Бәріміз де мына өміріміз, тіршілік етіп отырған ортамыз жақсы болса екен деп тілейміз. Соған сай қызмет етуге тырысамыз. Алайда қоғамымызда кейбір азаматтарымыздың абайсызда алаяқтарға арбалып, қылмыскерлер қолына түсіп қалатынын, сауда-саттықта, көлік, пәтер алған кезде, т.б. тұрмыстық жағдайларда, жұмыс барысында алданып, сан соғып жататынын естіп-білгенде әрі-сәрі күй кешесің...
Қашанда татулықты, сыйластықты, достықты, бейбіт өмірді жанымен қалайтын халқымыз бір-біріне жақсылықты ғана тілейтіні рас. Өйткені осы құндылықтар арқылы адамдар толыққанды өмір сүре алады. Ал бұл құндылықтар басында бірлік тұр. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қанатты сөз текке айтылмаған. Елдің болашағы бірлікте екендігін ата-бабамыз баяғыда-ақ нақтылап айтып кеткен. Оны олар ел дамуының діңгегі ретінде ұстана білді. Бұл бағыт Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін де жалғасын тауып, бүгінде елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Сол этностар өкілдері қазақтың қанына сіңген қасиетті салт-дәстүрі мен озық құндылықтарына құрметпен қарайды. Осы асыл қасиеттеріміз бен құнды құндылықтарымыз арқылы қазақтың кең даласына қоныс тепкеннің жүрегін жібітіп, тілегін бір етіп, мақсат-мүддесін ортақ, достығын берік ете білдік. Қазақтың осы бірлігі мен өзгеге деген құрметі таусылмаса екен дейміз. Өйткені бізді үлгі тұтатындар, бізден өнеге алатындар көп.
Алайда «бес саусақ бірдей емес» дегендей, кейде «бір қарын майды бір құмалақтың шірітетіндігі» де рас. Өз ағайынын алдап жатқан адамның өзгені аяры бар ма? Сондайда қазақ деген қасиетті атымызға сын келмесіне кім кепіл?
Бірде бір сыйлы адамның дастарқаны басында жора-жолдастарымен бірге болдық. Дастарқанға ет келді. Іле ет туралы әңгіме қозғалды. Кенет бір жігіт қыза-қыза келе өзгелерді қалай оңдырмай алдағанын айтып, көсіле жөнелді.
«Қыс кезінде ауылдардан көтерем қойларды су тегін бағаға сатып алып, вокзал маңайындағы үйіме әкелемін. Сосын әлгі көтерем қойды бауыздап, терісін сыпырған соң, ішін толтыра су жіберемін. Терісі сыпырылған көтерем қой ұшасы доп-домалақ болып шыға келеді. Оны сол күйінде қар үстіне тастай саламын. Қатып қалады. Семіз қой ұшасындай қызарып, көз тартады. Сосын осындай айламен сойылған қой ұшаларының бірнешеуін қол арбаға салып, темір жол вокзалына барам. Кезекті жолаушылар пойызы тоқтағанда перронға шыққан жолаушылар алдына тосамын. Әрине, қой етіне көбіне қызығатын өз ағайындарымыз. Өзге жұрт ала қоймайды. «Қып-қызыл боп бөртіп» сойылған қой ұшасын көрген ағайындарымыздың көзі жайнап қоя береді. Әрі дөңгеленген дәу, әрі арзан. Неге алмасқа? Саудаласады. Мен «Обал ғой, жалғыз қой еді, бар жем-шөпті беріп семіртіп едім» деп қиналғандай күй танытамын. Бұл әртістік әрекетімнен кейін алушы адам одан әрі сөзіме сене түседі. Араларында бұл қулық әрекетімнің сырын сезетіндері бар шығар, бірақ ондайлардың мені айналып өтетінін жақсы білемін. Сондықтан қорықпай, қысылмай әрекет етемін. Біреу болмаса, әйтеуір, біреу алады. Күніне бес-алты сойылған қой ұшасын өткізсем, үлкен пайда. Содан алушы арзан сойылған қой ұшасын алдым деп мәз болса, мен оларды алдаған айлама риза болып әрі мол ақша тапқаныма мәз болып үйіме қайтамын» дейді.
Мұны да біреу кәсіп дейтін шығар. Бірақ бұл біздің болмысымызға жат іс, дамуымызды тежейтін теріс қылық қой. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздегі барлық адам: «ұлттық бірегейлігін нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам» болуы керектігі туралы айтты. Ал осындай сауда барысында ғана емес, талай істе мүмкіндік туса бірін-бірі алдап жатқан ағайын қаншама! Және бірін-бірі алдайтын да, алданып жатқандар да қарапайым адамдар. Мұндай алаяқтық, сыбайлас жемқорлық секілді жат істерден кейін ел иесі – қазақтың мемлекет құраушы ретіндегі айрықша рөлі қалайша көрініс таппақ? Осындайдан теріс пікір қалыптасады. Бұл кімге өнеге, үлгі болмақ? Елбасы айтқандай: «Біз өз балаларымыз бeн нeмeрeлeрімізді бoлашақта қандай күйдe көргіміз кeлeді? Oлар жақсы әрі азат қoғамда өмір сүрe мe? Oлар бeйбіт-татулықта өмір сүрe мe? Oлар өз қауіпсіздігі мeн балаларының қауіпсіздігі үшін алаңсыз бoла алар ма, көшeлeрмeн eмін-eркін жүріп, өз дүниe-мүлкі үшін қауіптeнбeс бoлар ма?» Расында, біз oсынау қарапайым, бірақ маңызды сұрақтарға бүгіннің өзіндe жауап бeре аламыз ба?
Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»