Жақында Македонияға «Стоби» халықаралық антикалық драма театрлар фестиваліне арнайы шақырумен барған Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ұжымы Гран-при сыйлығына ие болды!
Халықаралық өнер бәйгесінде Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов Хайнер Мюллердің «Филоктет» қойылымы мен Жан Ануйдің «Медея» монодрамасын сахналаған. Қазақ театры фестивальдың бас жүлдесінен бөлек, «Ең үздік ер адам» (актер Салауат Түменов) және «Ең үздік әйел образы» (ҚР мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатова) сыйлықтарын да жеңіп алды.
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры биылғы мерейтойлық XXV маусымын Назым Хикметтің «Шығыстың шерлі махаббаты» қойылымымен ашты. Шығыстағы әйгілі «жеті ғашықтың» бірі Фархад пен Шырын қиссасын баяндайтын терең туындыны сахналаған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай әл-Тарази.
Орал қаласындағы қазақ драма театры – ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары дүниеге келгенімен, бүгінге дейін талай жетістік, талай жеңіске жетіп жүрген мақтаулы ұжым. Өткен маусымның соңында ғана театрға даңқты жерлесіміз – КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкееваның есімін беру жөнінде шешім шыққан болатын. Бір қызығы, жаңа маусымның шымылдығын ашқан Фархат-Шырын қойылымы Алматыда сахналанған кезінде Хадиша Бөкеева Мехменбану рөлін сомдаған екен.
– Мен әйгілі сахна саңлағы, профессор Хадиша Бөкееваның шәкіртімін. Ұстазымның есімі берілген қасиетті сахнада тұрып, ол кісінің аруағы алдында бас игім келеді. Қасиетті Ақ Жайық өңірінен түлеп ұшқан Хадиша апамыз сонау Санкт-Петербургте білім алып, қазақ өнерінің атын биікке көтерді. Біз бүгінгі премьерамызды сол кісінің рухына арнаймыз, – деді премьера соңынан сахнаға көтерілген қойылым режиссері Тұңғышбай Жаманқұлов.
Айта кету керек, маусымның алғашқы қойылымы аншлагпен өтті. Басты рөлдерде Ж.Жұбатов, Ж.Валиуллиев (Фархад), А.Сағаденова, А.Кайрова (Шырын), А.Амандықова, Н.Шадыева (Мехменбану), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Есендосов, С.Түменов (Уәзір), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Г.Шынтемір, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Ә.Мәмбетова (Күтуші әйел) тағы басқалары өнер көрсеткен қойылымның рәсімдік, пластикалық шешімдеріне театр әртістері түгел қатысқан. Режиссермен бірге спектакльдің қоюшы суретшісі М.Мәмбетов, балетмейстері Қ.Қадырбекова, музыкамен көркемдеуші Е.Қажымов та үйлесімді еңбек еткені көрінді.
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры соңғы жылдары үздік жетістіктерімен көрермен қауымды тәнті етіп жүр. Мәселен, Орал театры 2015 жылы Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» халықаралық антикалық өнер фестивалінің бас жүлдесін, 2016 жылы Македонияда өткен «Стоби-2016» антикалық драма театрлар фестивалінің Гранпри жүлдесін, былтыр күзде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, халықаралық «Алаш» әдеби және тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Иранғайыптың шығармашылығына арналған «Мәңгілік елдің Алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Жақын күндері театр ұжымы арнайы шақырумен Македонияға антикалық драма театрлар фестиваліне тағы аттанбақ.
– Біз бұл жолы халықаралық өнер бәйгесіне Хайнер Мюллердің «Филоктет» қойылымын және Жан Ануйдің «Медея» монодрамасын апара жатырмыз. Екі спектакльді де сахналаған – Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов, – дейді театр директоры Қуаныш Амандықов.
Жоғарыда аталған үш қойылымнан бөлек, мұнда тағы екі спектакльдің дайындығы қызу жүріп жатыр. Олар режиссер Самал Әбуов дайындап жатқан «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясы мен Мұқан Томановтың режиссерлігімен қойылатын жергілікті жазушы Мұнайдар Балмолданың драматургия жанрындағы тырнақалдысы – «Он төрт» драмасы.
Әрине театр ұжымы үшін әрбір жаңа дүниені сахналап шығару қаншама күш-қуат, қаржы мен уақыт талап ететін күрделі процесс қой. Қуаныш Сайлауұлынан бір мезгілде 5 премьера дайындап отырған Орал театры табысының сырын сұрадық.
– Біздің театрда актерлер мен режиссерлер арасында ішкі өнер жарысы, шығармашылық бәсекелестік қалыптасқан, – дейді өзі де талантты актер, танымал ақын Қуаныш Амандықов. – Осындай творчестволық аура қалыптасқан соң жұмыс та өздігінен алға баса береді. Әдетте өзге театрларда бір қойылымға бүкіл ұжым, яғни 40-45 актер кіріседі. Сосын рөлге таласады. «Анау шыға береді, мынау қалып қоя береді» деген интрига басталады. Бір-бірін аяқтан шалу кездеседі. Ал бізде ондай мүлдем жоқ. Бізде мысалы Самал Әбуов бір спектакль қойғысы келсе, өзіне керекті әртістерді, өзі тіл табысатын адамдарды жанына үйіреді. Екінші топ та, үшінші топ та солай. Сөйтіп олардың арасында жарыс, шығармашылық бәсеке басталады. Олар қалайда сахнада өзін көрсетуге күш салады. Актердің жүктемесі көбейеді. Сондықтан олардың бос әңгімеге уақыты да болмайды. Соның арқасында бізде спектакльдер бірінен кейін бірі сахнаға шығып жатыр. Және бұл қойылымдардың әрқайсысынан нәтиже бар.
Біз бас режиссер деген лауазымнан бас тарттық. Байқасаңыз, бүгінде Еуропада да, Ресейде де осы үрдіс. Бас режиссер кімге бас болады?! Мысалы, мен директор ретінде осы театрдың шаруашылық жағын реттеуші менеджер ғанамын. Көркемдік жетекшіміз бар. Театрда адам өнер көруі керек. Ашық-шашық, жеңіл дүниелерге қызықпаймыз. Әр спектакльдің біздің репертуарымызға не үшін, қандай мақсатпен алынып жатқанын, не беретінін талқылап аламыз. Осылайша біздің театрда қаптаған бастық жоқ. Мен өз шаруаммен шауып жүремін. Өзім актер болғандықтан арасында сахнаға да шығып жатамын. Директордың бір орынбасары көрермен жинау, жарнама мәселелерімен айналысады. Актер творчестволық тұлға болғандықтан, оның көңілін алаң қылатын артық жүк болмау керек. «Қамыттан шығып кеткен» актер сахнаға беттей алмай қалады. Жылына он спектакль емес, бір-екі қойылымды әрең қоятын ұжымдар бар. Ұжым клан-кланға бөлініп, алға басып жарысуға емес, артқа тартып шалысуға кетеді, – дейді директор Қуаныш Амандықов.
Театр басшысы ұжымның жоғарыдағыдай жетістіктеріне жетуіне облыс және сала басшыларының ерекше қолдауы да әсер еткенін айтады. Өйткені халықаралық гастрольге шығып, шетелдік фестивальдарға қатысу үлкен қаржыны талап етеді. Бұл мәселені көбіне облыстың бірінші басшысы ғана шеше алады. Құдайға шүкір, Батыс Қазақстан облыстық театры жыл сайын шетелдік сайыстарға қатысып, тәжірибесін шыңдап келеді. Жақында ғана өңір басшысы Алтай Көлгіновтің қолдауымен театр ұжымы су жаңа екі көлікке ие болған.
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры қазанның 28-30-ы аралығында Жастар театрында өз репертуарымыздағы «Троя арулары», «Махамбет», «Жәмила», «Қысқа ғұмыр» қойылымдарын алматылық талғампаз көрерменнің назарына ұсынбақшы. Байқап отырғанымыздай, қайнаған тірлік жүріп жатыр. Театр басшысы Қуаныш Сайлауұлымен арадағы осы әңгімеміз де көлденең қоңырау мен театрдың тынымсыз тірлігі арасында сан бөлініп, сан жалғанғанын айта кетейік.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Орал