Әдебиеттанушылар жырау мен жыршыны екі бөлек қарастырады. Бұл көп таралған қағида болғанымен, Рахманқұл Бердібай Орталық Азия елдерінде жыршыларды да жырау деп атай беретінін айтыпты.
Тарихта Бесқала атауымен белгілі Қарақалпақ өңірінде жыршыларды жырау деген. Бұл өңірде қазақтың төл өнері – жыршылық дәстүр ерекше сақталып, бүгінгі күнге дейін аман жеткен. Жақында «Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жырауларының мұрасы» деген атпен марқұм Қаржаубай Жұмажанов пен Тұрсынай Төрткүлбаеваның оқулық-хрестоматиясы «Дәстүр» баспасынан жарық көрді.
Қарақалпақстандағы қазақ бауырларымыздың әдеби мұрасы – бүтін қазақ әдебиетінің шалқар айдынына қосылар арналы өзен. Сонау алпысыншы жылдары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері Т.Бекхожина, Т.Қанағатов, Б.Ысқақов, Б.Байділдаев, Т.Сыдықов, музыка зерттеушісі А.Серікбаевалар арнайы сапармен барып, мол мұра жинаған.
Белгілі ғалым Алма Қыраубаева Қайролла жыраудың аузынан төрт дастан жазып алған екен. Тарихи себептермен Бесқала өңіріне біраз қазақ қоныс аударған. Ақын-жыраулары өзбек, қарақалпақ, түрікмен жүйріктерімен етене танысып, мақам түрлендіріп, сөз байытқан. Қазіргі уақытта шетелдегі қазақ әдеби мұралары ғана емес, ел ішіндегі кейбір байлықтарымызды толық игеріп кете алмай жатырмыз. «Бабалар сөзі» көптомдығына енбей қалған тағы жүз томдық мұраның барын ғалымдарымыз айтып жүр. Елбасының рухани жаңғыру туралы идеясының бір ұшы осы халық мұрасын, әсіресе шетелдегі қазақ әдебиетінің бұрынғы һәм бүгінгі байлығын жинап-теруде жатса керек. Өйткені Жер шарының қай бұрышында өмір сүрсе де, қазақ деген тұтас бір халық. Оның байлығы да, мұрасы да ортақ. Осы жағынан келген Бесқаланы мекен еткен Қосым жырау, Қазан жырау, Қарасай жырау, Өтім Балтуғанұлы, Таңжарбай Бәкірұлы, Жұмағали Сағынбаев, Дәриябай жырау, Ақпан жырау, Тұрман қожа сияқты көптеген ақын-жыраулардың еңбегі топтастырылған оқулық біз үшін бағалы болмақ.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»