• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қараша, 2017

Жергілікті жәрмеңке

370 рет
көрсетілді

бағаны тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етіп келеді

Қыж-қыж қайнап жататын қарбалас, қым-қуыт тірлік бір сәт дамылдап, қоңыр күздің адам бойына қуат дарытып, шаттық сыйлайтын шағы бұл. «Өңір берекесі» атты ауыл­шаруа­шылық өнімдері жәрмеңкесін петропавлдықтар асыға күтетін сәт. Барлық жиын-терінді ұйымшылдықпен аяқтаған ауылдықтардың да көңіл-күйі көтеріңкі. Астықтың гектар берекелілігі 18,2 центерден айналып, 6,5 миллион тонна ризықтың жиналуы Жер-ананың кең қолтықты жомарттығымен қоса, ала жаз бойы төгілген маңдай тердің, жұмсалған еселі еңбектің ақталғанын көрсетсе керек. 

Бұрындары қалалықтар ауыл­дықтарға демеу қолын созып жататын. Әсіресе, егін орағы қызып, қызыл дән қырмандарда жал-жал болып үйілген кезде жұмыс, техника күші жетіспегендіктен зауыттар көмекке келе­тін. Тығы­рықтан шығу жолдары тынбай іздес­тіріліп, жұмыла көтергеннің жүгі жеңіл болатынын екі тарап та жақсы түсіне­тін. Қазір бұл дәстүр ұмытылды. Негізгі сал­мақ – ауылдықтардың иығында. Бәлкім, кей мәсе­лелер бойынша қалалықтардан кейін­деп қалуы мүмкін. Бірақ экологиялық таза өнім жөнінен аты озып тұр. Сондықтан облыс орталығында ұйымдастырылатын саты­лым­­дарда ауылшаруашылық өнім­деріне сұра­ныс­тың жоғары болатыны соншалық, кей­біреулер жетпей қалғанына налып, рен­жіп жатады. Бұл жолғы «Өңір берекесі» жәр­мең­кесі кең көлемде қанат жайып, аудандар­мен қоса агроқұрылымдар, жекелеген кәсіп­керлер, кәсіпорындар да бір кісідей жұмыла атса­лысты. Сөйтіп бір мың тоннаға жуық азық-түліктің, жеміс-көк­өніс­тердің, мал азы­ғы­ның жүзден астам түрлері саудаға шыға­рыл­ды. Алпысқа тарта сауда павильон­дары құрылып, адамдардың қалың легі Сүтішев көшесінен бастап Букетов көшесіне дейінгі аралықты қамтыды. 

Ауыл шаруашылығы бас­қармасы басшы­ларының жылқы еті – 1400, сиыр мен қой еті – 1000, қаз – 1200, үйрек – 1000-1100 теңгеден аспайды, базарларға қарағанда 15-30 пайыз арзан болады деген болжамы расталып, сөз бен іс бір-бірімен үйлесіп жатты. Бір жерде қайта өңдеу саласының өкілдері өз өнімдерін ұсынса, енді бір жерде бал, сүт саудасы қызып сала берді. Айыртау ауданынан келген сатушы Юлия Заболотная бір кило ірімшік 250 теңге, капуста 40 теңге тұратынын, сапалы өнімге сұраныс мол екенін жеткізді. Одан Гүлмира Махметова бір кило үйдің сары майын 1700 теңгеге сатып алыпты. Қалада 2000-2200 теңге екенін ескерсек, бағаның қолжетімділігі бірден сезіледі. 

М.Жұмабаев ауданының сауда алаңына келіп, мал азығының бағасын сұрастырдық. Шөптің тоннасы – 7 мың, сабан – 2 мың, сұлы 23 мың теңгеден. Осында бір танысымызды кездейсоқ жолықтырдық. Картоп биыл аз, мұнда бір килосы 65 теңге екен, 3 қап сатып алдым. Пияз 60 теңге, сәбіз 80 теңге көрінеді. Кезекке кетіп барамын. Келесі жолы да міндетті түрде келемін, дейді саудасының жүргеніне мәз болып. Мамлют ауданынан келген жеке кәсіпкерлер Юлия Хайрудинова мен Сергей Жуков сатуға көрпе-жастық шығарыпты. Бұлар жеңілдікті мемлекеттік бағдарлама аясында несие алып, тапсырыс арқылы жұмыс істеу­ге көшкен. Аққайың ауданы, Астраханка ауылының тұрғыны Тамара Шамринская зейнет жасынан асса да, үйде қол қусырып отыра алмағанға ұқсайды. Он саусағынан өнер тамған әжей әшекей бұйымдар жасаумен, тоқу ісімен көптен бері айналысады екен.  30 тонна ет, 3 тонна шұжық, 8 тонна сүт, осынша ұн, 3 тонна бал, 75 мың дана жұ­мыр­тқа әкелінді. Ертең оңтүстік өңір­­лер­­ден 132 тонна көкөніс жет­кізіледі, деді сөй­лес­­кенімізде ауыл шаруашылығы басқар­ма­сы басшысының орынбасары Алтынбек Абдоллаев. 

Ауылшаруашылық жәр­меңкесін асықпай аралаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұрт­шылық­­тың өтініш-тілектерін мұқият тыңда­ды. Қала тұр­ғын­дарының бірі Булаев қала­сында шығарылатын сары­ майдың сапасы төмендеп кеткеніне ренішін білдірді. Құмар Іргебайұлы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында қала базарлары­ның да жайымен танысқанын, сауда орындарын жалға алушылармен жұ­мыс тәртібін күшейту қажет­тігін, бағаны тұрақ­тан­дыру­д­ың бар­лық шаралары қолда­ны­ла­ты­нын, себепсіз өсіруге жол беріл­мейтінін қадап айтты. Жәр­меңкенің ауқымын кеңейтуді тиісті орындарға тапсырды. 

Жүргізілген мониторингтік талдау барысында баға көбіне делдалдар тарапы­нан негізсіз өсі­рі­летіні анықталған. Осын­дай олқылықтарды болдырмау, алдын алу мақсатымен «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясы жұмысын ширата түс­кен. Тұрақтандыру қорында 800 тонна картоптың, әрқайсысы 100 тонналық пияздың, сәбіз­дің, қырыққабаттың қоры жи­нақталған. Бекіткен бағамен сатылатын азық-түліктер бес қоймада сақтаулы. Мұнда былтырдан қалған 5 мың литр күнбағыс майы, 290 тонна қант, 31 тонна күріш, 28 тонна қарақұмық бар. Сәбіз Тайынша ауданынан, пияз бен картоп «Зенченко және К» командиттік серіктестігінен, қырыққабат «Атамекен-Агро» фирмасынан әкелінеді. Тікелей байланыс жасау өз тиімділігін көрсетіп отыр, дейді «Солтүстік» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Гамали Жұмашев. Бұдан тысқары 900 тонна картоп, пияз, сәбіз жеткізу үшін аудандармен келісімшарт жасалған. Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары 25 тонна күнбағыс майын, 612 тонна қант, 29 тонна қарақұмық жеткізіп бермекші. Азық-түлік бағасы қымбаттаған жағдайда сақтандыру қоры пайдаланылады. Қолжетімді бағамен саудаланатын азық-түліктер «Коммуналдық», «Тайга», «Корона», «Дария» сияқты ірі базарлар мен сауда орындарында орналасқан. 

Сауда-саттыққа көңілдері тол­ған тұрғын­дар облыс өнерпаз­дарының концерттік бағ­дар­лама­сын да қызыға тамашалады.

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