Өткен сәрсенбіде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) отырыстарына қатысқаны белгілі.
Сочиде (Ресей) ұйымдастырылған, еліміз үшін маңызы зор бұл басқосуларда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өзара әріптестігінің негізгі мәселелері, Еуразиялық экономикалық кеңес шеңберіндегі көпжақты байланыстардың жай-күйі талқыланып әрі бірқатар мән-маңызы жоғары құжаттар қабылданғаны газетімізде бұған дейін жазылған болатын. Бүгін біз жоғарыда аталған басқосуларды ой елегінен тағы бір мәрте өткізе отырып, стратегиялық әріптес елдердің ынтымақтастығының келешегіне шолу жасаған едік.
Қазақстан әлемдік аренада өзіндік орнын қалыптастырған, беделі биік көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде жаһандық деңгейдегі маңызды шараларға белсене қатысып келеді. Осы орайда БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК және ТМД тәрізді ықпалды ұйымдардың еңбегін уақыт талабына сай ұйымдастырудағы, олардың әлемдік, аймақтық қауіпсіздік және басқа да салалар бойынша қызметін жетілдірудегі Қазақстанның еңбегін ауыз толтырып айтуға болады. Әсіресе еліміздің ТМД аясындағы іс-қимылдары, ұйымды заман сұранысына сай дамытуға қосып отырған үлесі айрықша.
Сочиде бас қосқан ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының алқалы жиынында ұйымның жұмысын ширата түсуге қатысты Қазақстан Президентінің ілгері ниеттен туындаған ілкімді ойлары барлық қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Мемлекет басшысы өз кезегінде мүше мемлекеттер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықтар дамып келе жатқанын, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра түсудің маңыздылығын айта келіп, 2007 жылы қабылданған, ұйымның басты стратегиялық құжаты саналатын ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасы мен оны іске асыру жөніндегі жоспарды уақыт талабына сай бейімдеп, жетілдіру және алдағы кезеңдерде жүзеге асырылуы тиіс шаралардың жоспарын түзу қажеттігіне баса назар аударды.
Шын мәнінде ТМД-ның саяси, экономикалық, гуманитарлық бағыттардағы қызметін үйлестіру, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы серіктестік мәселелерін қамтитын аталған тұжырымдарының ережелерін уақыт сұранысына сай дайындап, қолданысқа енгізу ұйым үшін аса маңызды еді. Өйткені өзгермелі өмірде өзара байланыстарды жаңа белеске көтеру және ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне жаңаша көзқараспен қарау қажет-ақ. Ол үшін ұйымның стратегиялық құжатын қайта пысықтамай болмайды.
Алқалы жиын барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мүше мемлекеттердің өзара сауда-экономикалық қатынастарын дамыта түсу үшін жаңа ресурстар табу қажеттігіне екпін берді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкіметтер басшыларының кеңесі мен Атқару комитетіне Қызмет көрсетудің еркін саудасы туралы келісім жобасы бойынша жұмысты жандандырып, оны жуық арада қабылдауды тапсыруды ұсынды. Президенттің сөзіне қарағанда, ТМД аумағында қызмет көрсетудің еркін саудасы мүше елдердің сауда-экономикалық кооперациясын жаңа деңгейге көтереді. Расында, қызмет көрсетудің еркін саудасы берік орнығып, өз жүйесін тапса, халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң ықпалын тигізбей қоймайды. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету саласындағы бәсекелестікті арттырып, халықтың сапалы әрі қолжетімді қызметтер түрін тұтынуына жол ашады.
Жалпы, ұйымның биылғы төрағасы болып табылатын Ресей жағы ұйымдастырған отырыста көптеген мәселелер жан-жақты сөз болды. Әсіресе, қауіпсіздік, ғарышты бейбіт мақсатта зерттеу, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне жеткілікті түрде көңіл бөлінді.
ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бұл отырысында бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойылғанын да айта кетейік. Олар негізінен экономикалық, саяси, қауіпсіздік және мәдени-гуманитарлық салаларға қатысты құжаттар болып табылады. Нақтылай айтқанда, олардың арасында Қылмыстық істер бойынша заттай айғақ болып табылатын есірткі заттарын, психотропты заттар мен оларды жасайтын заттарды, атқыш қару, оның негізгі бөлшектерін, оқ-дәрі, жарылғыш заттар және жарылғыш құрылғыларды беру тәртібі, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының қызметін жетілдіру және оны бүгінгі күнге бейімдеу, 2020 жылды – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы жылы деп жариялау, мемлекеттер басшылары кеңесінің, үкіметтер басшылары кеңесінің, сыртқы істер министрлері кеңесінің және ТМД Экономикалық кеңесінің арасындағы өкілеттіктерді ажырату, қылмыстық жолмен тапқан табыстарды заңдастыруға, терроризмді қаржыландыру мен жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы тұжырымдамасы және басқа да мәселелер қамтылған құжаттар бар.
Айта кетейік, келесі жылы ТМД-ға Тəжікстан Республикасы төрағалық етеді. Қазақстан ұйымға 2015 жылы төрағалық еткен болатын. Ерекше тоқтала кетер тағы бір жайт, ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне Молдова мен Өзбекстан республикаларының президенттері алғаш рет қатысты. Олардың, әсіресе, Өзбекстан басшысының Кеңес жұмысына қатысуынан қандай да бір нақты ой түймесек те, көрші ел басшысының бұл қадамын жақсылыққа жорығымыз келеді. Өйткені Қазақстан мен Өзбекстанның жеке қатынастарымен қатар, халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберінде үнқатысуы қашанда маңызды.
Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) басқару органы – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) отырысында да ауқымды мәселелер қозғалғаны белгілі. Көпжақты ынтымақтастықтың түрлі аспектілері талқыланған жиында негізінен ұйымдастыру жəне қаржылық бағытындағы тақырыптар, Кеңес жанындағы байқаушы мемлекеттердің мəртебесі кеңірек қозғалды.
Отырыста қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысы оған мүше елдердің дамуына тиімді жағдай жасап отырғанын, сондай-ақ, интеграциялық үдерістерге қарқын беру қажеттін сөз етті. Шын мәнінде, интеграциялық үдерістердің өз деңгейінде жүргізілуі экономикалық қатынастарды жеңілдете түседі. Сол үшін жиында күн тәртібіне қойылған нақты мәселелердің интеграциялық үдерістерді дамытуға бағытталуы құптарлық іс болды.
Алқалы жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев отырыста қабылданған Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тəртібін іске асырудың негізгі бағыттарының маңызды екенін жеткізді. Сол үшін де Қазақстан Президенті 2018 жылы Одаққа мүше елдердің экономикасын цифрландыру жөнінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің арнаулы кездесуін өткізуді ұсынды. Елбасы бұл мәселе жөнінде Сочиге жасаған жұмыс сапарын қорытындылау бойынша өткізілген брифингте де тоқталып өтті. Нақтылай айтқанда, Мемлекет басшысы алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс жұмыстардың жоспары белгіленгенін, цифрландыру мәселесіне қатысты перспективалы бағыттардың айқындалғанын, Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында осы салада бірлесе жұмыс жүргізу мақсатында уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.
Осы арада елімізде Президенттің тапсырмасы негізінде барлық салаларды цифрландыру жұмыстары қарқын алып отырғаны еске түседі. Қазақстанда атқарылып жатқан бұл бағыттағы шаралар уақыты келгенде Еуразиялық экономикалық одақтың экономикасын цифрландыру ісіне өзіндік мол үлесін қосады деп есептеуге болады.
Өз жұмысын ресми түрде 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастаған Еуразиялық экономикалық одақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі оң өзгерістерге толы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған бұл Одақ бүгінде әлеуетін өз деңгейінде арттырып келеді. Соңғы деректерге сүйене сөйлесек, жалпы халқының саны 182,7 млн адамды, белсенді халық саны 92,9 млн адамды құрайтын ұйымның үлкен нарыққа ие екені айтпаса да түсінікті. Инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларындағы табыстары да баршылық. Бүгінде мүше мемлекеттердің ішкі жалпы өнімі 2,2 триллион АҚШ долларынан асып отыр. Өнеркәсіп өндірісі 1,3 триллион АҚШ долларын құрайды. Темір жолдар ұзындығы – 107,0 мың шақырым (әлем бойынша 2-орында).
Міне, осындай әлеуетке ие Одақтың аз ғана уақыт ішінде ортақ нарығы қалыптасып үлгерді. Бұл өз кезегінде өнімдердің, қызмет көрсету, капитал жəне жұмыс күші салаларында еркін айналым орныққанын білдіреді.
Жиын соңында мүше мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың қызметін жандандырудың мүмкіндіктері мол екенін атап көрсетті. Тағы бір тоқтала кетер жайт, Елбасы Сочиге жасаған сапары барысында германиялық іскер топ өкілдерімен де кездесті. Басқосуда Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германияның тығыз байланысы, еліміздегі экономикалық оң өзгерістер тұрғысында сөз қозғады. Сонымен бірге Елбасы Германия инвесторларын еліміздегі жекешелендіру үдерісінің үшінші кезеңіне атсалысуға, «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты дамытуға шақырды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Германия Қазақстанға 5 миллиард долларға жуық инвестиция құйған. Биылғы 8 айда екі ел арасындағы тауар айналымы 1,5 миллиард долларға өскен.
Кездесуде Н.Назарбаев елімізде тұрып жатқан неміс диаспорасына қолдау көрсету жөніндегі өзара ынтымақтастыққа назар аудара келіп, Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен іске асырылып жатқан жобаларға, еліміз басты рөл атқаратын Еуразиялық көлік дәлізінің әлеуетіне байланысты әңгімелеп берді. Бұдан бөлек, Президент елімізде қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуалды қалыптастыру үшін қабылданып жатқан негізгі шараларға, осы бағыттағы басты жетістіктерге екпін берді.
Қорыта айтқанда, Елбасының Сочиде өткен сапары барысында қарастырылған әрбір мәселенің еліміз үшін маңызы зор. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, тікелей араласуымен құрылған ТМД және Еуразиялық экономикалық одақтың белсенді қызметі еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне өз ықпалын тигізе беретіні сөзсіз. Өйткені бұл құрылымдардың жұмысында Қазақстанның стратегиялық мүдделері жатыр. Ал ол мүдделердің халқымыздың арман-тілегіне тікелей қатысты екені анық.
Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»