Бүгінде қазақ тілін латын қарпіндегі әліпбиге көшіру қалың көпшіліктің қызу талқысына салынған игілікті бастамаға айналды.
Осы күнге дейін баспасөз беттерінде қарапайым халықтан бастап, лингвист-ғалымдарға дейін өз пікірі мен ұсыныстарын жеткізіп келеді. Көптеген жобалармен таныс болдық. Үштілділікке көшу үдерісі жылдамдап, ғылымымыз қарыштап дамиды деген үміттеміз.
Уақыт сынынан өткен өміршең латын графикасын қазіргі таңда әлем халқының 80 пайызы меңгерген екен. Әлемдік ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылатынын, ғылымның тілі, халықаралық терминдер, формулалар да негізінен латын әріптерімен жазылатынын ескерер болсақ, жаңа әліпби бізге зор мүмкіндіктер туғызады.
Латын графикасы бойынша қазақ тілін оқу барысында жас ұрпақ ағылшын тілін меңгеретіні анық. Шетелдіктер үшін де қазақ әліпбиі мен тілін меңгеруі жеңілдейді, яғни Қазақстанды әлемге танымал етуге септігін тигізеді. Бұл – Қазақстанның дүниежүзілік ақпараттық кеңістікке ықпалдасуы, біздің барлық цифрлық ресурстарымыз, мәдени мұрамыз әлемде латын графикасын қолданатын барлық пайдаланушыларға, қазақ тілін меңгерген, алайда кириллицаны білмейтін адамдар үшін қолжетімді болады.
Латын әліпбиінің Елбасына ұсынылған жаңа жобасы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде де жан-жақты талқылануда. Әсіресе ғалымдарымыз, тіл мамандары, көзі қарақты, көкірегі ояу жастарымыз латын әліпбиі төңірегінде тұшымды ой-пікірлерін білдіруде. Студент жастардың латын графикасын енгізу мәселесін ықыласпен қабылдағанын атап өткен орынды. Бірнеше тілді еркін меңгерген студенттеріміз интернет кеңістігіне еркін енуде және латын графикасын қолданудың ешқандай қиындық тудырмайтындығын аңғарып отыр.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көз – қорқақ, қол – батыр», деп дана халқымыз айтқандай, енді екі қолды сыбанып, нық қадаммен алға басудың уақыты келді!
Сәбит ЖӘМБЕК, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры