ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесінде бірқатар маңызды шешімдер қабылданды
Қара теңіздің жағасындағы басқосуға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиев, Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Сапар Исақов, сондай-ақ ТМД Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев келді. Молдова мен Өзбекстан елдерінің президенттері ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне алғаш рет қатысқанын айта кетейік. Мемлекеттер лидерлерін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қарсы алды.
Сәлемдесу және жалпы суретке түсу рәсімінен кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шағын құрамда өткен отырыста:
– Құрметті әріптестер! Өткен жылы біз сіздермен бірге Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 25 жылдығын атап өттік. Бұл бізге Достастықтың атқарған жұмыстарының қорытындысын саралауға мүмкіндік берді. ТМД-ның арқасында біздің сауда-экономикалық қатынастарымыз ілгерілеп келеді, соның ішінде еркін сауда аймағын құру туралы келісім басты алғышарт болғанымен келісемін. Осы уақыт аралығында біздің қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Алдағы уақытта осымен шектеліп қалмауымыз керек деп санаймын. Ұйымның қызметін жетілдіріп, бүгінгі күн талаптарына бейімдеуді одан әрі жалғастыруымыз қажет. Осыған байланысты, келесі мәселелерге назар аударғым келеді. Біріншіден, бүгінгі таңда Достастықты дамытудағы басты стратегиялық құжат 2007 жылы қабылданған ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасы мен оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары болып табылады. Аталған құжат ТМД қызметінің саяси, экономикалық, гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылы мен мәселелердің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық секілді кең ауқымын қамтиды. Ал осы салаларда нақты жұмыстар атқарылуға тиіс. Сол себепті қазіргі тұжырымдаманың ережелерін бүгінгі күн талаптарына бейімдеуіміз керек, сонымен қатар атқарылатын жұмыстардың жоспарын әзірлеуіміз керек деп санаймын, – деді.
Елбасы, сондай-ақ әлемдік экономикадағы құбылмалықтың әлі де сақталып отырғанын айта келіп, ТМД мемлекеттері өзара сауда-экономикалық қатынастарын тереңдете түсуі қажеттігін, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін жаңа ресурстарды іздестіру керектігін жеткізді.
– ТМД аумағында қызмет көрсетудің еркін саудасы бизнесмендеріміз үшін зор мүмкіндіктер туғызып, елдеріміздің сауда-экономикалық кооперациясын жаңа деңгейге шығарады. Үкіметтер басшыларының кеңесі мен Атқару комитетіне Қызмет көрсетудің еркін саудасы туралы келісім жобасы бойынша жұмысты жандандырып, оны жуық арада қабылдауды тапсыруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының осы ұйымға төрағалығының нәтижелі болғанын айтып, келесі жылы ТМД-ға төрағалық ететін Тәжікстан Республикасына табыс тіледі.
Осыдан кейін ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен отырысына кезек келді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген отырыс барысында ТМД аясында өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жолдары талқыланды. Достастық жұмысының тиімділігін арттыру, мүше мемлекеттер арасында сауда және инвестициялық байланыстарды тереңдету мәселелері бойынша өзара пікір алмасылды.
Сонымен қатар, Тәжікстан Республикасының 2018 жылы ТМД-ға төрағалық ету кезеңінде атқаратын жұмыс жоспары, Түрікменстан тарапының Достастықты одан әрі дамытуға қатысты ұстанымы және ТМД-ның Парламентаралық Ассамблеясы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы ортаға салынды. Қауіпсіздік, қорғаныс, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен іс-қимыл, ғарышты бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне жан-жақты көңіл бөлінді. Мемлекеттер басшылары Отбасы институтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қолдау туралы мәлімдеме қабылдады.
Мемлекет басшыларының кеңесі тиісті өкілеттіктерді үкімет басшыларының, сыртқы істер министрлерінің, қорғаныс министрлерінің, шекара әскерлері қолбасшыларының кеңестеріне, сонымен қатар Экономикалық кеңеске беру арқылы Достастықты дамытудың негізгі стратегияларына баса назар аударылды.
Кеңейтілген отырыс нәтижесінде мемлекеттер басшылары бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойды. Олардың арасында Қылмыстық істер бойынша заттай айғақ болып табылатын есірткі заттарын, психотропты заттар мен оларды жасайтын заттарды, отты қару, оның негізгі бөлшектерін, оқ-дәрі, жарылғыш заттар және жарылғыш құрылғыларды беру тәртібі туралы хаттама бар.
Сонымен қатар ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі:
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық жасау туралы; - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының қызметін жетілдіру және оны бүгінгі күнге бейімдеу туралы; - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында 2019 жылды – Кітап жылы, 2020 жылды – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы жылы деп жариялау туралы; - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшыларының Отбасы институтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қолдауы жөніндегі мәлімдемесі туралы; - «Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасын 2018 жылы – Армения Республикасында, 2019 жылы – Беларусь Республикасында, 2020 жылы – Қазақстан Республикасында іске асыру туралы; - Мемлекеттер басшылары кеңесінің, Үкімет басшылары кеңесінің, Сыртқы істер министрлері кеңесінің және ТМД Экономикалық кеңесінің арасындағы өкілеттіктерді ажырату туралы; - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Ішкі істер министрлерінің кеңесі туралы ережеге өзгеріс енгізу туралы; - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық жолмен тапқан табыстарды заңдастыруға, терроризмді қаржыландыру мен жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастығы тұжырымдамасы туралы; - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ынтымақтастығының тұжырымдамасы туралы шешімдер шығарды.
Осыдан екі жыл бұрын Бурабайда ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі өткені мәлім. Аталған саммитте Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ТМД-ны трансформациялауға бағытталған бірқатар бастама көтерген болатын. Араға бір жыл салып қыркүйек айында Бішкек қаласында өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесінде Н.Назарбаев ұсынған бастамалардың негізінде Достастықты бүгінгі шындықтарға бейімдеу туралы шешім қабылданған-ды. Ал Сочидегі саммит барысында да Қазақстан Президенті көтерген мәселелер толықтай қолдау тапты деуіміз керек.
ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне арқау болған ұйым туралы аз-кем мәлімет келтіре кетейік. Ең алғаш 1991 жылы Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы және Украина елдерінің басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісім жасасқан-ды. Сол жылдың желтоқсан айында Алматыда 11 егемен ел тиісті Хаттамаға қол қойып, барлық республикалар тең құқықты негізде ТМД-ны құру туралы шешім қабылдады.
Қазақстан тарапы ТМД-ға 2015 жылы төрағалық етті. Төрағалық тұсында, яғни сол жылдың 29 мамырында Бурабайда мүше елдер үкіметтер басшыларының отырысы, 15 қазанда елордада Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, 16 қазан күні ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі өтті.
Былтыр ТМД-ның құрылғанына 25 жыл толуына орай, Қырғызстан тарапының төрағалық жасауымен Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Бішкек қаласында қатысушы мемлекеттер басшыларының саммиті өтіп, 25 жыл ішінде атқарылған жұмыстар қорытындыланды, президенттер осы пішімде одан әрі жұмысты жалғастыруға, өзара түсіністік пен бірлескен іс-қимылды нығайта түсуге, халықтың тұрмысын жақсартуға және игіліктерін арттыруға, өзара қарым-қатынасты одан әрі дамытуға әзір екендіктерін жеткізген. 2017 жылы төрағалық мәртебе Қырғызстаннан Ресей Федерациясына өтті. Ресейдің төрағалық тұжырымына сәйкес, бүгінгі таңда халықаралық ұйым тарапынан негізгі күш-жігер мына мақсаттарға бағытталуда:
- Аймақтық мемлекетаралық ұйым ретінде ТМД-ны одан әрі нығайту және дамыту, оның әлемдік аренадағы абыройы мен ықпалын күшейту; -ТМД қызметінің тиімділігін арттыру бойынша келісілген шараларды іске асыру, жұмысты бүгінгі ықпалдастық негізіндегі даму талаптарына бейімдеу; - ТМД кеңістігінде ықпылдастық үдерістерін және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға саяси қолдау көрсету; - Терроризмге, экстремизмге, есірткі заттары мен психотропты заттардың заңсыз айналымына, адам саудасына және заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты дамыту.
Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» – Сочиден (Ресей)