• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Қазан, 2017

Әкімдердің жұмысы инвестиция тартуымен бағаланады

469 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аудан, қала әкімдерінің жұмысы инвестиция тартумен, елді жұмыс орнымен қамтумен бағаланатындығын айтқан, айтып та келеді. Оның үстіне облыс сексен пайызға дейін дотацияда отырғанын Елбасы өңірге келгенінде қадап айтып, облыстың экономикалық әлеуетін көтеруді ескерткен еді. 

Жансейіт Қансейітұлы осы тығырық­тан шығу үшін аудан, қала әкімдеріне әлеуметтік-эконо­микалық даму тұжырым­дамасын жасауды тапсырған болатын.

Алғашқы болып ел алдында концепция­сын қорғаған Төле би ауданының әкімі Бұхар­бай Парманов көп ұзамай жақсы нәти­желерге жете бастады. Б.Парманов оңтүс­тік­­тегі белгілі кәсіпкерлердің бірі, облыс­тық мәс­лихаттың депутаты, «Құс батареясы» серік­тестігінің директоры Әбілқасым Дос­болов­пен бірігіп «Леңгір құс» өңдірістік коопе­ративін құруды қолға алған болатын. Жақында осы кооперативтің тасы өрге домалай бастағанының куәсі болдық.

Төле би ауданындағы «Киелі тас» ауылы­­нан бөлінген екі жарым гектар жерге 20 кәсіп­кер бірігіп құс фабрикасын құруды қол­ға алғалы біраз уақыт өткен. Жақында іске қосы­латын фабриканың кооператив мүшелері конкурс арқылы іріктелген. 

«Леңгір құс» өндірістік кооперативі­нің төрайымы Дина Сүттібаева «жалғыз жү­ріп жол тапқаннан гөрі көппен бірге адас» деген нақыл­ды еске салды. Анығында, жеке кәсіпкер бол­ғанымен басына тартса аяғына жетпейтін қаржы қиындығы іскер келіншекті біраз титықтатқанға ұқсай­ды. Сондықтан да ол «жеке бизнестен гөрі мұнда пайда көп» дейді. Мұндағы артық­шылық жем-шөпке Үкіметтен субсидия бөлінеді. Әр шаруашылық толық автомат­тандырылған.

Сүттібаеваның сөзін толықтырған Төле би ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев әр кешенге бес мың бес жүз тауық сиятындығын айтады. Инфра­құрылым тартуға төрт млн теңге жұмсалған. Мемлекет тарапынан 50 пайыз­дық жеңіл­діктер қарастырылған. Мәсе­лен, құрал-жаб­дық­тарға 7 млн теңге кетсе, соның 3,5 млн тең­ге­сін мемлекет субси­диялайды. Екіншіден, жем-шөптің әр тон­насына 20 мың теңгеден субсидия бөлінеді. 

Оңтүстік өңір орта есеппен алғанда өзін 70 пайыз құс еті, 75 пайыз жұмырт­қа­мен қам­тып отыр. Яғни, «Леңгір құс» коо­пера­тиві мүше­лері үшін нарықта жақсы орын бар.

Ауыл шаруашылығы мамандарымен өт­кізіл­ген семинарлардың бірінде облыс бас­шысы «ауылшаруашылық өнімдері өтпей қала­­ды деп мазасызданбаңыздар. Қытайдың шағын бір қаласының өзі Оңтүстіктің өндірген бар тауарларын толайыммен сатып алады» деген. Өңір басшысының осылайша жігер­лен­діруі ауыл шаруашылығына жаңа­ша көзқарас қалыптастырды. Қалада жұмыс таппа­ған­дардың алды ауылға қайтып, өзіне де, елге де пайдалы кәсіппен айналысып жатыр. Оларды жігерлендіретін жақсы мысалдар көп. Мәселен, Қазығұрттағы «Қайып ата» мал бордақылау серіктестігінен мал алуға Иран инвесторлары құлшынып отыр. Жері таулы, жайылымдық жері аз Иранға жылына 2 млн 400 тонна ет керек. Иран инвесторлары күніне үш мың бас қой, жүз бас ірі қара алмақ ниетте.

