Алматыдағы Алатаудың етегінде орналасқан білім ордасы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының құрылып, Қазақстанның әр түкпірінен жиналатын оқушыларға жан-жақты білім мен тәрбие беріп келе жатқанына биыл 60 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде білім ордасы қазақ деген ұлтымыздың қаймағын дайындап шығаратын қасиетті қара шаңыраққа айналды. Мен өмірімнің 57 жылын мектеп оқушыларына арнадым. Мектебім қуанышым, бақытым, мақтанышым болды. Осы мектепте 40 жыл бойы тарих, адам және қоғам пәндерінен сабақ бердім.
Бұл мектеп алғашқыда Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми зерттеу институтының тәжірибе жүргізетін мектебі болғандықтан, мұғалімдеріміз ғылыми жұмыстарға белсене араласты. Жаңа оқу құралдары, әдістемелік құралдар сабақтарда тәжірибеден өткізілді. Республикалық семинарға келген мұғалімдер үшін ашық сабақтар өткізіп, сабақтың ғылыми-тәрбиелік мәнін оқушылардың санасына жеткізудің әдіс-тәсілдерін көрсеттік. Кейде телеарналардан сабақ беруді дағдыға айналдырдық, оқу диафильмдерін жасадық.
Республикалық олимпиадаға, тест сұрақтарына күні-түні оқушылармен бірге дайындалдық, оқушылардың жетістігіне бірге қуандық. Данышпан Абайдың әрбір ұлағатты сөзін басшылыққа ала отырып, әр баланы өзіне өзі есеп беруге, өзінің қатесін өзі жөндеуге тәрбиеледік. Оқушылар мектептен тек білім ғана емес, үлкен тәрбие алды, төсек-орындарын дұрыс жинауға, жинақы, таза жүруге, өздігімен ізденуге, еңбекке үйренді.
Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін жеке шығармашылық кештерін, есептерін өткізуге мүмкіндік жасадық. Қазіргі жаңартылған оқу бағдарламасында алған білімді өмірге жарату, пайдалану деген қағида бұл мектепте ерте кезден басталды. Республикалық олимпиада, ғылыми жобалар, басқа да конкурстарға қатысатын оқушылар үшін түстен кейін қалып, үнемі терең білім беруді мақсат еттік. Тәрбиешілермен тығыз байланыста, оқушылардың жеке қабілеттерін ескере отырып, олардың шығармашылығына даңғыл жол ашуға тырыстық, тұлға ретінде қалыптасуына күш салдық. Өмірде қандай қиындықтар болса, соны жеңуге үйреттік. Сондай-ақ есімі елге белгілі тұлғалармен, жазушылармен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастыруға айрықша көңіл бөлдік. Өйткені осындай кездесулердің оқушыларға берер әсері, тағылымы мол болатын.
Ертеректе өткен осындай бір кездесуде Халық қаһарманы, марқұм Әзірбайжан Мәмбетов «Сіздердің мектептеріңіз зиялы қауымның шоғырын дайындап жатқанына көзім жетті», деген еді. Расында да солай.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болған қайраткер Талғат Мамашев, Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев, ҰҚК генерал-лейтенанты Әділ Шаяхметов, Қорғаныс министрлігі Бас штабының бастығы болған марқұм Мәлік Сапаров, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Қайрат Адамбеков, ТМД Үйлестіру кеңесінің қазақстандық өкілі, генерал-майор Елемес Жаңабергенов, Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы әрі Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұрлан Оқаұлы, Жапонияның Сендай қаласындағы Тохоку университетінің профессоры Нұрбосын Жанпейісов, Орталық Азия аймақтық кеңесі және білім беру орталығының директоры Айна Ермекбаева, жазушы Бекен Нұрахметов, айтыскер ақындар Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, ақын Танакөз Ілиясова осы мектептің түлектері.
Бұл тізімді еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етіп жүрген журналистер шоғырымен жалғастыруға болады. Құқық қорғау, экономика және бизнес саласында табысты жұмыс істеп жүргендері қаншама. Бәрін бір мақалаға енгізу мүмкін емес. Сондықтан мен осындай азаматтарды тәрбиелеген мектепті басқарған басшылар жөнінде де бір-екі ауыз айтқым келіп отыр.
