Атырау облысында бала жанына терең үңіліп, білім нәрін сеуіп жүрген ұстаздар аз емес. Сондай педагогтің қатарында Татьяна Любина да бар. Ол у-шуы мол үлкен шаһарда емес, Индер ауданындағы Көктоғай аулында кіндік қаны тамып, қазақ балаларымен бірге ойнап өскен. Өзге этнос өкілі болғанымен, қазақты ешқашан жатсынған емес. Өзінің ана тілімен бірге қазақ тілін де жетік меңгерген.
«Қазір Атырау қаласында тұрғаныммен, туған аулымды ешбір шаһарға айырбастай алмаймын. Күн сайын «Айналайын» деп еміреніп тұратын үлкендерді, бірге ойнаған, бірге оқыған замандастарымды, қызығы ұмытылмайтын бала кезімді әлі де сағынып жүремін. Аулымыздағы кітапханада қазақ жазушыларының шығармаларын, ертегілерді оқып, мазмұнын достарыма айтып беруші едім», дейді Татьяна Любина.
Ауыл мектебін бітіргеннен кейін Гурьев педагогикалық институтының филология факультетінен жоғары білім алды. Жас маман 1984 жылы туған аулына оралып, балаларға орыс тілі мен әдебиетінен дәріс бере бастады. Бірақ ауыл балаларының дені орысшаны түсіне бермейтіні даусыз. Сол себептен Татьяна Нестеровнаға қазақ тілінің грамматикасын меңгеруге тура келді. Сөйтіп, оқушыларға сабақты түсіндіру үшін екі тілдің салыстырмалы грамматикасын қолданды.
Өзі оқыған мектебінде үш жыл жұмыс істеп, 1987 жылы Атырау қаласына қоныс аударды. Алайда мұндағы білім ордаларынан орыс тілі мен әдебиеті пәнінен орын табылмады. Өйткені мұғалімдерге сағат жетіспеген. «Ал менде қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беретіндей арнайы дипломым жоқ еді. Соған қарамастан мектеп директорының бірі қазақ тілі пәнінен дәріс беруді ұсынды. Әрине, бұл мен үшін үлкен сынақ болды», дейді Татьяна Нестеровна.
Осылайша, ол алдымен қазақ тілінен емтихан тапсырып, грамматика мен орфографияны өте жақсы меңгергенін көрсетті. Сөйтіп, №14 мектепте орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ бере бастады. Кейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі дипломын алды. Кейінгі 30 жылдан бері №3 орта мектеп-гимназияда жұмыс істейді.
«Бала күнгі достарымның бәрі қазақ еді. Бәріміз бір-бірімізге қонаққа барушы едік. Бір-бірімізден ұлттық тағамдарды әзірлеуді үйрендік. Қазір қазақ тілін ана тілімдей құрмет тұтамын. Шәкірттерімнің де қазақ халқының тілін, салт-дәстүрін, тарихын білгенін қалаймын. Бірақ бүгінгі балалар көркем әдебиетті аз оқиды. Дайын эссені интернеттен көшіріп алуға бейім тұрады. Сондықтан тіл байлығын дамытуға мән бермейді», дейді білікті ұстаз.
Оны қазақ тілін насихаттаушы әрі жанашыры деуге толық негіз бар. Өйткені ол орыс сыныбында оқитын оқушыларды қазақ тілін меңгеруге, қазақша эссе жазуға баулып келеді. Эссе – оқушылардың ой-өрісін дамытатын ұтымды тәсіл.
«Жұмысым өзіме ұнайды. Балаларды жақсы көремін. Мектеп – менің екінші үйім. Әрине, ұстаз болу жеңіл кәсіп емес. Бірақ оқушыларға білім нәрін сепкеннен артық қуаныш бола ма? Оқушыларым тек қазақша сөйлеп қана қоймай, Абай мен Мұқағали секілді қазақ ақындарының жырын түпнұсқадан оқуына қызығушылығын оятуға тырысамын», дейді ол.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әкесі Нестер мен анасы Анна да қазақпен бауырдай сыйласып, 13 баласына өнегелі тәрбие берген. Олар балаларына «Жаһанда қазақтай бауырмал, көңілі дарқан халық жоқ. Қазақты ұдайы құрметтеп жүріңдер», деп отырады екен. Ата-ананың айтқанын екі етпейтін бұл әулеттің екі ұлы мен үш қызы қазақтан өмірлік серігін тапқан. Татьянаның өзі Қуанышқали есімді қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан.
«Қазақтың отбасына 24 жасымда келін болып түстім. Ата-енем келін деп емес, өз қызындай бауырына тартты. Олармен ауылда бірге тұрдық. Сол кезде енем құрақ көрпе тігуді, ою оюды үйретті. Енеммен бірге айран, шұбат ашытып, сүзбе мен құрт жасайтын едік. Бірге жүн түтіп, ұршық иіріп отыратынбыз», деп өткен күндерді еске алды.
Қызы корей жігітіне тұрмысқа шыққан. Бірақ жиендеріне қазақша есім бірген. Құдалары осындай ұйғарым жасаған екен. «Бұл – құдалардың таңдауы. Мұны қиын кезде қолдау көрсеткен қазақ халқына құрметтің белгісі ретінде қабылдадық. Ал ұлым Арман Таразда бой жеткен қазақ қызымен отбасын құрды. Келінім ибалы, күн сайын сәлемін салады. Шүкір, немерелеріміз өсіп келеді. Енемнен үйренген ұлттық салт-дәстүрдің отбасымызда берік сақталуына ұйытқы болып отырмын», дейді Т.Любина.
Қазақ отбасының берекесін тасытып, қазақ тілінің жанашырына айналған Татьяна Нестеровна елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясына қатысты. Президенттің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл – мамандық пен жар таңдауда қателеспеген қазақтың келініне берілген лайықты марапат.
Атырау облысы