Елбасының Қазақстан халқына Жол­дауын­­дағы негізгі бағыттардың бірі инвес­тиция тарту болатын. Бұл бағытта облыста едәуір жұмыс атқарылып, өңірге тар­тылған ин­вес­­тиция көлемі күрт өсті. Нақты айт­­қанда, 2017 жылы об­лыс­қа 266 миллиард теңге ин­вестиция тар­тыл­ды. Бұл 2016 жылғы көр­сет­кішпен салыстырғанда 22 пайызға көп. Оң­түс­тік Қазақстан облысы инвестиция жұ­мыл­дыру бойынша республикамызда 1-орында келеді. Жыл басынан бері шетел ин­весторларымен 60-қа жуық іскер­лік кездесу ұйымдастырылды. Нәти­жесінде Біріккен Араб Әмірлігімен меди­циналық бұйымдар және дәрілік заттар шығаратын зауыт салу, Ресеймен Еуро-5 стандартына сай жанар-жағармай өнді­ретін мұнай өңдеу зауытының құры­лысы, Қытаймен биоэталон және фос­фор тыңайтқыш­тарын шығаратын зауыт­тардың, күн электр стансаларының құры­лы­сын жүргізу жөнінде келісімдер жасалды.

Шетелдік инвесторларды тарту, олар­ға об­лыстың инвестициялық әлеуеті мен мем­лекеттік қолдау шараларын таныс­тыру мақсатында 2017 жыл­дың ақпан айында облыста Қазақ-түрік инвес­тициялық форум өткізілді. Нәти­жесінде ынтымақтастық жөніндегі 5 меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар Венгрияның Сыртқы эконо­ми­калық байланыстар және сыртқы істер министр­лігінің мемлекеттік хатшысы М.Ишт­ван мен Венгрияның Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшісі А.Баранидың облыс­қа жасаған ресми сапары кезінде Шым­кент қаласында Венгрияның консулдығы ашылды. 

Оңтүстік өңірі кооперативтер құрудан да алда келеді. Облыста «Агроөнеркәсіп кеше­нін дамыту» бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін 158 кооператив құрылды. Бұл кооперативтерде 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 

2017-2018 жылдар аралығында облыс­тың барлық аудан, қала орталықтарында модульді мал сою бекеті мен модульді сүт қабылдау бекетін құру жоспарлануда. Бүгін­гі таңда 15 модульді сүт қабылдау бекеті кооперативтерге қосымша кепілсіз және алдын ала төлемсіз несиеге берілді. 

Жыл соңына дейін 20 модульді меди­ци­на­л­ық пункттер ел игіліне берілмек. Осындай бір пункттің құны жергілікті бюджет үшін құрылыс салуға қарағанда екі есе арзанға түседі. Мәселен, құрылыс жүргізуге 2 жылдай уақыт кететін болса, модульді медициналық бекеттерді екі ай ішінде құрастырып, тұрғызуға мүмкіндік бар. 2018 жылы облысымызда дәл осындай құрамалы медициналық пункттердің саны 67-ге жеткізілмек. 

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-пен бірлескен «Дайын бизнес» деген жаңа бағдарлама аясында жалпы аумағы 45 гектар болатын «Бадам» жылыжай өнеркәсіп кешені құрылып жатыр. Индустриялық аймақта орналасатын жылыжайдың 70 пайызы жергілікті тауар өндірушілердің тауарларымен жабдықталатын бола­ды. Сонымен қатар тәулігіне 1000 литр сүт өнімдерін өңдеуге және сатуға қауқарлы «Ауыл­дық сүт зауытын құру» қолға алын­бақ. Тәулігіне 1000 келі шұжық өнім­дерін өңдеуге және сатуға қауқарлы «Ауыл­дық шұжық цехын құру» жобасы бойынша да жұмыстар жүргізілуде. 

«Өрлеу» жобасы аясында облыста 18 277 отбасындағы 105 742 адамға 6 млрд теңге көлемінде әлеуметтік көмек көр­сетіл­ді. Нәтижесінде еңбекке жарамды 21 мың азамат жұмыспен қамту шараларына қатысып, 18 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 619 адам өз ісін ашты, шартты ақшалай көмек алушылардың табыстары 3,3 есеге артты. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 26 пайызға төмендеді. Осылайша облыс жобаның іске асырылуы бойынша рес­публика көлемінде ал­дыңғы орында келеді. Биыл жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 176 586-ға жетіп, өткен жылға қарағанда өсім 105 пайызды құра­ды. Бұл көрсеткіш бойынша өңіріміздің рес­пуб­ликадағы үлесі 15,2 пайызды құрап, ал­дыңғы орынды иеленіп отыр.

Жансейіт Қансейітұлы шетел және об­лыс­тың іскер кәсіпкерлерінің басын бір ар­наға қосып, жұмыс орындарын көптеп ашуға мүдделі. Облыс басшысының өнеркә­сіп пен ауыл шаруашылығына мол инвестиция салуға тырысуы алдағы күндерден үміт күттіреді. 

 

Қайрат Балабиев, облыстық мәслихаттың хатшысы

Оңтүстік Қазақстан облысы