Түріктің Қазақстандағы «Жиһан» ақпараттық агенттігі Қазақстан мен Түркия арасындағы халықтық дипломатияның тереңдей түсуіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Осы агенттіктің өкілі Доған Йылдыз мырзаны біз әрдайым еліміздегі барлық саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, спорттық іс-шараның қайнаған ортасынан көреміз және ол өзінің еліне барынша шынайы ақпарат жіберіп жатқанына сенімдіміз. Өйткені, бұл ағайынымыздың Қазақстанға, қазақ халқына деген бауырмал, жанашыр ілтипаты айрықша екенін үнемі көріп жүрміз.
Жуырда Доған Йылдыздың ұйымдастыруымен, «Қазақ-Түрік мұнай» компаниясының қаржылық қолдауымен Түркиядан Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Тарих таңбасы» атты 2009-2010 жылдардағы екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастық пен ықпалдастықтың сан қырларын көрсеткен әсем безендірілген фотоальбом жарық көрді. Біз жобаның негізгі үйлестірушісі Доған Йылдызға жолығып, бірнеше сұрақтар қойған едік:
– Бұл жобаны қолға алуға қандай себептер болды?
– Екі елдің арасындағы соңғы жылдарда жасалған жоғары деңгейдегі іссапарлар айтарлықтай нәтиже беріп келе жатқанын білеміз. Қазақстан Президенті, құрметті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бүгінге дейін екі елдің қарым-қатынастарына кедергі болатындай ешбір оқиға болған жоқ, бұдан кейін де болмайды», деген сөзінің тарихи маңызы зор. Осындай жылы қатынастар біздің осы шығармашылық істі қолға алуымызға негіз болды.
– Өзіңіз қызмет ететін «Жиһан» ақпарат агенттігінің қызметі туралы бір ауыз сөз айта кетсеңіз.
– Қазақстанның Тәуелсіздігін ең алғашқы болып Түркия мемлекеті танығанын білесіз. Біздің «Жиһан» хабар агенттігі сол кезден бастап өз жұмысын екі елдің арасында хабар таратуға ғана арнап қоймай, Қазақстанды Түркияға және әлемге танытуды мақсат етіп келеді. Біз Қазақстанның қысқа мерзімнің ішінде әлемдік зор салмағы бар мемлекетке айналғанына ерекше тәнтіміз. ЕҚЫҰ Төрағасы, одан ИЫҰ-ға Төраға болғандығының өзі Қазақстанның зор беделінің көрінісі. Түркі халықтарының ішінен шыққан осындай мемлекетті қалай мақтан тұтпассың?! Сондықтан біздің «Жиһан» ақпараттық агенттігі Қазақстанды барлық тұрғыдан, барлық қырларынан таратуға құмар болып отыр. Мына еңбек сол бауырластығымыздың, өзара қарым-қатынасымыздың бір белгісі болып қалсын дейміз.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.