• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Қазан, 2017

Роза Рымбаева: Талантының өлшемін білетін адам ешкімнен қорықпайды

1538 рет
көрсетілді

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаевамен сұхбат. 

 

– Роза Қуанышқызы, сіз келіп жатқан дөңгелек датаны дауыстап айтуға батылымыз бармайтын сияқ­ты, дегенмен 18 жасыңыздан сахнаға шы­ғып, 42 жыл бойы қазақ эстрадасының көшбасшысы болып келе жатқаныңызды қара­пайым арифметикамен қисын­дасақ, өмірдің үлкен бір асуына шыққан екенсіз. Туған күніңіз құтты болсын!

– Рахмет! Менің де айғайлап айтқым келмейді-ақ, жүрегімде аздаған толқу болғанымен, сахнадан ажырамай, елімнің алдында жүріп жеткен осы биі­гіме шүкір деймін. Келген жасым­ның қасиетін сезіну үшін уа­қыт керек болар. Әзірге, көңіл күйім де, денсаулығым да, шығар­машылығым да бұрынғы ырға­ғынан айнымағандықтан, айыр­машылық көріп тұрғаным жоқ. 

– Мерейтойыңызды атап өтесіз бе?

– Жалпы, біздің қазақ, әсіресе, қазақ әйелдері мерейтойға аса мән беріп, атап өтуді жөн сана­маған ғой. О бастан туған күн той­лағанды аса ұната бермеймін. Жылдан-жылға жасың ұзарып келеді, айналаң, жақындарың, өзің аман-есен болып, жаңа жас­қа жеткенің, әрине, қуаныш. Жыл сайын өз отбасыңда, бала-шағаңмен, туған-туыстарыңмен, жақын құрбыларыңмен кішігірім дас­тарқан басында жиналу дәс­түрі бізде де бар. Бірақ мейрамхана ішін толтырып, мейман жи­нап алып, мәжіліс-жиналыс жасағандай оларды үстелдің басы­на қаздитып отырғызып қойып «ал, алпысқа толып жатыр екенсің, құтты болсын» деп тілек айтқызып, дуылдаған-шуылдаған дүрмекті той болмайтыны анық. Мен жалпы, туған күнімді көбінесе сахнада өткіземін. Осы жолы да өзімнің туған жерім Семей өңіріндегі Жарма ауылына барып концерт беруді жоспарлап отырмын. Өйт­кені өзімнің туған ауданыма барып, ауылдастарымның алдында ән салмағалы талай жылдың жүзі болыпты. 

– Тасқын ағамыздың ме­згілсіз дүние салып, қара жамылып қалған кезіңіз болмаса, ширек ғасырға қадам басқан шы­ғармашылық жолыңызда алтын баспалдақтың үстімен жү­ріп келе жатқан сияқты әсер қалды­ратыныңыз бар. Алтынның үстінде жүріп тай­ғанақтаған кезіңіз болды ма?

– Біздің өнеріміздің ерекшелігі мен табиғаты сондай, халық тек еңбегіміздің нәтижесін ғана көреді. Сол ақырғы нәтиже белгілеген деңгей­мен өлшейді. Басқа әншілермен салыстырғанда, мен әнді тек жанды дауыспен айтамын. Концерттерімді үлкен оркестрлердің сүйемелдеуімен өткіземін. Осы классикалық деңгейді бүгінгі күнге дейін бір мысқал да төмен­деткенім жоқ деп ойлаймын. Әрине, ауқымды сарайдың атшаптырым сахнасында, төбеңнен, төменнен жіберілген түтіннің ішінде, самаладай болып жарқыраған қызылды-жа­сылды жарықтың астында жадырап, жайнаған жүзіңді ғана көретін көрерменге осы кереметті сезіндірудің ар жағында қаншама жанкешті еңбек, ізденіс жатқанын ешкім білмейді. Ал көрермен осы еңбектің бәрін «алтын» деп бағаласа, онда ізденісіміз бен іс-әрекетіміздің далаға кетпегені. 42 жыл бойы ән салып келе жатырмын, осынша жыл дауысты сақтап қалудың өзі еңбек. 

– Ілгеріректе Республика сарайында жыл сайын өткізетін кон­цертіңізге 25 жыл бойы үздік­сіз келіп, гүл сыйлайтын көрер­меніңіз туралы мақа­ла оқыған едік. Мұндай табы­нушыларыңыздың қатары сиреген жоқ па?

– Менің шығармашылығыма мән беріп қарайтын тұрақты көрерменімнің қалыптасқанын бұрыннан білемін. Өнерімді жақсы көретін көрерменіме ал­ғыстан басқа айтарым жоқ. Кейде кездескенде «өткен жолғы концер­тіңізде ана бір әніңізді неге айтпай кеттіңіз?» деп сұрап, таңғалдырып жататын көрермен бар. Маған үнемі гүл сыйлап, үнсіз кететін ол адам да менің кәсіби деңгейімді бағалайтын сондай көрерменімнің бірі болар. Кейбір көрерменім жиырма жыл бұрын бірге түскен суретімізді әкеп көрсетіп жатады. Бірде телевизиялық бағдар­ламалардың біріне Арқалық әлде Қостанай қаласынан бейтаныс әйел адам келіп қатысты. Сол кісі: «сіз маған 1976 жылы открытка жазып бергенсіз» деп, менің қолыммен жазылған кеңестік открытканы әкеп көрсетті. Иә, алғаш Семейден Алматыға 1976 жылы келгенде, мен анамның Сара деген сіңлісінің үйінде тұрғанмын. Сөйтсем, өзімнің біреудің үйінде тұратынымда шаруам жоқ, жап-жас болып кеңшілігімді қарай көріңіз, «егер Алматыға келсеңіз, мені осы адрес бойынша таба аласыз» деп Сара тәтемнің мекенжайын жазып қойыппын. Бұл кісі де әлі күнге дейін менің тұрақты тыңдарманым екен. Әр кон­цертіңді берген сайын жа­ңа­лықпен шық­қанға не жетсін! Әр концертім сайын ха­лық­пен сырласамын. Мұ­ңымды, сы­рымды, қуаны­шым­ды әнмен жеткізгім келеді, сол ниетімді көрерменім түсінсе екен деп тілеймін. 

– Кезінде композиторлардың көп­шілігі сізге ғана арнап ән жазуға ты­рысты, ол әндер Тұ­ман­бай Мол­дағалиев, Исрайыл Сапарбай, Ибра­гим Иса сынды тамаша ақын­дар­дың жаз­ған өлеңімен әдемі үйле­сім тауып, жүректерге жетті. Қа­зір­гі ре­пер­­туа­рыңыздағы әндерге айты­­ла­тын сын бар, өзіңіз қа­лай бағалайсыз?

– Музыкалық деңгейі жа­ғынан кейінгі жылдарда айтып жүрген әндерімді өзім жоғары бағалаймын. Репертуарымды соңғы жылдары то­лықтырған әндерімнің кез келге­німен ха­лық­аралық байқауларға қым­сынбастан қатысуға болады. Жақында ғана Беларусь елінде өтетін халықаралық «Славян базары» конкурсына құрметті қонақ ретінде қатысып қайттым. Қазақ композиторларының заман ырғағына қарай жаңа әуен, заманауи саз табуға тырысқан талпыныстары жақсы. Алғаш орындап шыққан «Әлиядан» бастап бүгінгі күнге дейін сайысқа түсетін әндерді орындауды хош көремін. Рас, Сейдолла Бәйтереков ән­дерін тек маған арнап жазды. Сейдолланың сол әндерін халықтың әлі күнге дейін жақсы көру себебі, Сейдолла – лирик композитор. Байсалды, ішінде сыры бар әндер сол кезеңнің сұранысына сай болды. Ал қазіргі жастар Сейдолланы мен арқылы таниды. Бірақ Бәйтереков жазған иірімі мол, жібектей нәзік, сырлы әндерді орын­дағанымен, ішіндегі ойды, әнді жымдастырып ұстап тұрған уызын жеткізе алмай жа­тады. Әр композитордың өз стилі бар, әр уақыт толқынының өз ырғағы бар, композитор нақ осы уақыт пен тыңдаушы керек еткен әуенді ұсынады. Егер тек Сейдолланың ғана әндерін орындай берсем, бір қалыпқа түскен шаблон әнші болар едім, онда тыңдаушымды да тез жалықтырар едім. Қазіргі орындайтын ән­дерімді әртүрлі композиторлар жазады. Соның ішінде менің ұлдарымның да әндері бар. Бұл – жаңа заман музыкасы. Біздің өмірімізде не көп, ән көп, әнші көп. Олардың орындап жүрген әндерін «хит» дейді. Қазір теледидарды ашып қалсаңыз, «Той думан», «Той бастар», «Тойға шашу» атты тек той атауымен байланысты бағдарламалар шығады. Рахат, өміріміздің бәрі той. Осы әндердің қатарында өзіңше ерекше бір әніңмен шықсаң, секіріп жатқандардың жанында сен «неформат» болып қаласың. 

