• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қазан, 2017

Ақтөбе облысында мал шаруашылығын дамыту ісінде түйткілді тұстар бар

843 рет
көрсетілді

Бірін-бірі кездестірген кезде «мал-жандарың аман ба?» деп, жаннан бұрын малдың жағдайы мен төрт түліктің түгелдігін сұрайтын халықтың өкілі емеспіз бе? Бұл хал-жағдай сұрасудың бұрынғы үрдісі дей тұрсақ та, бүгінгі күнде де мал өсіру ісі ежелгі дәстүрімізден тыс қалып қоймағаны анық. Өйткені қазіргі күні елімізде мал шаруашылығы тұтастай экономиканы дамытудың басты бағыттарының бірі.

Біз бүгін осы істің жай-күйі Ақтөбе облысында қандай деген сауалға жауап іздегіміз келе­ді. Осы орайда ең алдымен, өңір­дің мал шаруашылығын өркен­детуге өте қолайлы екенін айт­қан жөн. Қазақстан картасына қара­ңызшы, нені байқар едіңіз? Өңір аумағының кеңдігі бірден көзге түседі. Тіпті ойша көзбен мөлшерлегеннің өзінде көршілес Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарын қоса алғандағы территория Ақтөбе облысынан сәл ғана асып түсетінін аңғару қиын емес. Мұны айтып отырған себебіміз осыншама үлкен аумақ жайылымдық мал шаруашылығын жолға қоюға өте тиімді екенін жеткізу болатын.

Қолда бар деректер облыс аума­­­ғы­н­­дағы 30 млн гектар жер­­дің 25 млн-ы ауыл шаруа­шы­­­лы­­­ғына жарамды алқаптар еке­нін көр­сетеді. Алайда өңірде қазір­­­гі күні оның тек 10 млн гектары ғана сала қажеттілігі үшін қол­­да­нылып жүргенін ескерсек, пай­­даланылмай бос қалған әлеует пен мүмкіндіктердің мол екеніне бірден көз жеткізуге болады. Соның ішінде мал жайы­лы­­мы үшін белгіленген 20 млн гек­тар­дың тек 9 млн-ы ғана мал өсі­ру­ші­лердің үлесіне тиеді екен.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан халқына арна­ған Жол­дау­ларының бірінде еліміз­дегі бірқатар облыстардың аумақ­тары жайылымдық мал шаруа­шы­лығын өркендетуге тиім­ді екенін айтқан болатын. Бұл рет­те Ақтөбе облысының мүм­­кін­дігі мол екенін жоғары­да көр­се­тіл­ген деректер де дәлел­дей түседі. Президенттің па­йым­­дауынша, жайылымдық жер­лер – арзан ет өндірудің бір­ден-бір жолы. Мұндай жағ­дай­­да мал шаруашылығы өнім­дерін өндірудің өзіндік құны бір­­шама төмендейді. Егер ақ­төбе­лік мамандар осы мәсе­леге тереңірек көңіл аударса, оның тиімділігіне оңай көз жеткі­зері анық. Алайда әзірге бұл мә­селеде айта қаларлықтай қозға­лыс байқала қоймайды. Шұрай­лы жер, қолайлы климат және су қоймалары бола тұра мұнда мал басының өсімі 1,5-4 пайыз­дан аса алмай кел жатқа­ны­ның сы­рын мүмкін осындай ора­лым­­сыз­дықтан іздегеніміз жөн шығар.

Соңғы жылдары елімізде мал шаруа­шылығын дамытуға, со­ның ішінде асыл тұқымды мал са­нын өсіруге қатысты «Сы­баға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» секілді бағдар­ла­малар қа­был­данды. Егер істің көзін таба білсе, оның мүм­кін­дігін пай­­да­ла­нып алға жыл­жытуға бола­тыны бесенеден белгілі. Об­лыста осы мақсатқа бөлінген қара­жат­тың иге­рілу деңгейінің көңіл көн­ші­те бермейтіні де бөлек бір әңгі­ме­нің еншісі. Біз мате­риал­ды газет өндірісіне әзір­­леу бары­сын­да осы басы ашық сауал­­дарға жауап алу­ды мақ­сат тұтқан едік. Алай­­да атал­­ған мем­лекеттік бағ­дар­­ла­­ма­лар­­ды іс­ке асырудағы жар­­­қын мы­сал­дарға қол жеткізе ал­ма­­дық. Бұл көріністің өзі сайып кел­ген­де облыста мал шаруа­шы­лы­ғын өркендету ісіне салқынын тигізбек.

Рас, бүгінгі күні облыста ауыл­­­­шаруашылық коопера­тив­те­рін дамыту ісіне тәп-тәуір кө­ңіл бөлініп отырғанын жоқ­қа шы­­ғаруға болмайды. Осы ар­қы­лы мал шаруашылығына қатыс­ты құрылымдарды нығайта түсу­ге де жол ашылмақ. Әрі мұндай қадам өңдеуші кәсіпорындарды жергілікті сапалы шикізатпен қамтамасыз етудің бір тәсілі де. Ең бастысы, ауыл тұрғындары мал өсіріп, оның өнімдерін пай­­да­­ға асыруды мақсат еткен коо­­пе­­ративтерге бірігу арқылы әле­­ке­дей жалаңдаған алыпсатар­ларға жем болмай, өздері өсірген ақ адал малының өнімдерін тиісті бағасына пұлдай алады.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшы­сы Құсайын Сәрсенбайдың айтуынша, бұл мәселеде ешқандай мін жоқ секілді көрінеді. Ол биылғы жылы облыс көлемінде 2,5 мың үй шаруашылығын коопе­ративтерге тарту мәселесі қойылғанын айтып берді. Қазіргі кезде 171 ауылшаруашылық коо­пера­тивінің құрамына 4000 үй шаруа­шылығы, 108 фермерлік қожалық, 30 заңды тұлға бірікті деп мәлімдеді сала жетекшісі.

Әрине, алғаш естігенде бұл дерек­­тердің бәрі жаныңды сүй­сін­­дірмей қоймайды. Бәре­келді де­гің келеді еріксіз. Әйт­се де құрыл­­ған коопе­ратив­тердің санын тіз­бектеу бар да, олар­дың нақ­ты жұмыс нәти­же­лерін сарап­тау бар емес пе?! Тіпті бұл екеуінің арасы жер мен көк­тей десе де болады. Осы тұрғы­да сала басшысы санамалап берген ауылшаруашылық коо­пе­ративтерінің бәрі аяқтарынан тік тұрып, шаруаларын шалқытып әкетті деп айта алар ма екенбіз.

Осы ыңғаймен тағы да сала иірім­деріне тереңдей түсер бол­сақ, мал шаруашылығы өнім­дерін өндіру бар да, оны өң­деу бар. Бұл ретте өңірдегі мал өнім­­дерін өңдеу саласы алдың­ғы іспен салыстыра қара­ғанда, бір­шама ақсап тұрға­ны бай­қалады. Әсіресе, өңір­де соңғы кез­дері ет пен сүт өң­деу мөл­шері әжептәуір аза­йып кет­кені белгілі болып отыр. Сөйтіп мұнда оның үлесі биылғы жылдың жеті айы­ның қорытындысы бойынша небәрі 36,4 пайызды құрапты. Мұндай төмен көрсеткіш Ақтөбе қаласында, Алға және Ырғыз аудандарында тіркелген. Бұл жағдай өз кезегінде өңірдегі өң­деуші кәсіпорындардың қыз­метін қайта құру керектігін көр­сетеді. Оның әлеуетін көтеру жөнін­де шұғыл шаралар белгілеу қа­жет­тігі де талас туғызбайды.

Құдайға шүкір, өңір ет және сүт өңдейтін қуатты кәсіп­орын­дарға кенде емес. Облыста жалпы қуаты жылына 21,5 мың тон­наны құрайтын ет өнімдерін шыға­ратын 11 кәсіпорын бар екені осы сөзіміздің дәлелі. Сүт өңдеу зауытының саны жөнінде де біреуге кінә тағудың ешқандай жөні жоқ. Әйтсе де олардың қазіргі күні алып отырған орташа жүктемесі көңілге қонады деп айтуға ауыз бара бермейді. Өйткені оның алғашқысындағы мұндай көрсеткіш 61 пайыз төңірегінде болса, сүт өңдеу зауытының орташа жүктемесі небәрі 18 пайыз ғана.

Дегенмен облыста мал шаруа­шылығын дамыту мәселесіне кейінгі кезде жан-жақты көңіл бөліне бастағаны үлкен үміт ту­ғызады. Бұл үшін жалпы құны 10,7 миллиард теңгені құрайтын 23 инвестициялық жоба белгі­ленген. Оның 13-і сүт өңдеу жобаларына жұмылдырылса, 10-ы ет өңдеудегі қордаланып қалған мәселелердің түйінін тарқатуға тартылмақ. Мұндай жағдайда ет пен сүт өнімдерін қайта өңдеу ісі жаңаша серпін алатыны айқын.

Бүгінгі күні еліміздегі ауыл­шаруашылық еңбеккерлері 2017-2021 жылдарды қамтитын агроөнеркәсіп кешенін дамыту­дың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бел шеше кіріскен. Осындай сындарлы сәт пен жауап­ты кезеңде ақтөбелік мал өсіру­шілер де қолда бар әлеует­терін тиімді пайдаланудың оң­тай­лы жолдарын іске асыратынына сенім артқымыз келеді.

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