М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты тақырып аясында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынды Тіл және әдебиет институты қазақ филологиясы кафедрасының профессоры Жанар Таласпаева жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Елбасы мақаласында ұсынылған бірегей жобалардың бірі қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру болып табылатынын, бұл шара кезең-кезең бойынша дәйектілікпен, жүйелілікпен жүзеге асырылатынын еске салды.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының бас маманы Мереке Баймұқанов «Қазақ тілінің болашағы – латын әліпбиі» тақырыбында баяндама жасап, қазақ әліпбиінің тарихына шолу жасады. Қазақ тілінің әліпбиін Орхон-Енисей жазулары мен XIV ғасырдағы қыпшақ тілінде жазылған «Кодекс-Куманикус» сөздіктерімен байланыстыра отырып, «Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатында 1929-1940 жыл аралығында қолданылып келген латын әліпбиінде жазылған құжаттар көптеп сақталғанын, оқу соншалықты қиындық тудырмайтынын, өйткені «бір әріп – бір дыбыс» нұсқасы ізімен құрастырылғанын айтты.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жергілікті филиалының төрағасы Сағындық Салмұрзин «Дүниежүзі қазақтары пайдаланатын әліпби және қазақ тілі әліпбиінің болашағы» туралы ой қозғады. «Түрік ағайындардың есебіне қарағанда сыртта жүрген қазақтардың саны 7 миллионға жетеғабыл көрінеді. Әлемнің 42 елінде тұрып жатқан олар ортақ әліпбидің болуын қуана құптап отыр. Біз өз тарапымыздан латын графикасын қолданып, электрондық оқулық шығардық. Бұл қадам Түркиядағы қазақтармен қолайлы байланыс орнатуға мүмкіндіктер берді. Енді Қытайдағы ағайындармен қарым-қатынас жасау ойымызда бар», деді ол. Әліпбидің әбден сараланған, бірыңғай стандарты қажеттігін алға тартты.
Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бас маманы Ернияз Сұлтановтың пайымынша, бүгінде латын әліпбиіне көшу еш талас тудырмайды. Тек қандай әліпби көңілге қонымды деген мәселені әбден екшеп алуымыз керек. Көптеген елдер латын әрпін қолданады. Қазақстан да өркениет көшінен қалмау керек. Бұл орайда түркі халықтарының озық тәжірибесіне сүйенген еш артықтық етпейді. Меніңше, Ахмет Байтұрсыновтың «бір әріп – бір дыбыс» ұстанымын басшылыққа алған дұрыс. Көрші бауырлас елдер сияқты жаңа әліпбиімізді бірнеше рет реформаға ұшыратпау үшін апробациядан өткізіп барып қабылдаған жөн.
«Қазақ филологиясы» кафедрасының аға оқытушысы, ғылым магистрі Гүлфайруз Синбаеваның сөзі де әсерлі шықты. Ол «Латын графикасына неге көшеміз?», «Қазақ тілінен, оның қасиетінен айрылып қалмаймыз ба?», «42 әріпті 26-ға дейін қысқарту белгілі қиындық тудырмай ма?» деген дүдәмал ой-пікірлер ел ішінде жиі айтылатынына тоқтала келіп, түсіндіру жұмыстарын күшейтуге жиналғандардың назарын аударды. Кириллицаға көшу кезінде еріксіз енгізілген әріптер аз емес. Оларды қолданғанда тіл заңдылықтары бұзылып жатады. Екі дауысты дыбыстың қатар келуі қазақ тілінің ережесіне қайшы десе, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж оқытушысы Жұлдыз Құдыкенова кірме сөздердің тіл тазалығына кері әсер ететінін сөз етті.
Конференцияға қатысушылар өзгелердің тәжірибелерін ескере отырып, жұртшылық талқысына ұсынылған нұсқаларды әлі де жетілдіре түсу керек деген қорытындыға келді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы