• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қазан, 2017

Жетпіс бес жастағы марафоншы Аман Кәкімов туралы не білеміз?

358 рет
көрсетілді

Тарбағатай ауданындағы Құмкөл ауылының тұрғыны, жасы жетпіс беске толған Аман Кәкімов ақсақалды «қария» деуге қимайсың. Десе де, жетпіс бестегі адамды «Әлі жас қой» деп тағы айта алмайсың. Спортты жанына серік етіп, дәрігерлердің өзі дауасын таба алмаған сырқаттан сол құдіреті күшті спорт арқылы құлантаза айығып, жан дүниесіне денешынықтыру арқылы қуат алған бір адам болса, осы Аман Кәкімовтей-ақ болар.

Аман еңбекке де, спортқа да ерте араласқан. Жүгірген, ұзындыққа секірген, күрескен, аудандық, облыстық жарыс­тарда белдескенін жерге алып ұрып, талай рет жеңіс тұ­ғырына көтерілген, атақты ба­луан атанған. Аманның талантын таныған облыстағы спорт мамандары оны Семейге шақырып, хат та жазыпты. Ол кезде ауыл басшылары үшін азаматтың болашағы емес, ауылдағы шаруашылық, қойдың дұрыс бағылуы, егін мен шөптің дұрыс жиналуы сияқты қауырт тірлік қымбат болған. Аманды Семейге жіберіп қойса, ауылдағы ша­руа­шылықтың бір пұшпағы қисайып қалатындай көрінген. Сондықтан облыстан келген хатты Аманның қолына тигізбей, жасырып қалған. Мұны енді «спортшының бағын байлаған» дейміз бе, уа­қыт өткен соң айттың не, айт­падың не, бір кем дүние ғой.

Совхоздың ауыр жұмысы Аманның денсаулығына кері әсер етіпті. Дәрігерлер «бел омыртқа остеохондрозы» деген қорытынды жасапты. Жұмыс-жұмыс деп жүріп денсаулығын құртып алған Аманның жүріп-тұруы да қиындап кетеді. Дәрі-дәрмек, аурухана дәрігерлері оған кө­мек­тесе алмаған. Сөй­тіп, бал­дақ ұстап қалған Аманға спортқа арқа сүйеуден басқа жол да қалмаған.

Елу екі жастан бастап Аман спортпен қайта табысты. Тәуекелге бел буған жігерлі жі­гіт ағасы өмірін құтқарып, кеселден айықтыратын бірден-бір жол – спортпен шұғылдану екеніне әбден көз жеткізді. «Ивановтың 12 қағидасы» де­ген сауығу ережесін тауы­п алып, соны басшылыққа ал­ды. Жыл он екі ай спорт жат­тығуларын жасады. Қазір Аман ақсақал өзін сергек сезі­неді. Күнделікті таңғы бес жарымда ауылдан шығып, сағат сегізге дейін жүгіріп, дене жат­тығуларын жасап қайтады. Қазір ол кісі 42 шақырымдық қашықтықты бес жарым сағатта жүгіріп өтеді. Мұның өзі Гин­нестің рекордтар кітабына енгендердің көрсеткішімен шамалас көрі­неді. Осы Гиннес кітабына енуге неге талпыныс жасамаймын деген ой Аман ағамызды да мазалапты. Сөйтіп ол кісі Алматыдағы Гиннестер орталығын іздеп, таба алмай қайтыпты. Тек «Айтуға оңай» бағдарламасының жүр­гізушісі Бейсен Құранбек қа­на жылы қабақ танытып, «ха­барласайық» депті.

– 42 шақырым қашықтықты 70-85 жаста жүгіріп, жақсы нә­тиже көрсетіп, Гиннестің ре­корд­тар кітабына енген қария­лар бар екен. Әйтеуір үміт дүниесі ғой, мен де соған дайындалып жүрмін. Қазір осы қашықтықты бес жарым сағатта жүгіріп өтемін, – дейді Аман ақсақал.

Аман ақсақалдың осы әңгімесін естіп ойға қаласың. Спорттың денсаулыққа пай­далы екенін, оның артық­шылығын жастар арасында насихаттаудың бірден-бір мысалы – осы Аман Кәкімов сияқты ардагерлеріміздің өнегелі істерін көрсету емес пе? Аманның спорттағы талпынысын, арман-мақсатын аудандық спорт ұйымдары қалай естімеген? Естісе, Аман қарияның спорт арқылы ауруды жеңе білген ерлігін бас­қаларға үлгі ету шараларын ұйымдастырар еді-ау деп те ойлайсың. Әуелі, бір зейнетақысынан басқа табысы жоқ Аманды Алматыдағы Гиннестер орталығына ертіп барып, желаяқ қариялардың сайысына қосып, бағын сынаса, саламаттылық өмір салтын насихаттайтын Тарбағатай аудандық мәдениет және спорт бөлімінің абыройы артпаса, кемімес еді.

Хамза СӘТИЕВ, Қазақстанның Құрметті журналисі

Шығыс Қазақстан облысы,Тарбағатай ауданы