Директор – мектептің миы, ұжымның ақылшысы, туындаған проблеманы дер кезінде шешетін, ұжымды ұйыстыра алатын қабілетті ұйымдастырушы. Білімі ұшан-теңіз, мәдениеті жағынан қарамағындағылардан биік тұратын, қызметкерлердің іскерлігін танитын, тіпті мектеп оқушыларының қабілетін, мінез-құлқын, олардың ата-анасын, тұрмысын жетік білетін директор – мектептің бақыты. Осындай директорлар біздің мектепте жұмыс істеді, мектептің абыройын асырды. Солардың қатарында Қапан Қадыржановты, Сераж Әмірхановты, Тұрсын Мешітбаевты, Мақсұт Оразайды айрықша атап айтуға болады. Кейінгі Жанас Салпынов, Мұхтар Ибраимов, қазіргі директоры Роза Сексенова да мектеп-интернаттың жанын жақсы түсінген, оның отымен кіріп, күлімен шығуға әзір, қабілетті ұйымдастырушы, білікті басшылардың қатарынан деп білемін.
Сан түлекті өмір өлкесіне самғатқан алтын ұямызда көптеген білімді де тәжірибелі мұғалімдер, ұлағатты ұстаздар еңбек етті. Солардың да бірнешеуін атап кетейін. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, кезінде сабақ берудің 17 әдісін республика мұғалімдеріне үйреткен, қазақ тілі пәнінің мектептегі «пірі» болған шебер ұстаз Аршагүл Пралиева, КСРО халық ағарту ісінің үздігі Нағима Бекмағамбетова, «Ленин» орденінің иегері Венера Қуанышбаева, Білім беру ісінің үздік қызметкері, суретші Сапа Ысқақов, математиканы шемішкедей шақтыратын Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Сара Жақсымбетова, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы, журналист әрі ұстаз Үмбетбай Уайдин, білім беру ісінің үздігі Ләззат Аупбаева сынды майталмандар оқушыларға білім ғана емес, өмірлік тәлім-тәжірибелерін де үйретті. Мысалы, Ү.Уайдин сабақ берген кездегі мектеп түлектерінің көбі журналистика факультетіне түсіп, бүгінде еліміздің маңдайалды ақпарат құралдарында қызмет атқарып жүр. Ал ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Құрмет грамотасымен» марапатталған музыка пәнінің мұғалімі Ғалия Мұсаеваның тәлімін алған Тоқтар Серік, Ақбота Керімбекова, Тамара Асар, Бейбіт Қорған сынды оқушылар бүгінгі қазақ эстрадасының шоғырын толықтырды.
Ардагер ұстаздардың тәлім-тәрбиесін көрген қазіргі мұғалімдердің нәтижелелері де көңіл қуантарлық. Соңғы бес жылда республикалық ғылыми жобалар жарысынан қорытынды есепте мектебіміз «Үздік команда» атағын иеленсе, республикалық пәндік олимпиадалардан «Ең үздік олимпиадалық мектеп» атағын бес жыл қатарынан жеңіп алды. Республикалық Абай-Шәкәрім, Махамбет, Мұқағали, Ілияс оқуларының «Ғұмырдария» республикалық байқауларының жүлделі орындары да осы мектептің дарынды оқушыларының үлесінде десек, артық айтпағанымыз.
Мектебіміздің осындай үздік нәтижелерге қол жеткізіп, білім биігінен көрінуін біздер, ардагер-ұстаздар әрдайым мақтан етеміз. Алдағы кезеңде де қазақтың өнегелі ұл-қыздарын тәрбиелеп, елімізге аянбай қызмет қылатын нағыз ұлтжанды азаматтарды үлкен өмірге қанат қақтыра беруіне тілектеспіз және солай болатынына сенеміз.
Орынша
ҚАРАБАЛИНА-ҚАЗЫБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері