• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Қазан, 2017

Орал қаласының жанынан мұнай қалдығын жоятын полигон салынуы мүмкін

4509 рет
көрсетілді

Орал шаһары осы кезге дейін Қазақстандағы экологиялық ең таза қалалар санатында еді. Бірақ бұл мақтаныш келмеске кетуі мүмкін. «БатысЭкоОрталығы» ЖШС Орал қаласының іргесінен мұнай қалдығын өртеп жоятын полигон жобасын ұсынып отыр.

50 мыңнан аса халық тұратын Зашаған кентінен небәрі 3 шақырым жерде тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп, экологияға зиян келтіретін жоба туралы ең алғаш дабыл қаққан – Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті.

Биылғы 13 қазанда департамент жанынан құрылған мемлекеттік-экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңесі (МЭССК) жиынында «БатысЭкоОрталығы» ЖШС ұсынған қос жоба талқыға түскен. Оның біріншісі – 2018-2027 жылдар аралығында қалдықты қайта өңдеу кешенінде қалдықтарды орналастыру, екіншісі – осы уақыт аралығында аталған кешеннен атмосфераға таралатын ластағыш заттардың рұқсат етілген шекті норматив жобасы. «БатысЭкоОрталығы» ЖШС өкілдерінің сөзіне қарағанда, бұл нысан бұрын қалдықтарды өңдеу кешені болған. Кешен Орал қаласы әкімдігіне қарасты Зашаған кентінен 2,7 шақырым қашықтықта, яғни Орал-Саратов тас жолының 18-інші шақырымында орналасқан.

Жоба бойынша «Батыс­Эко­Орта­лығы» ЖШС бұл жерде қалдықтың 17 түрін өңдеуді жоспарлап отыр. Оның ішінде түрлі мұнай қалдықтары да бар. Бұл қалдықтар термиялық түрде, яғни өртеу арқылы жойылады екен. 10 жылға жоспарланған жоба бойынша жылына 40 мың тонна шамасында қалдық өртелмек. Сонда осы уақыт ішінде 400 мың тонна мұнай қалдығы өртеліп, түтіні ауаға тарамақ па?

Бір қызығы, БҚО бойынша экология депар­та­ментінің басшысы, МЭССК төрағасы Ербол Қуа­новтың айтуынша, Орал өңіріндегі мұнай кеніш­терінен жылына 40 мың тонна қалдық шықпайды. Ең үлкен кеніш – Қарашығанақ өз қалдығын өзі өңдейді. Сонда мұнай қалдығы қайдан әкелінбек? Жұмбақ.

Жобаны ұсынғанмен, жоғарыда аталған МЭССК жиынына «БатысЭкоОрталығы» ЖШС басшылары қатыспаған. Оның орнына серіктестік басшысының қоғамдық негіздегі кеңесшісі Бекболат Жұматаев келіпті. Бірақ ол комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап бере алмаған.

Ал елді алаңдатқан сауал аз емес. Мысалы, жаңа полигонда жоба бойынша 17 түрлі қалдық өңделмек. Қалай өңделеді? Экологияға зардабы қандай? Қалдық өңдеуге қандай қондырғылар қолданылады? «БатысЭкоОрталығы» ЖШС-нің базасында ондай қондырғылар бар ма?

Экологтардың алаңдауына негіз болатын тағы бір мәселе бар. «БатысЭкоОрталығы» ЖШС-нің құрылтайшысы Дәуренбек Сақым бұған дейін «Қарашығанақ кенішінен алған мұнай қалдықтарын Ақсай қаласының маңына, арнайы жасақталмаған орынға заңсыз төгіп кетті» деп бірнеше рет баспасөз бетінде айыпталған «Грин Ақсай» компаниясының да иесі екен.

«2016 жылы 12 наурызда жергілікті баспасөз беттеріне шыққан мақалада «Грин Ақсай» мен «Изовейшн» компаниялары Қарашығанақ кенішінен алған мұнай қалдықтарын Ақсай қаласының маңына, арнайы жасақталмаған орынға заңсыз төгіп кеткені жазылған. Соңынан құқық қорғау құрылымдары іс қозғады. Көп кешікпей «Грин Ақсай», «БатысЭкоОрталығы», «Эко плюс» компаниялары бұрғылау қалдықтарын тағы да төккен. Одан соң да осындай мақалалар жарық көрді. Біздің анықтағанымыздай, «БатысЭкоОрталығы» «қажет қондырғыларымыз бар» деп жалған ақпарат беріп, қалдықты өңдеуге байланысты тиісті рұқсат алып, ол жерге тек қалдықты төгіп кетумен айналысқан. Былтырғы және биылғы құқық қорғау органдары тарапынан жүргізген тергеу-тексеру нәтижесінде Дәуренбек Сақым өндірістік қалдықтарды заңсыз орналастырғаны үшін айыпты деп танылып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Енді ол осындай істерін Орал қаласының маңында жалғастырмақ па?» – дейді облыс бойынша экология департаментінің басшысы, МЭССК төрағасы Ербол Қуанов.

Сауалы көп, келешегі күмәнді жобаны талқылай келе МЭССК мүшелері бұл мәселені полигон орналаспақ елді мекендер тұрғындарының талқысына салып, қоғамдық тыңдау өткізуге шешім қабылдаған еді. 26 қазан күні Орал қаласы Круглоозерный кентінде тұрғындардың қатысуымен осындай жиналыс өтті. Жиынға Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев, облыстық мәслихаттың депутаттары Ерлан Тоқсанов пен Нұрлан Серғалиев, Орал қалалық мәслихатының депутаты Нұржан Сертеков пен Серік Мұхамбеталиев те арнайы келген екен.

 Мен депутат ретінде де, осы елді мекеннің тұрғыны ретінде де табиғатқа өлшеусіз зиян әкелетін мұндай зауыт салынуына қарсылық білдіремін, дейді Нұрлан Серғалиев. Бұл пікірді ауыл тұрғындары бірауыздан қолдап, «БатысЭкоОрталығы» ЖШС ұсынып отырған полигон жобасын тоқтату жөнінде шешім қабылдады.

– Біз жиналыс хаттамасын түзіп, тіркеп, тиісті рәсімдерін жасаған соң Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті жанынан құрылған мемлекеттік-экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңесіне жолдаймыз, – дейді бізге Круглоозерный кенттік округінің әкімі Кенесары Нұршыңов.

Облыс орталығының тұрмыстық қалдықтар төгілетін полигоны 1975 жылы ашылған екен. Кезінде қаладан алыс болғанымен, соңғы жылдары қатты өсіп келе жатқан шаһардың етек-жеңі полигонның іргесіне жетіп қалған. Қысы-жазы, күндіз-түні өртеніп, бықсып, сасық иіс таратып жататын бұл жер онсыз да жақын маңда тұратын тұрғындардың бас ауруы еді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, мұнай қалдығы төгіліп, өртеледі дегенді естігелі халық тіпті алаңдап отыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы