• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Қараша, 2017

Берік Арын: Заң талаптары қоғамның тыныштығын көздейді

515 рет
көрсетілді

Биыл қыркүйек айында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылғанына бір жыл толды. Осы уақыт аралығында саладағы уәкілетті мемлекеттік орган болып табылатын ведомство тарапынан көптеген іргелі жұмыстар қолға алынып, бірқатар стратегиялық құжаттар әзірленіп, қабылданды. Айталық, маусым айында Мемлекет басшысының Жарлығымен 2017-2020 жылдарға арналған Дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы тұжырымдама қабылданды. Қыркүйекте Үкімет қаулысымен құжатты жүзеге асыру жоспары бекітілді. Ал қазан айында Үкімет қарауына «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша жекелеген заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді. Министрліктің бастамасымен іске асырылған заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар туралы егжей-тегжейлі білу мақсатында Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арынмен әңгімелескен едік.

– Берік Сақбайұлы, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылған күннен бастап бір жылдан сәл астам уақыт ішінде күнделікті жұмыстардан бөлек, бірқатар маңызды құжаттарды әзірлеп үлгерді. Қазіргі таңда Дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы тұжырымдама бекітіліп, заң жобасын жасақтау және талқылау сатысы артта қалып, оны Үкіметке енгізіп отырсыздар. Осы туралы қысқаша тоқтала кетсеңіз?

– Шынында, бір жыл ішінде министрлік дін саласындағы ауқымды жұмыстарды қолға алып, нәтижелері бірте-бірте көріне бастауда. Биыл  маусым айында тәуелсіз тарихымызда тұңғыш рет Мемлекет басшысының Жарлығымен 2017-2020 жылдарға арналған Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамаcы бекітілді. Біз осы құжатта дін саласындағы мемлекеттік саясаттың алдағы орта мерзімдегі негізгі бағыттары мен басымдықтарын айқындадық. Яғни, тұжырымдамада белгіленген мерзімде барлық мүдделі мемлекеттік органдар еліміздің Конституциясында көрініс тапқан зайырлылық қағидаттарын ілгерілету, конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету, діни радикализмнің алдын алу бағыттарында бірлесіп жұмыс істейтін болады. Қыркүйек айында ел Үкіметінің қаулысымен осы құжатты жүзеге асыру жоспары бекітіліп, қазіргі таңда тиісті мекемелер жұмыстарын бастап кетті.

Осы ретте, мемлекеттік органдармен әзірленетін және белгілі бір саланы пәрменді реттеу мақсатын көздейтін кез келген тұжырымдама, өз кезегінде, заңнамалық өзгерістер мен толықтыру жұмыстарымен қатар жүретінін айта кеткім келеді. Министрлік осы қисынды басшылыққа алып, «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының жекелеген заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, оны министрлік жанындағы Қоғамдық кеңес отырысында, қоғамдық ұйымдар мен діни бірлестіктердің және ғалым-сарапшылар қауымдастығының қатысуымен өткен үлкенді-кішілі басқосуларда кең талқылаудан өткізді. Заң жобасы белгіленген тәртіпке сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдардың келісуінен өтіп, министрліктің ресми сайтында және Үкіметтің ашық веб-порталына орналастырылды.

Үкіметке енгізген заң жобасы шеңберінде әртүрлі саланы реттейтін 9 заңға және 2 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделуде. Олардың қатарында діни қызмет және діни бірлестіктер, білім беру, мемлекеттік қызмет және басқа да мәселелер бойынша ел заңнамаларын жетілдіруге бағытталған көптеген ұсыныстар көрініс тапты. Атап айтар болсақ, заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар кәмелетке толмағандардың діни іс-шараларға қатысу тәртібін реттеу, шет елдерде діни білім алу мәселесін реттеу, қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға бөгет жасайтын киім түрлерін киіп жүруге тыйым салу, дін саласындағы уәкілетті органның діни бірлестіктермен өзара іс-әрекетін жетілдіру, діни бірлестіктердің қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметкерлердің діни рәсімдер мен жораларға қатысуын реттеу және тағы басқа да көптеген мәселелерді қамтып отыр.

– Заң жобасы бойынша өзіңіз айтқан өзгерістердің бірқатарына рет-ретімен тоқтала кетсек... Жасөспірімдерді діни қызметке тарту бойынша заң талабын күшейтудің себебі неде және өзгерістер қандай мүддені көздейді?

– Жалпы, көзделіп отырған барлық заңнамалық өзгерістер бойынша көптеген шет елдердің дін саласындағы қарым-қатынастарды құқықтық реттеу тәжірибелері жан-жақты зерттелген. Жоғарыда айтып өткенімдей, заңнамалық өзгерістердің ішінде ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз немесе ертіп жүруінсіз 16 жасқа жетпеген – кәмелетке толмаған жасөспірімдердің діни іс-шараларға баруына заңнамалық тыйым салу көзделген. Осы орайда, бұл талап діни (рухани) білім беру мекемелерінде білім алатын жасөспірімдерге қатысты емес екендігін айта кеткен жөн.

