Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институты үш жылдан бері Батыс Қазақстан облысындағы араб жазулы құлпытастарды жүйелі зерттеумен айналысып келеді.
– 2012-2014 жылдар аралығында «Қазақстанның киелі жерлері» атты ғылыми жобамен Алматы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан өңірлерін аралап шыққан едік, – деп еске алады Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, құлпытастарды зерттеу жөніндегі жоба жетекшісі Айтжан Нұрманова. – Сол сапарда Батыс Қазақстан облысында бәдізшілік, құлпытас қашау өнерінің ерекше дамығанын көрдік. Бұған дейін жалпы Қазақстан жұртшылығына Маңғыстау өңіріндегі тарихи ескерткіштер ғана әйгілі болатын. Жалпы, эпиграфика ғылымы – тасқа, металға, сазға, ағашқа жазылған мәтіндерді зерттейтін ғылым. Эпиграфиялық мәтіндер тарих ғылымында маңызды орын алады. Бұл мәтіндердің басқа жазба ескерткіштермен салыстырғанда ең басты құндылығы – кейіннен қосылған толықтыруларсыз, түпнұсқа күйінде сақталуы.
Әрине, әлемде эпиграфикалық ескерткіштердің сан түрі бар. Соның ХVIII-ХХ ғасырларда қазақ арасында кең таралған түрі – араб жазуындағы қабіртас эпиграфикасы.
Дүние жүзі бойынша араб графикасымен жазылған эпиграфикалық ескерткіштер «Араб жазулы эпиграфиканың хронологиялық реестрі» («Répertoire chronologique d’épigraphie arabe. Tome I-XVIII. Le Caire: Institut français d’archéologie orientale du Caire, 1931-») атты жинақта 1931 жылдан басылып келеді. Бірақ мұнда Орталық Азия мен Қазақстан ескерткіштері қамтылмаған. Мамандардың пікірі бойынша Орталық Азия мен Қазақстан ескерткіштері саны жағынан Ираннан кейін тұруы мүмкін, асып түсуі де ғажап емес.
Қазақстан жеріндегі бай эпиграфикалық ескерткіштер жеке-жеке зерттеу нысанына айналғанымен, топтастырылған нақты эпиграфикасын зерттеу жұмысы жүргізілмей келді. Ғылыми айналымға «Әулиеата жазуы», «Сырдария жазуы» – кірпіш бетінде, «Ұлытау/Қарсақпай жазуы», «Кеген жазуы», «Ұзынсу жазуы», «Есік жазуы», «Бөріжар жазуы» атауымен енген эпиграфикалық ескерткіштердің таңбалануы руна, көне ұйғыр, араб жазуларында. Эпиграфикалық зерттеулерге кезінде Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, И.А.Кастанье, Қ.Сәтбаев, Ғ.Мұсабаев, А.Махмудов, Ғ.Айдаров, А.Аманжоловтар өз үлесін қосқан. Ал тәуелсіз Қазақстан кезеңінде эпиграфикалық ескерткіштердің жүйелі зерттелуі профессор Әшірбек Мүминовтің есімімен байланысты. 1997 жылы Германияның (ФРГ) Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Өзбекстандағы «Шайбанилар қорымының эпиграфикасы» альбом-кітабы жарық көрген еді. Аталған еңбекті дайындауға Әшірбек Құрбанұлы да қатысып, осы сала бойынша тәжірибе жинақтады.
Одан бері Ә.Муминовтің жетекшілігімен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі эпиграфикасының жаңа аудармасы орындалып, кітап үш тілде бірнеше рет басылып шықты. Бұл кітаптарда тек мазар қабырғасындағы жазулар ғана емес, сонымен қатар мешіттің шырағдандары, бұрындары оқылмай келген, Эрмитажда, Франция музейлерінде сақталған бұйымдары, құмған, шырағдандар, ыдыстардың да эпиграфикасы түгел қамтылған. Маңғыстау облысындағы жерасты мешіт-кешендерінде ғылыми экспедиция жұмыстары жүргізіліп, 2009 жылы «Шақпақ ата жерасты мешіті мен қорымының эпиграфикасы» атты кітап-альбом, 2015 жылы Сисем ата қорымының эпиграфикасы жарық көрді.
– Батыс Қазақстан облысына биыл үшінші жыл қатарынан келіп отырмыз. Бірнеше мың құлпытас суреті мен мәтіні жинақталып, қорға түсті. Ғылым үшін маңызы зор бірнеше көне қорымды анықтадық. Әсіресе ХVIII-ХІХ ғасырдағы ел билеушілер, хандар мен сұлтандардың, билер мен батырлардың жатқан жері, өмір дерегі анықталып жатыр. Осы үш жыл ішінде Кіші Жүз хандары Айшуақ Әбілқайырұлының, Есім Нұралыұлының, Жантөре Айшуақұлының құлпытасы табылды. Жәңгір хан Бөкейұлының құлпытасы оқылып, тарихта айтылып жүргендей, оның 1801 жыл емес, 1803 жылы туғаны нақтыланды. Бұл мәтіндердің маңызы өте үлкен. Өйткені бізде мемлекет тарихы бойынша қазақ хандарының шежіресі әлі толық жинақталған жоқ. Бұл салада негізгі сүйенер дерек осы эпиграфикалық мәтіндерден шығады. Өкінішке қарай, бізде сақталған басқалай жазбалар жоқтың қасы ғой, – дейді Айтжан Шаймерденқызы.
Осы жобаға үлес қосып жүрген тағы бір ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Дина Медерова Батыс Қазақстан құлпытастарындағы жоқтау сарындары туралы зерттеу жұмысын жазып үлгерген.
– Өткен жылы Шыңғырлау өңіріндегі бір көне құлпытастан «Тәнде жаным неше күн мейман екендігін білмедім, Өтті ғұмырым, бәрісі дәурен екендігін білмедім» деген өлең жолдары кездескен еді. Осы екі жол бәйіт белгілі дін ғұламасы Сәдуақас Ғылманидың жазбаларынан да кездесті. Жалпы, қазақ құлпытастарындағы Құран аяттары мен хадистер, ғибратты сөздер өз алдына зерттелуі керек, – дейді Дина Есіркепқызы.
Өңірдегі құлпытастарды жүйелі зерттеу жобасы Батыс Қазақстан облысында қолға алынғанымен, қазірдің өзінде еліміздің ғана емес, шетелдік ғалымдардың да үлкен қызығушылығын туғызып отыр. Өйткені құлпытас бетінде адамның жеке басына қатысты мәліметтер ғана емес, мемлекеттік саясат та көрініс тапқан, діни, рухани идеология да қашалған.
Биыл зерттеушілер тобы Орал қаласынан 600 шақырым қиырда жатқан Бөкей ордасына, хан зиратына сапар шекті. ХІХ ғасырдың басында құрылған Ішкі орда (Бөкей хандығы) құрылымының орталығы болған Хан ордасы ауылының шетіндегі қорымда Жәңгір хан, күйші Дәулеткерей, ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов секілді тарихи тұлғалар жерленген.
Бір ғана «Хан зиратынан» 600-ге жуық көне құлпытас табылып тұр. Көпшілігі сол кездегі хан айналасы, билік элитасындағы тарихи тұлғаларға тиесілі, дейді Айтжан Нұрманова. Бұл іске жергілікті ғалым, тарих магистрі Гүлмару Мырзағалиева, «Бөкей ордасы» тарихи-мәдени кешенінің директоры Ғайса Мақымов бастаған музей ұжымы да көп қолғабыс жасаған. Соның нәтижесінде құмға көмілген, жоғалған ескерткіштер қазылып алынып, фотосуретке түсірілді, нөмірленіп, мәтіні алынды.
Қазақ құлпытастары шетел ғалымдарын да қызықтырып жатыр деген едік. Ислам әріптестiк ұйымы жанындағы Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеу ғылыми орталығы (IRCICA) Батыс Қазақстан өңірінде соңғы жылдары жүргізіліп жатқан зерттеулерге назар аударған. Биыл жыл басында Алматы қаласында өткен «Арал-Каспий өңірінiң мұсылмандық мұрасы» атты халықаралық жоба бойынша ғылыми семинар кезінде IRCICA ұйымының бас директоры Халит Ерен: «Байырғы қазақ жерінде Ислам мәдениеті ескерткіштері көп екеніне біздің көзіміз жетіп отыр. Сондықтан жергілікті ғалымдармен халықаралық деңгейде бірлесе жұмыс істеуге ықыластымыз» деген еді. Осы келісім бойынша Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы аумағында жатқан Мәулімберді діни-ағарту орталығы, Кіші жүздің билеушісі болған Жантөре хан Айшуақұлы жерленген «Хан зираты» (Теректі ауданы) және Бөкей ордасының соңғы билеушісі Жәңгір хан Бөкейұлы жерленген «Хан зираты» кешені әрқайсысы бір-бір кітап болып шығатын болды.
– Құлпытас зерттеуші ғалымдардың далалық экспедициядағы бір күні архивтердегі бірнеше айға азық болады. Сол үшін күннің ыстығына, далалық сапардың жайсыздығына қарамаймыз. Айдалада күркеде, киіз үйде түнеп, қолымызға күрек алып, жер қазамыз. Осыдан 100-200 жыл бұрын тасқа түскен әр әріптің сырына үңілеміз. Жұмбағы шешілген бір ескерткіш, мәтіні толық оқылған әр құлпытас көңілге қуаныш сыйлайды, баба тарихтың қалың кітабындағы бір ақтаңдақтың орны толды деп марқаямыз, – дейді зерттеуші Бағдат Дүйсенов.
«Құлпытас қояр-қоймас басымызға, ол жағын уақыттың өзі білер!» деп ақын Жарасқан Әбдіраш жырлағандай, кезінде бабалар басына қойылған құлпытастар арқылы тарихи қазынамыз толығып келеді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретті түсірген автор