• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Қазан, 2017

Қымыз сатуды кәсіп еткен Аман Ырысбаев

1204 рет
көрсетілді

Астанада қымыз сатуды кәсіп қылып, нәсібін айырып, асығын алшысынан түсіріп отырған бір азамат бар. Есім-сойы − Аман Ырысбаев. Сол жағалауда, «Нұр Астана» мешітінің іргесіндегі көгалда тігулі тұрған Аманның ақбоз үйі алыстан көзге түседі.

Алда-жалда ат басын бұра қалсаңыз, еңселі үйдің табалдырығынан еңкейіп аттаған кезде қышқылтым қымыздың иісі танауыңызды қытықтайды, жаңа піскен бауырсақтың иісі аңқып сала береді. Бас қалада қымыз сататын басқа жерлер де бар, әрине. Бірақ киіз үйдің ішінде құрақ көрпеде қисайып жатып, оюлы тостағаннан сары қымызды сыздықтатып бабымен ішетін жер осы ғана. Құр қымыз емес, құрт-ірімшігі, бауырсағы, басқа да дәстүрлі тағамымыздың түр-түрі тағы бар.

Басқа жақтың қымызын жамандағанымыз емес, бірақ Жаңаарқаның қымызы әлдеқашан брендке айналғанына ешкім дау айтпасы ақиқат. Кәсіпкер жігіт қымыз бен құрт-ірімшікті осы Жаңаарқадан алдырады екен. Дәмі тіл үйіреді. Шымкентте туып-өскен еті тірі жігітпен бірер ауыз тілдескеннен кейін түсінгеніміз, қазір Астана әкімдігі қымызхана ашуға біршама жақсы мүмкіндік жасап отыр екен.

– Әкімдіктен рұқсат алудың еш қиындығы болған жоқ. Киіз үй тігетін жер үшін ақы төле­мей­мін, тек түскен табыстан тиісті салық төлесем болды. Клиент жетеді, әсіресе жұма күні адамдар қы­мыз ішу үшін кезекке тұрады. Біздің қымызымыз сапалы, бағасы да қымбат емес, – дейді Аман.

Аманның қымызынан қанып ішкеннен кейін қайта айналып соқпайтындар кемде-кем. Күн сайын болмаса да, аптасына бір рет келіп тұрады. Өздерінің ыдыстарын әкеліп, құйып әкететіндер де бар екен. Қара күз келсе де, кәсіпкер жігіт киіз үйін жығуға асығар емес. Себебі қыс қаһарына мін­генше желісін жинамайтын, бие саууды жалғас­тыра беретін адамдар ауылдарда аз емес. Сусын келіп тұрса, саудасын жалғастыра беруге бейіл.

Жалпы, ауылда бие байлап отырған ағайын бүгінде қалаға қымыз тасуды бизнес­ке айналдырғаны көңіл қуантады. Астананың өзі­не төңіректегі аудандардан күн сайын қымыз ағылып келіп жатады. Десек те, көпшілігі оны базар сөрелеріне шығарып сататындарға «көтерме бағамен» өткізіп кетеді. Ал Астанадағы базарларда ет-майдың сапасын тексеретін орын болғанымен, қымыздың сапасы тексерілмейді екен. «Мата даңқымен бөз өтеді» дегендей, қымыздың атын пайдаланып, су қосқан, іркіт қосқан сусынсымағын қымбатқа сататын жерлер толып жатыр. Шыны керек, бабымен дайындалған, бал татитын сусынды қазір білетіндерден сұрастырып жүріп әзер табатын жағдайға жеттік. Ал торсықты тосырқайтын қалада бұрынғыдай күбіде пісіліп, сабада шайқалып, тостағанға құйылған сусынды емге таппайсыз. Амал жоқ, пластик құтыға құйылғанын қанағат тұтуға тура келеді.

Қымызды шетелдіктер патенттеп алғаны, өзіміз дұрыс кәдеге жарата алмай жүргеніміз туралы бұған дейін талай айтылған. Сол сыннан қорытынды шықты ма, әйтеуір қазір дүкен сөрелерінде пластик құтыға құйылған, сыртына өнім туралы ақпарат жазылған қымыз бен шұбаттың түр-түрі самсап тұр. Бірақ ұзақ уақыт сақталуы үшін құрамына қоспа араластырған бұл сусындардың дәмі таңдайға тати қоймайды. Осындайда қымызды сән-салтанатын жарастырып ұсынатын Аман Ырысбаев сияқты жігіттер көп болса дейсің.

Астанада не көп мейрамхана, дәмхана, асхана, сырахана, KFC көп. Соңғы жылдары кофеханалар да көбейіп келеді. Өткен жылы STARBUCKS-тың ашылу салтанатында елордалықтардың таң алакеуімнен кезекке тұрып, кофе ішіп көрмегендей кимелегенін де көргенбіз. Ірі қалаларда тамақтану орындарының қызмет көрсетуі де жақсарып келеді − таза, жылы, тегін Wi-Fi... Кітапқұмарларға арнап әлемдік классиктердің туындылары тізілген сөре орнатып қойғандары да бар. Бірақ қымызхана сирек. Аман Ырысбаевтың киіз үйіндегі сияқты сусынды сән-салтанатымен ұсынатындар тіпті аз.

Ұлттық сусынын әлемдік брендке айналдырған халықтар әлемде жетіп-артылады. Бірақ кәсіпкер болуды көздеп жүргендер үшін мысалды шетелден іздемей-ақ, Аман Ырысбаевты алға тартқанымыз жөн сияқты. Оның үстіне қалалық әкімдік кәсіпкер болам деген азаматтардың жолын ашып, ыңғайлы жерден орын беріп отыр екен. «Біз үшін атамыздың асы қымыз, Қымызбен алшы түсер асығымыз» дегендей, алдағы уақытта шаһарларда қымызханалар көбейсе, бұл халықтың да, кәсіпкердің де асығын алшысынан түсірер еді.

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»