– Бұрын жұрт ұлыңыз Әли Оқаповқа «Роза Рымбаеваның баласы» деп қараса, қазір сіздің өзі­ңізге «Әлидің мамасы» деп қарайтын көзқарас орнығып келеді. Бала­сы өзіне жете туған барлық ата-ананың басында бо­латын буын алмасу таны­мал­дылығы сізді де қуан­татын болар?

– Әрине, қуантады. Баламның тыңдарманының көңілінен шы­ғып, өз көрерменінің талғамын қа­на­ғат­тандыратын әндерді кәсіби орындаушылықпен ұсы­натыны сүйсіндіреді мені. Ба­ламды жақсы көрген адамды мен де жақсы көремін. Әлидің өз стилі бар, менің қалыптасқан өз соқпағым бар. Екеуміз екі түр­лі қоғамдық ортаның тәрбие­сімен өскен жолы басқа әншілер болсақ та, бізге ортақ музыка танымалдылығымызды сабақ­тастырып жатыр. Әлидің тың­дарманы, негізінен, жастар. Мені «Әлидің мамасы» деп құр­меттейді. Ал менің әнім – менің құрбы-құрдастарымның әні. Сон­дық­тан өз жасыма сәйкес, өзімнің көз­қарасыма сәйкес әндерді орындаймын. 

– Онсыз да жеңіл жанрдағы эстрадамыздағы бір-бірінен аумай­тын даңғаза әндер еш­қа­шан сұрып­талуы аяқ­талмайтын, електен өтіп болма­ған күйі ертеңге жалғаса беретін жаны сірі музыка екенін көр­сетіп келеді. Сіз кейде күйініп, ащы сын да айтып жібересіз. Қалай қабылдайды?

– Қазір жеңіл жолмен жұлдыз болып жатқан жастар көп. «Әсіре қызыл тез оңар» деп жарқ етіп жанып, кейін ізім-ғайым жоқ болып кеткен жастар да бар. Оны уақыт шешеді. Қазіргі эстрада орындаушыларының бәрі бір-біріне ұқсайтынын ешкім жоққа шығара алмас. «Араларыңнан «аһ» дегізіп шыққан әншіні көріп тұрғаным жоқ» деп айтатыным рас. Қазір «формат» деген пайда болған. Ол таза тойға негізделген формат. Барлық әнші бір форматпен, бірдей деңгейде жұмыс істеп жатыр. Өздерінің түрі де, биі де, әні де ұқсайды. Бірінен бірін ажырата алмайсың. Өзінің ерекше музыкасымен, өзіндік ерекшелігімен келіп жатқан жас­тар аз, тіпті жоқтың қасы. Осының бәрін шығарып, таратып, қалыптастырып, үлгі етіп отырған телевизия. Егер мен музыка редакторы болсам, осы «большая серая массаның» тең жартысын жария етіп, шығармас едім. 

– Сіздің халқыңыздан құр­мет табуыңыздың сыры кәсі­билігіңізден өзге неде деп ойлайсыз?

– Мінезімде шығар. Үлкенді сыйлаймын, жастарға ақылымды айтамын. Атын атамай-ақ қояйын, айналамда жүрген кейбір жандардың жағымпаздығын көргенде, кірерге тесік таппай қаламын. Ол Бәкемен де, Жә­кемен де, Сәкемен де, айналып келгенде, бәрімен де жақсы болғысы келеді. Ол ақылдымен де араласады, ол алаяқ, айлакердің де көңілін табады. Егер осы құрметтің бәрін шын көңілден жасай алсаң, дос болуға, бауыр болуға болатын шығар. Бірақ күн үшін, қызмет үшін, жағдай үшін жақсы көрінемін деу төңірегіңе тек жиіркеніш туғы­зады. Мен мұндай адам емеспін. Ұнамаса, «ұнамайды» деп ашық айтамын, көңіліме жаққанды көтермелеп, қолдаймын, ұнатпайтын адаммен мүлде араласпаймын. Өйт­кені адамдардың бәріне бір мез­гілде бірдей жақсы көрінемін деу – ақы­мақтық. Бұл мәселеде өзім­нің қалыптасқан өмірлік ұс­танымым бар. Көрермен де кімнің кім екенін ажыратады ғой. Сахнаға шыққанда, рент­ген аппаратының алдында тұр­ғандай боламыз. Көрермен се­нің басыңнан бақайшағыңа дейін бір көз салып өткенде-ақ, мұ­ңыңды, көңіл күйіңді, ішкі жан тол­қы­нысыңды сезіп қояды. Өнер адамы – ерекше индивид. Оның бойындағы талантты, өнерді ешкім мөр басылған қағазбен, бұйрықпен жоқ қылып жібере алмайды. Өзіне өзі сенген, өзінің талантының өлшемін білетін адам ешкімнен қорықпайды, ешкімнің алдында бұқпантайламайды және оған ешкімнің сөзі де, бұйрығы да жүрмейді. Бұл тіпті талантқа да байланысты емес шығар. Бәрін түп­теп келгенде адамның тәрбиесі, сол ұяда сіңірген мінезі, өмір мек­тебі­нен алған ұстанымы шешеді. Ал жағымпаздардың бәрі өзіне өзі сен­бейтін кембағал жандар. 

– Өнердің ұзақ жолымен жүріп келесіз. Ықыласпен, жы­лылықпен кімдерді еске ала­сыз?

– Кейінгі жастар білмегенімен, қазақ өнері мен руханияты үшін көп еңбек сіңірген Жексенбек Еркінбекұлы Еркінбеков деген ғажайып Мәдениет министрі болғанын аға буынның бәрі біледі. Мені Семейден Алматыға ша­қырған сол кісі болатын. Сахнаға шығуыма қолдау білді­ріп, «Гүлдер» ансамбліне жұмысқа орналасуыма мүм­кіндік берген де осындай жай­саң жандар. Менің алғашқы қадамымды қолдап, қамқор пейілдерін аямаған тұл­ғалардың ішінен Дінмұхамед Қонаевты, Ермек Серкебаевты, Бибігүл Төле­генованы айрықша атай­мын. «Атақты болайын-ау» деген ой миыма мүлдем ма­ңайламаған, ондай нәрсенің болатынын да біл­мейтін жас күнімнен тек музыкамен ғана алаңсыз айналысуым үшін мем­лекеттік деңгейдегі қам­қорлық жасалды. Мұндай мүм­кіндікті мен де аяқ асты еткем жоқ, қолымнан келгенше сенім білдірген жақ­сыларды жерге қаратпадым – Бүкілодақтық, халықаралық жеті бірдей конкурстың лауреаты болдым. Ән салуға құқық берген, халықтың ықыласын алуға мүмкіндік берген, өмірлік ба­қыт сыйлаған сахнаны әлі күнге сүйемін. Өмірімді әнге арнадым, тыңдарманымның музыкалық деңгейін көтеру үшін әлі де болса берерім көп деп ойлаймын. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»