• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Қазан, 2017

Ақылды болса алғаның...

1544 рет
көрсетілді

Адамзаттың күшті болып жаратылған жарты бөлігі келісер ме екен, іргетасы сонау 1860 жылы қаланған Еуропада ежелгі бес оқу орнының бірі – британдық Абердин университетіне еңбегі сіңген профессор Лоренс Уолли бірде: «Егер ер-азаматтар ұзақ өмір сүруді қаласа, онда бір жайтты ұмытпауы тиіс. Бұл – ақылды әйелге үйлену. Интеллекттен асқан қорған жоқ» деп пайым жасаған ғой. 

Профессор Лоренстің осы сөзі ба­ла­лық шақтың бір түкпірінде қалған оқиғаны еске түсіргені. Шал­ғайдағы біздің ауылда баяғыда елудің де есігінен сығалай алмай, бір кісі кенеттен дүниеден озды. Ауылдың әйел­дерінің бәрі ақылды ғой, күйеуін о дүниеге кезексіз аттандырған әйелі Күлипаның өзі деген шешім шы­ғарды. Бұл сөздің мағынасын біздің бала миымыз тікелей қабылдап, неге ол күйеуін өлтіреді деп сұрап қой­маймын ғой. 

– Егер күйеуіңнің жүрегі дім­кәс болса, асқазаны ауырса, оның денсаулығын күтудің орнына күн­де майы шылқыған, қуырған тамақ беріп, миын қоса жей берсе, өлме­генде қайтеді, – деп апам қысқа қайы­ра салды. 

Сол кезде е-е-е, адамды өстіп те өлті­­руге болады екен-ау деп ойладық па, ой­ламадық па, кім білсін. Алайда, мына ұзақ та қысқа өмірдің ұлы пәлсафасы бәрібір әйелдердің ақыл-сабырының айналасында шыркөбелек айналып тұрары сөзсіз. 

Тіпті ата-тектің асылдануы, қан­ның тазаруы да әйелдің шыққан түбіне тәуел­ді екенін кім жоққа шығарсын?! «Жігіттің жақсы бол­мағы – нағашыдан» екенін біздің дала инс­титуты әлмисақтан білген. Алайда отбасылық мәселелерді, адам­ның генін жатпай-тұрмай зерттейтін ғалымдар да адамға ақыл-парасат ана­сынан берілетіндігін дәлелдеп бағуда. Енді бір оқымыстылар қыз интеллектіні әкесінен, ұл анасынан алатынын өз әдістерімен дәйектепті. 

Дегенмен түбі әзіл болса да, мы­на бір мысал ойға оралады. Ерте­де арабтың Жахыз деген түрі ұсқын­сыздау ғалымы: «Ақымақ болса да сұлу әйел тапсам болды. Балаларым маған ұқсаған ақылды болады. Ал сұлулық пен көрікті аналарынан алады», деп үйленсе бәрі де керісінше болыпты. Балалары өзіне ұқсап кескінсіз, аналарына тартып кілең ақымақтар дүниеге келген көрінеді. 

Бірақ бастапқыда, тіпті басына тимей десек те болады, әйелге қарағанда сұңғылалығы аздау болып келетін азаматтар алатын жарының ақылды екенін қайдан айырады. Алдыңнан шыққан арудың ешқайсысының маңдайында мынау ақылды, мынау ақымақ деген мөрі жоқ. Міне­зі мінсіз жарды қалай таппақсыз. Болашақтағы жартысын елестеткен ерлердің тізілген талаптарының тө­рінде бірінші кезекте көркі көш бас­тайтыны айдан анық.

Әйелдің ақылы аспанды төңкереді. Айласы болмағанды болдыра алады. Есті әйел күйеуінің есіктегі басын төрге сүйрейтінін жырлай беріп неғыламыз. Ол ерінің жетпей жатқан жеріне жамау болып, кем-кетігінің орнын толтырып, ұшпаққа сүйрейді. 

Осындайда Алмас Алматовтың үш жүзге мәлім болған Жиенбай жырау Дүзбенбетұлы(1864-1929) жайлы жазбасы еске түседі. Ол да бұл әңгімені ұстазы Машарап Әлиевтен естіген екен.  Қыстың айы. Арқадан Бұхараға мал айдаған байлар керуен салып салтанатын жоғалтпаған заман. Сыр­­дарияның мұзынан өтіп, жатақ, егінші елдің үстімен өтетін сүрлеу жолмен Қызылдың құмына келіп ілігеді. Қызыл құмды қыстаған ел тө­бенің шуақ бетінен жеркепе қазып, астығын ұраға сақтап өткен-кеткен саудагерлермен дән, талқанын алмастырып, керек-жарағын түгендеп отыратын кез.

Бағанағы бай, мырзалар алдын ала хабар салмай Жиенбай жыраудың үйіне келіп түседі. Ойлары «Осы Жиенбайға айлап жырлатып, үйір-үйір жылқы, қора-қора мал айдатып жібереміз. Сол сыйы­мыздың бір кәдесін көрейік» деп сынаққа ала келеді. Жиенбай мал жинамаған кісі.

Қолындағысын халыққа бөліп беріп отыратын «кедей жомарт» жан екен. Қонақтар сәлем бере жеркепеге кіріп келеді. Жырау үйінде екен. Қонақ­тардың сәлемін алып болғасын есік жақта босағаға қараса, әйелі көзге көрінбейді. Ол заманда қонақ жай­ғасқан соң әйел тапсырма күтіп отыруы шарт еді…

Жырау амандық-саулық сұра­сып біраз отырып қалады. Әйелі қонаққа беретін ештеңенің ретін тап­пай шығып кетеді. Мырзалар өз істе­рінен өздері ұялып отырса, бі­реуі «Жие­кемнің үйінен қара су іш­кеніміз, қымыз ішкенмен бір­дей емес пе? Ауыз тиіңдер», деп ыдыс­пен мұздай суды жаға­ла­тады. «Жоқтық жомарт ердің қолын байлайды», деп жырау да сабы­рын сарық­пай отыра береді. Қонақ­тар­дың ішіндегі үлкені:

– Жиеке, бүгін Шыбынтай Әл­дебай­дың ауылына еруміз. Өзіңізді көріп, сәлем берейік деп інілеріңіз ат басын бұрып едік. Бізбен бірге болыңыз, – деп өтініш айтады. «Жоқ­қа жүйрік жет­пейді» соған келісіп, қонақтар сырт­қа беттейді. Есіктен шығып қонақтардың алды тұрып қалыпты. Қараса, екі тайқазан ет күн шуақ бетте бұрқылдап қайнап жатыр екен. Жанында жарақты жігіт­тер. Қонақтар аң-таң… Сол кезде Жиенбай жырау:

– Ал, жігіттер, қазан қайнап қалып­ты. Сыбағаларыңды жеп кетер­сіздер, – деп қонақтарын қайта ішке кіргізеді. «Жыраудың киесін сол кезде көрдік. Төрде отырған Жиенбай басқадан бір бас биік отырды. Сөзі де, өзі де жол­ға түсіп жөнелді», деп отырады екен көзі көргендер. Қонақтар етті жеп отырып бір-біріне:

– Бұл кісі сыртқа шыққан жоқ. Ішке ешкім кірген жоқ. Сонда мына жылқыны кім сойды? – деп сұрап отырады…

Жиенбай жыраудың бәйбішесі Балшаш анамыз Жетіру Керейт Даңмұ­рын ақынның апасы екен. Қонақтардың сынап келгенін біліп, «Қонақасы бере алмай ұяттан үш жүзге мәлім Жиенбай өлгенше, астын­дағы аты өлсін», деп ер-тоқымын аударып тастап, жігіттерге сой­дырып қазанға салып жіберген екен. Асыл ана елге сын, ерге мін болар тұста азаматының арын солай қорғап қалады…

Бұл жағдай қонақтарға да мәлім болады. Бірін-бірі кінәлап:

– Жиенбайдың жалғыз атын жеп, жаяу қалдырды, – деген атқа қа­лармыз деп жыраудың соғымы мен мінерлік, кө­шерлік көліктерін толық қамтамасыз етіп аттаныпты. 

Дала данышпандығы деген осы болар. Тарихта небір ақылды ана­лары­мыз өткенін мыңдаған мысалдармен дәйектеп, әрі қаза берсең аңыз-әфсаналардан тізбектеп, түбіне қарай тереңдесең ертегілерден де таба берерміз. 

Алысқа бармай-ақ осы заманның да мысалын айтайықшы. Бірде елге танымал, ортасына абыройлы ерлі-зайыптылармен Мәскеуге әрі-бері пойызбен ұзақ сапарға аттандық. Жолай талай әңгіме де болды. Жаңағы бізді бастап бара жатқан кісінің әйелі есті адам еді. Пойызда кетіп бара жатыр, телефонмен келінімен сыбырласып, сырласып отырғанын құлақ керең болмаған соң естиді. «Өкпелеп қалғаныңды білдірме. Қатты ренжісең де тамағын істеп қой. Даладан тамақ іздеп жүрмесін. Қонаққа жалғыз жіберме, қасынан қалма! Түнде басқа бөлмеге барып жатып алушы болма.

Ерлі-зайыптылардың арасы өстіп суыйды» деген мағынада ақыл айтып отыр екен. Келіні екеуі талқылап отырғаны – өз ұлы. Бұл отбасына кикілжің кіргізбейміз деген келін мен ененің емес, екі ананың мәмілесі болатын. Осы бір құлаққа амалсыз енген екі ауыз ақыл шаңырағын шайқалтпаймын деген адамның бүкіл өміріне татитын еді. Мәскеуге барып-қайтқанша сол апамыздың келі­ніне айтып отырған кеңестері құлағымда жаңғырды да тұрды. 

Айтпағымыз да осы, өмірдің жал­қы шындығы – дана әйелге жо­лыққан адамдардың ғұмыры әрі ұзақ әрі баянды. 

Талай теперішті көре келе, маң­дайымызға тие келе, әйелдің де, ердің де ақылдысын жүзіндегі мейірімінен табасыз-ау. Ақыл деген ұдайы қам­қорлықтан көрінеді. Ақыл  ең қиын сәттердегі сабырдан танылады. Ақыл жоқшылықта бардан жоқты құрастырта алады. Ақыл  шыдамдылықта бет пердесін сыпырады. Ақыл реніште кешірімшілдік болып алдыңнан бірінші ақ жалауын ұстап шығады. 

Ақылды әйелдің алғашқы есімі  мейірім мен иман болар...

 

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