Астана қаласындағы Ұлттық биотехнология орталығының мамандары эстетикалық медицина саласында өздері жасап шығарған технологиялармен таныстырды.
Сүйек кемігінен алынатын бағаналы жасушалармен ақ қан, басқа да рак ауруларын емдейтінін жұртшылық жақсы біледі. Осы жасушаларды әлем ғалымдары қарттыққа қарсы шипа ретінде қолдана бастағалы қашан. Енді қазақстандық мамандар да бұл салаға айрықша мән беріп, адамның өз клеткасын өзіне ем ретінде қолдана бастады. Ұлттық биотехнология орталығының бағаналы жасушалар зертханасының меңгерушісі Вячеслав Огайдың айтуынша, адамның бойындағы талшықтарды біріктіруші қызмет атқаратын фибробласт жасушалар арқылы ағзаны жасартып қана қоймай, күйік шалғанда теріні жылдам қалпына келтіруге де болады. Сондықтан ғалым осы жасушаларды пайдалана отырып, қартаюға қарсы арнайы технология әзірлеп шығарыпты.
«Біз адамның өзінен фибробласт клеткасын аламыз да оны зақымдаған теріге, талшыққа енгіземіз. Бұл клеткалар ағзаға енгеннен кейін бүлінген басқа да жасушалардың қайта қалпына келуіне әсер етіп, теріні жақсартады. Қазіргі таңда бұл технология бірқатар жекеменшік клиникалар мен мемлекеттік ұйымдарда қолданылып жатыр. Мысалы, Астанадағы Ұлттық онкология мен трансплантология орталығында күйік шалған, жараланған 800-ден астам пациентке қолданылып, олар заманауи әдістің арқасында құлан-таза жазылып шықты. Күйіктен кейін міндетті түрде тыртық қалатыны белгілі. Ал бағаналы жасушалармен емдеген кезде күйіктің ізі де қалмайды», дейді В.Огай.
Ұлттық биотехнология орталығының мамандары адамның тізе және жамбас буындарындағы кемістіктерді қайта қалпына келтіруге арналған гидрогель де ойлап тауыпты. Гидрогель табиғи компоненттерден тұрады және құрамында бағаналы жасушалар да бар. Бұл әдіс бірінші және екінші дәрежелі остеохондральды кемістіктерді емдеуге қолданылады екен. Зақымдалған шеміршек пен сүйек тіндеріне ота жасалғаннан кейін гидрогельді жақса, ол аз уақыттың ішінде бастапқы сау қалпына келеді.
Медицина ғана емес, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау саласында бірталай зерттеулермен айналысып жатқан орталықтағы тағы бір жаңалық – адамның генетикалық паспортын зерттеп шығару. Орталықтың бас директоры Ерлан Раманқұловтың айтуынша, генетикалық паспортты түзудің маңыздылығы сол, жекелеген адамның қай ауруларға бейім екенін, қандай дәрілер жақсы әсер ететінін анықтап, жалпы жағдайы туралы толыққанды мәлімет алуға болады. Егер әркімнің жеке генетикалық паспорты түзілген болса, тұқым қуалайтын кейбір аурулардың алдын алып, асқындырмауға да болады екен.
Адамның генетикалық паспортын анықтау үшін сілекейден немесе қаннан сараптама алу жеткілікті. Әрі генетикалық зерттеу адамның өмірінде бір-ақ рет жасалады. Бұл сараптаманың қорытындысы нәтижесінде қартаю процесін, терінің жағдайын, алдағы гормондық өзгерістерді, адамның бойындағы дәрумендер мен минералдардың деңгейін де білуге болады.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»