сайлауда өз кандидатын өткізу мақсатымен жауапсыз мәлім­демелер жасауы, соның ішінде басты қарсыласты қырғыз сайлау­шыларына жағымсыз етіп көрсе­туді көздеп, оны Қазақстанмен байла­ныстыруы – «сасқан үйректің арты­мен сүңгігені» секілді әсер қалдырып отыр. 

Мұндайды сарапшылар «саяси жанталас» деп қабылдауда. Өзінің адамы өтпей, басқа үміткер президент болса, А.Атамбаевтың билік басын­да болған­дағы кейбір келеңсіз әрекет­тері жария болып қалуы мүмкін. Сондық­тан ол өз адамын өткізу үшін барлық қи­тұрқы әдіс-тәсілдерге жүгініп, ақы­ры қырғыз еліне ең жақын, ең жана­шыр мем­лекетті де айыптауға дейін барды. 

Басқасын айтпағанда, Қырғыз­станда 2010 жылғы болған дағдарыс сол кезде ЕҚЫҰ төрағалығын атқару­шы елдің басшысы ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей белсенді түрде араласуының арқасында ғана азаматтық соғысқа ұласып кетпегенін ол ұмытса да туысқан қырғыз халқы қаперінен шығарған жоқ. Сол кезде АҚШ-та іссапарда болған Н.Назарбаев күн ұзақ қауырт жұмыс істесе де уақыт айырмашылығына да қара­май, түні бойы Қырғызстанның басшы­л­ары­мен келіссөздер жүргізіп, ақыры оңтүстіктегі жерлестері мен ағайын­дарының ортасына барып, бекініп алған Құрманбек Бакиевті лауазы­мынан өз еркімен бас тартуға көндіріп, қазақстандық тікұшақпен алып кет­пеген­де, оқиғаның қаншалықты шие­ленісе­тінін болжау қиын еді. Тек осы ісі үшін ғана әлемнің озық ойлы адам­дары­мен бірге қыр­ғыз бауыр­лар­дың көзі ашық, көңілі ояу азамат­тары Қазақстан басшы­сына үлкен алғыстар айтқан. Сол оқиғалар­дан кейін Қырғызстан экономи­касы­ның тұрақ­тануына Қазақстаннан артық еңбек сіңірген ел жоқ. Халыққа жасаған қайы­рымдылық көмек, азық-түлік пен әлеуметтік маңызы зор тауар­лар, жанар-жағар­май және т.б. құны мил­­лион­даған долларды құраған болатын. 

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың бұрнағы күнгі мәлім­демесінде айтылғандай, Қырғызстан­ның ЕАЭО-ға өтіп, экономикасын ұйым талабына сәйкес сатыларға көтеруі үшін 100 млн АҚШ доллары көле­мінде техникалық көмек берілген. Бұл Қырғызстанның экономикалық заңнамаларын, нормативтері мен тәртіптерін, фито-санитарлық және т.б. бекеттерін ЕАЭО талабына сай қылуға және басқа да кезек күттірмейтін істер­ге жұмсалатын өте қомақты қара­жат. Ал қайырымдылық көмек ретін­де Қазақстан Бішкек пен Ош қала­ларына 20 млн АҚШ долларына екі мектеп салып берген. Сонымен бірге Қазақстан қырғыз экономикасына 820 млн доллар инвестиция құйған. Соның арқасында мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, Қырғыз­станда соңғы жылдары біршама әлеу­меттік-экономикалық тұрақтылық орна­ды. Б.Сағынтаевтың айтуына қара­ған­да, инвестиция көлемі бұдан да жоғары болмақ екен, алайда Қыр­ғызстан басшылығының қолайлы ин­вес­тициялық ахуал тудыра алмаған­дығының кесірінен қазақстандық кәсіпкерлердің біршамасы өз капитал­дарын құюдан бас тартқан.

Қазақстанның достыққа негізделген татукөршілік пен бейбітшіл саяса­тының арқасында мыңдаған қырғыздар Қазақстан жеріне емін-еркін еніп, нәпа­қасын айырып жүр. Мұнда олардың еңбек ету, жүріп-тұру, өмір сүру құқық­тары ешқандай шектелмей, салық жүйесі де ыңғайлы болып тұр. Премьер-Министрдің айтуына қарағанда, қазір олардың саны 125 мың адамға жет­кен. Осынша еңбек мигрантының әр­қайсының асырауында кем дегенде үш адамнан барын ескерсек, бұл бір миллионға жуық қырғыз бауырлардың Қазақстанның есебінен күн көріп отырғанын аңғарамыз. Түсінген адамға осының бәрі аз жақсылық емес қой. 

А.Атамбаевтың Қазақстанның зей­нетақысы ІЖӨ-ге сай Қырғыз­станнан неге 20 есе артық емес дегені Мемлекет басшысының аузынан шығатын сөз емес. Зейнетақы көлемін анықтау әрбір мемлекеттің өзінің ішкі жұмысы. Ешбір қазақ біздің зейнетақымыз неге төмен деп Қырғызстан президентіне арыз-шағым жасап отырған жоқ қой. Сондықтан мұндай мәлімдеме өзге елдің ішкі ісіне араласу деп бағала­натыны сөзсіз. 

Әрине А.Атамбаев сияқты алысты болжай алмайтын, кететін болған соң есікті қатты серпіп тұрған саясаткердің сөздері ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ пен қырғыз арасындағы туыстық пен достыққа сына қаға алмайды.