• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 19 Қазан, 2017

«Топжарған» поэмасының латынша көшірмесі

1747 рет
көрсетілді

Меңдіғара ауданында тұратын еңбек ардагері Есет Көбеков сан­ды­ғында көп жыл жатқан жәд­і­герді алып шықты. Ақсақал өткен ғасыр басында Троицк қаласы­нан жа­рық көрген «Айқап» журна­лы­ның редакторы, қазақтың тұң­ғыш журналисі, публицист, ақын Мұхаметжан Сералиннің «Топ­­жарған» поэмасының латын қарпі­мен жазылған көшірмесін көзінің қарашығындай сақтап кел­ген­. Оны бір жағынан ағасы Қап­­пас Көбековтің көзіндей көрсе, екін­­­ші жағынан латын қарпі қазақ жаз­басы­ның тарихы деп те білген. 

– Ағам Қаппас осыдан жиырма жылдай бұрын қайтыс болды. Ол кеткенде артында қал­ған қағаз­дарын қарап отырып, арасынан латын қарпімен жазылған ұзақ өлеңді тауып алдым. Соңына «Конец. Писал Ни­колай 20.ІV.49г» деп жазыпты. Мен латын қарпін аса тез оқи ал­май­тын едім. Мұның не екенін біл­мей, аудандық «Меңдіғара үні» газе­тінің сол кездегі редакторы, мар­құм Мырзалы Оңайбаевқа апарып көрсеттім. Ол кісі бір таныс ақ­са­­қалға мен апарған өлеңді латынша­дан кириллицаға аудартып алды. Сөйтсек, әлгі ұзақ өлең Мұ­ха­метжан Сералиннің «Топ­жарған» поэмасы бо­лып шықты, – дейді Есет ақсақал.

Латын әліпбиімен көшірілген шығарманың соңындағы Николай Есеттің ағасы Қаппас екен. Өйткені орыс тілінде сөйлеп, орыс дәстүріне елік­теген сол кезде қазақтың жер-су атау­лары да, адамдардың есімі де біртін­деп орысшаланып жүре бер­ген. Қазақ жазуы 40-жылдары кириллицаға көшкенмен, латын қарпімен сауат ашқандар көпке де­йін осы әліпбиді пайдаланған. Қап­пас-Николай да «Топжарғанды» көшір­генде латын қарпін қолайласа керек. Соғыстан кейінгі жылдары балалар оқуға ынтызарлықпен қараған. Кітап қазіргідей дүкендерде тіреліп тұр­май­тын, жоқшылық кез. Ұнаған өлең, әңгіме, дастандарды адамдар осы­лай көшіріп алатын болған. 

– Менің әкем Рүстем Сәбит Мұқановпен жақсы араласыпты. 60-шы жылдардың ішінде Алматыда оқып жүргенімде Сәбит Мұқановтың үйіне бірнеше рет барғаным да бар. Әкемнің жазушымен достық қарым-қатынасының әсері де болса керек. Қаппас ағам поэманы осы Сәбит Мұқановтан жазып алған болар деп те ойлаймын. Ауыл ақсақалдарынан жазып алуы да мүмкін. Өйткені бұл хикаяны ауылдағы үлкен кісілер де судыратып жатқа айтатын, – дейді Есет атай. 

Торкөз дәптерге латын қарпімен жазылған 130 шумақтан тұратын поэманы Қаппас ағасы майшамның түбінде отырып, ауылдастарына талай оқып берген шығар-ау. Соғыстан кейінгі уақытта, тіпті 60-жылдардың ішінде қай ауылда да жұрт жиналып, түннің бір уағына дейін балаларға батырлар жырын, ақындардың поэ­маларын оқытып, тыңдайтын. Қазіргідей теледидар, интернет жоқ кезде үлкеннің де, кішінің де ермегі кітап болатын. Кенесары-Наурызбайдың оқиғасы айтылатын «Топжарған» поэмасы да ауылдас­тар жалықпай тыңдайтын жырдың бірі болған. 

Есет Көбеков ақсақалдың өзі де кітапқұмар кісінің бірі. Қартайған жасына қарамай әлі күнге дейін аудан­дық кітапхана оның ең сүйік­ті орны екен. Латын қарпінің қайта орал­ғанын құптағанның да, қуан­ған­ның да бірі өзі. Оның айтуынша, үш тілді меңгеретін балалар үшін ки­рил­лицамен жазылған мұра жоғал­майды, ал латын қарпі де қиындық туғызбайтынына сенімі зор. 

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

 Қостанай облысы,   Меңдіғара ауданы