• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Қазан, 2017

Қорға қаражат жинақтауды тоқтатпаған дұрыс

527 рет
көрсетілді

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу елімізде қарқынды жүргізіліп, биылғы шілде айынан бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер қорға қаржы құя бастаған еді. Алайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда қолға алынған бұл реформаның әлі жетілмеген тұсы бар екенін айтып, мәселені жан-жақты саралағаннан кейін ғана нақты шешім қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысының сөзінен кейін медициналық сақтандырудың жайы не болып жатыр? Осы жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жоспарлау және медициналық қызметтерді сатып алу жөніндегі басқарушы директоры Ерік БАЙЖҮНІСОВПЕН әңгімелескен едік.

– Ерік Әбенұлы, Елбасы міндетті әлеуметтік медицина­лық сақтандыру жүйесін енгізу­ге асықпауды тапсырды. Қазір сақтандыру қорының жұмы­сы қалай жүріп жатыр? Биыл­ғы шілде айынан қорға жар­на төлей бастаған жұмыс беруші­лер мен жеке кәсіпкерлер төлем­ді жүргізіп жатыр ма, әлде тоқтатты ма?

– Мемлекет басшысын алаң­датып отырған басты мәселе – 3 мил­лионға жуық азаматтың мәр­тебесі анықталмай қалуы. Ер­теңгі күні медициналық сақ­тан­дыру жүйесі енгізілген кезде бұл азаматтар ешқандай санат­қа қосылмай, медициналық сақтан­дыру жүйесімен қамтылмай қал­ғалы тұр. Сондықтан Елбасы біз­ге өзін-өзі жұмыспен қамтып жүр­ген ел тұрғындарын анықтап, бір­жақты шешуді тапсырды. Қазір­гі таңда Денсаулық сақтау ми­нистрлігі, Ұлттық экономика ми­нистрлігі, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі, бас­қа да ведомстволар бірігіп үлкен жұмыс тобын құрып, қай­та­дан ел азаматтарына санақ жүр­гізіп, санатын анықтап жатыр. Осы ауқымды шаруа аяқталғаннан кейін Үкіметке есеп береміз. Со­дан кейін медициналық сақтан­д­ыру жүйесі қай жылдан бастап енгізілетіні туралы нақты шешім қабылданатын болады.

Біздің болжам бойынша, соңғы шешім биылғы желтоқсан айында шығып қалуға тиіс. Негізі басында біз­дің есептеуіміз бойын­ша, тұрақ­ты табысы жоқ, өзін-өзі жұмыс­пен қамтып жүргендердің саны ша­м­амен 2 миллиондай бол­ған. Олар­ды медициналық сақтан­дыру жүйесіне кіргізу үшін қосым­ша 30 млрд қаржы керек деп болжағанбыз. Бірақ олардың саны қазіргі кезде 2 млн 700 мың адам болды. Адам саны көбейген сайын қажетті қаржы көлемі де өсетіні белгілі. Бұл қаржыны кім береді, мәселе – сонда. Мәртебесі белгісіз азаматтарды мемлекеттің мойнына артып қоюға тағы болмайды. Он­сыз да мемлекет 14 санаттағы 10 мил­лиондай адам үшін жарна төле­гелі отыр. Ал олар жұмыс істеп жүрген адамдар болса, онда өздері үшін өзі қорға жарна төлеуі тиіс. Не де болса, бұл үлкен сараптамалық жұмыс болып тұр.

– Сақтандыру қорына қаржы жи­нау биылғы шілде айында бас­тал­ғаны белгілі. Осы үш ай­дың ішінде қанша қаражат жиналды?

– Жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің есебінен қорға үш айдың ішінде келіп түскен қаржының көлемі 10 миллиардқа жуық­тады. Бұл – өте жақсы қар­қын. Жаңа жылға дейін қаржы көлемі 25 миллиардқа жуықтайды деп болжап отырмыз.

– Сонда нақты шешім шық­паса да жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер қорға жарна төлей бере ме? Медици­налық сақ­тандыру жүйесі қашан енгізі­летіні әлі белгісіз дегенім ғой...

– Міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру қорына жарна төлеу тоқтаған жоқ, жүріп жатыр. Қор алғаш құрылған кезде «еш­кім қорға жарна құймайды» деген пессимистік көзқарастар бол­ға­нын білесіздер. Бірақ оның бәрі бекер болып шықты. Қазір жұ­мыс берушілер де, кәсіпкерлер де өз­дерінің жауапкершілігін сезі­ніп, қорға белсенді түрде ай са­йын жарна төлеп отыр. Салық қыз­мет­керлерінің арқасында жарна төлеушілердің қатары күн санап артып келеді. Бұл қарқын тоқтамаса, сақтандыру жүйесін енгізу де жеңілдей түспек. 

– Келесі жылы медициналық сақтандыру қорына мемлекет 14 санаттағы азаматтар үшін жарна төлей бастауға тиіс. Егер меди­циналық сақтандыру жүйесін е­нгізу белгісіз мерзімге шегерілсе, жарна жинау жағдайы не болмақ?

– Медициналық сақтандыру жүйесі қай жылы енгізіледі, мем­ле­кет сол жылдан бастап жарна құюды бастайды. Ол үшін нақ­ты шешім керек. Бірақ біздің ұсыны­сымыз – медициналық сақтан­дыру жүйесінің пайдасын ел көру үшін қорға қаражат жинауды тоқтатпаған дұрыс. Бұл реформаны енгізудегі басты мақсат – халыққа көрсетілетін медициналық қыз­меттің сапасын арттыру, елді жет­­кілікті түрде дәрі-дәрмекпен қам­­т­а­масыз ету, мемлекеттік ден­сау­лық ұйымдарындағы кезек мәселесі мен мамандар тапшы­лы­ғын жою. Мойнымыздағы осы мін­деттемелерді орындап, сақтандыру жүйесінің шынымен пайдалы екеніне елдің көзін жеткізу үшін бізге бюджеттен бөлінетін және қордағы қаражатты қосқанда, кемі 300 миллиардтай қаржы керек. Негізінде отандық медицинаны өркениетті елдердің қатарына жеткізу үшін осы салаға бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнім көлемімен есептегенде кем дегенде 4 пайызға жеткізу керек. Қазіргі кезде еліміздің медицинаға жұмсап отырған қаржысы 3 пайыздан аспай­ды. Сондықтан қорға төле­нет­ін жарнаны тоқтатпасақ, қар­жы биыл – 25 миллиард, 2018 жы­лы 100 миллиардқа жуықтауы мүм­кін. Кейін басқа да жарна тө­леу­шілер қатарға қосылған кезде қажетті қаражат жиналады да міндеттемелер толыққанды орын­далып, сақтандырудың арқа­сын­да медициналық қызметтің сапасы жақсарғанына халық куә бола алады деген үмітіміз бар.

– Ал бүгінге дейін жинақтал­ған қаражат қайда сақталып тұр, оның әрі қарайғы тағдыры қалай болмақ?

– Қорға бүгінге дейін жинақтал­ған қаржы Ұлттық банктің есеп­шотында жатыр. Ол қаржыға ешкім­нің де қол сұғуға құқы жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесі толыққанды іске қосылмайынша, қордағы қаржыны медициналық мекемелерге төлеу туралы нақты шешім шықпайынша, қаражаттың бір тиыны да жұмсалмайды. Сон­дықтан қордың қаржысы көлеңкеге кетеді деп қауіптенудің реті жоқ.

– Әлеуметтік медицина­лық сақтандыру қоры кепілден­діріл­ген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде қызмет көр­сетуден үміткер емханалар мен клиникалардың базасын жасап шыққанынан хабардармыз. Оған қанша денсаулық сақтау ұйымы енді, соның ішінде жекеменшік клиникалардың үлес салмағы қандай?

– Міндетті медициналық сақ­тан­дыру жүйесіне жекеменшік клиникаларды тартудағы басты мақсат – еліміздің медицина сала­сына нарық талаптарын енгізіп, бәсе­келестік тудыру. Қазіргі енгі­зілгелі отырған реформаның заң­дылықтары бойынша, қай клиника адамды көбірек тартады, қайсысы жоғары сапалы қызмет көрсетеді – сол ұйымдарға қаражат көбірек бөлінеді. Бүгінде жекеменшік клини­калардың көбі қаржы қорын көбейту мақсатында қормен келі­сім­шарттар жасауға ұмты­лып жатыр. Қазірдің өзінде олар­­дың саны 2 мыңнан асты. Әлі де өті­ніш беріп жатқандар баршы­лық. Бұл жұмыстар желтоқсан айын­да аяқталады. Сонда жеке­мен­шік клиникалардың үлес сал­мағы нақты белгілі болады. 1 желтоқ­санда стационарлық және консуль­тациялық-диагностикалық көмектің нәтижесін шығарамыз да 15 жел­тоқ­санға дейін тіркелген жалпы ком­панияның санын анықтаймыз.

Медициналық сақтандыру жү­йесі енгізілген сәтте мемлекеттік емха­наларға жекеменшік клини­калар бәсекелес болады. Жұртшы­лық қай ұйым жақсы емдейді, сол емханаға тіркелетіні сөзсіз. Бұл өз кезегінде мемлекеттік емдеу меке­мелеріндегі кезекті азайтып, дәрі­герлердің жүктемесін қысқа­р­туға тиіс. Әрі емханалар да адам­дарынан айырылып қалмас үшін барлық жағдайды жасайды деген үміттеміз. 

– Сонда халық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырған кез келген клиниканы таңдауға мүмкіндігі бар ғой?

– Әрине, жылына бір рет өзі қалаған клиникасын таңдауға құқысы бар. Негізінен учаскелік терапевтер, отбасылық дәрігерлер көбіне жергілікті емханаларда шоғырланған. Енді жекеменшік клиникалар да халықты өздеріне көбірек тарту үшін осындай учас­келік терапевтер бөлімшесін ашып, алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек көрсетуге талпы­ну­да. Ал біздің міндетіміз – халық­қа көрсетілген медициналық қыз­мет­тің сапасы мен көлемін тексе­ріп, бәрі стандартқа сай болғанда ғана аталған клиникаға қаржы бө­ліп отыру. Осы мақсатта тәуел­сіз сараптама қызметін құруды жос­парлап отырмыз. Оның құрамы­на ел алдында беделді, кәсіби жағы­нан танымал болған тәжірибелі дәрігерлерді тартпақшымыз. Қазіргі таңда медициналық саладағы кәсіби ассоциациялармен келіссөздер жүргізіп, нағыз сарапшы атына лайықты мамандарды іздестіріп жатырмыз. Олар клиникалардың әрбір пациентті емдеу тәсілдерін қарап, дұрыс-бұрыстығын тексеріп, сауатты қорытынды жасап отырса, жұмысымыз да алға жылжитыны сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,  «Егемен Қазақстан»