• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қазан, 2017

Бірауыздан қолдау білдірді

393 рет
көрсетілді

Қарағанды мемлекеттік индустриялық универ­ситетінде қазақ тілін латын қарпіндегі әліпбиге көшіру мәселесіне арналған келелі жиын өтті. 

Жиынды ұйымдастырушылар қата­рында жауапты мемлекеттік органдардың өкіл­дері, қаланың құрметті адамдары, сала мамандары болғанымен, жан-жақты талқылауды университетте қызмет ететін ғалым­дарымыз, тіл мамандары, көзі қарақ­ты, көкірегі ояу жастарымыз іліп әкетіп, тұшым­ды ой-пікірлерін білдірді. Келелі жиынның қорытындысын түзер болсақ, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы білім алған, бүгінгі таңда осы құрметті мәртебеге сай білім беріп келе жатқан университет ұжымы мен студент жастардың латын графикасын енгізу мәселесін ықыласпен қабылдағанын атап өткен орынды.

Уақыт сынынан өткен өміршең латын графика­сын қазіргі таңда әлем халқының 80 пайызы мең­гер­ген екен. Әлемдік ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылатынын, ғылымның тілі, халық­аралық терминдер, формулалар да негізінен латын әріптерімен жазылатынын ескерер болсақ, жаңа әліпби біздерге зор мүмкіндіктер туғызады. Мұнымен қоса әлемдік медицина препараттарының атауы түгелімен латын графикасында берілсе, техника, технологиялар, биология, фармация салалары да түгелге жуық осы қаріптермен жазылады. Халықаралық спорт ойындары, олимпиадалық додалар, спортшылардың аты-жөні, ойындар нәтижелері де тек латын графикасында екендігін де көріп-біліп отырмыз.

Тіліміздің жалпы латын қарпіне көшуі туралы ұсынылған соңғы нұсқаны (бір дыбыс – бір әріп) жиынға қатысушылар бірауыздан қолдады. Сонымен қатар ұсыныс ретінде бұл ауқымды да маңызды шара жалпы халықтық сипатта болса екен деген де ойлар айтылды. Бір халық, бір мақсат, бір мүдде бағдарламасында айтылғандай еліміздің тұтастай бұл шараға қатысқаны, оны игеруге атсалысқаны орынды болар еді.

Әлемдік тәжірибелер ескеріле отырып жасалған жаңа әліпби негізінде қазіргі қолданыстағы әліп­биді латын қарпіне көшіруге қатысты ақпа­рат­тық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу – ең өзек­ті мәселе. Тілімізді дамытып, оны әлемдік ақпарат­тық кеңістікке шығарудың негізгі көзі болып табы­латын тарихи оқиғадан ешкім де шет қалмауы тиіс, әсіресе, профессорлар-оқытушылар құрамы мен студент жастар қауымы.

Латын графикасындағы жаңа әліпбиді қабылдау – Рухани тәуелсіздік екенін жақсы түсініп келе жатқан елдің сенімі көңіл қуантады.

 

Ізтілеу АМАНЖОЛ,  медицина ғылымдарының докторы, профессор, кафедра меңгерушісі

Қарағанды облысы