«Бұл заңнамалық өзгерістің маңызы неден туындады?» дейтін болсақ, ол тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары орын алған идеологиялық вакуумге орай ел азаматтарының белгілі бір бөлігінің, әсіресе жас буын өкілдерінің деструктивті діни күштердің ықпалына түсуімен байланыста. Осының салдарынан ой-санасы бекіп, толысып үлгермеген жастар арасында діндарлық деңгейі өсіп, мұның теріс салдары ретінде дінге тұрақты қызығушылық танытатын жасөспірімдердің радикалдық діни ағымдар мен әртүрлі жалған діни ұйымдардың идеологиялық ықпалына түсуі орын ала бастады. Сонымен қатар, жасөспірімдердің діни ұйымдар қызметіне тартылуы көп жағдайда өздерін балаларды дамыту және білім беру орталықтары ретінде жарнамалайтын (шет ел тілдері, тұлғаны дамыту, психологияны дамыту курстары, балабақшалар және т.б.) ұйымдар арқылы да жүретінін ескеру қажет. Осындай жекелеген орталықтар балаларға теріс діни көзқарастар таңуға ұмтылады.

– Осы мәселеге қатысты шет елдердің тәжірибелері не дейді?

– Жалпы, заңнамалық өзгерістерге қатысты алыс-жақын шет елдердің тәжірибелері жетерлік... Десек те, біз үшін, әсіресе кешегі Кеңес одағы құрамында бірге болған және бүгінгі даму жүйесі ұқсас көрші елдердің тәжірибелері ден қоярлық. Мәселен, Тәжікстанда балаларға діни білім беру ата-аналардың немесе оларды алмастыратын тұлғалардың жазбаша келісімімен мектептен тыс уақытта 7 жастан 18 жасқа дейін рұқсат етіледі. Осы елдің «Балаларды тәрбиелеу мен оқытудағы ата-аналардың жауапкершілігі туралы» заңына сәйкес, ресми діни білім беруді қоспағанда, кәмелетке толмаған балаларға діни қызметке қатысуға тыйым салынады.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді діни ұйымдардың жұмысына заңсыз тартуға жол бермеуге қатысты Беларусь саясаты «Сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңының 39 бабымен реттелген. Онда жасөспірімдерді діни ұйымдарға тарту, оларды өздерінің қалауынсыз және ата-аналары мен оларды алмастыратын тұлғалардың келісімінсіз дінге оқыту заңда бекітілген тәртіпте жауапкершілік жүктейді.

Міне, алыс-жақын шетелдердің осы мәселедегі тәжірибелері кәмелетке толмаған жасөспірімдердің діни рәсімдерге қатысуын және оларды дінге тарту әрекеттерінің шет-шегі жан-жақты реттелгенін көрсетіп отыр. Сондықтан біз де дін саласын реттейтін қолданыстағы заңға және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізе отырып, діни бірлестіктердің басшылары мен ата-аналардың жауапкершіліктерін арттыруды мақсат етеміз. Осы орайда, заң жобасын талқылау барысында еліміздегі діни бірлестіктердің өкілдері осы өзгерістерге  қолдау білдіргенін баса айта кеткім келеді.

– Берік Сақбайұлы, шетелдерде діни білім алуды реттеудің қажеттілігі неден туындап отыр? Бұл ел азаматтарының конституциялық құқығын бұзбай ма?

–  Бұл норма да жұртшылық және еліміздегі діни бірлестіктер мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан кең қолдау тапты. Мұндай талап шетелдерге діни білім алу мақсатымен аттанған жастардың радикалды діни ағымдардың идеологтарының ықпалына түсу мүмкіндігін азайту үшін енгізілгелі отыр. Өкінішке орай, шетелдерге өз бетімен барып, исламдық діни білім алған жастарымыздың елдегі дәстүрлі исламға тән түсініктер мен дәстүрлерді мансұқтап жүргенін көріп те, естіп те жүрміз. Әрине, бұл – шетелдік діни оқу орындарына азаматтарды жіберу тәжірибесінің реттелмегендігінің нәтижесі. Сондықтан дін саласын реттейтін қолданыстағы заңға Қазақстанда арнайы діни білім алған соң ғана шетелдерде жоғары діни білім алуға болатын норманы енгізу ұсынылды. Осы орайда, ресми тіркелген діни бірлестіктердің елімізде діни (рухани) білім беру ұйымдары жоқ болған немесе халықаралық келісім болған жағдайларда аталған заң нормасы оларға таралмайтынын айта кетейін.  

Енді осы мәселеге қатысты шетелдердің бір-екі тәжірибесіне тоқталсам. Мәселен, Тәжікстанда шетелдерде діни білім алу тәртібі Үкіметінің 2016 жылғы Қаулысымен реттелген. Онда бастапқы діни білімді тек елде алғаннан кейін ғана шетелдердің жоғарғы діни оқу орындарында білім алуға болатыны анық жазылған. Францияда азаматтарды мемлекеттің бюджеті есебінен шетелдік оқу орындарына жіберу тәжірибесі жоқ. Дегенмен, күмәнді шетелдік діни оқу орындарында білім алып жүрген ел азаматтары Францияның арнайы қызметтерінің назарына түседі және осындай деректер олардың тарапынан өздерін қызықтырған адамдардың радикалдануын немесе олардың лаңкестік әрекеттерге қатыстылығын анықтау үшін тексерістер жүргізе алуына негіз бола алады. Арнайы қызмет органдарының назарына түскен адамдардың заңға қайшы әрекеттері немесе ниеттері дәлелденген жағдайда билік органдары тарапынан тиісті қылмыстық-құқықтық немесе әкімшілік шаралар (ел аумағынан шығуға тыйым салу, үй қамақ және т.б.) қолданылады.

Осы сұрағыңыздың екінші бөлігіне қатысты айтарым, шетелдерде діни білім алуды заңнамалық шектеу азаматтардың білім алуға қатысты негізгі құқығын қандай да бір түрде бұзбайды.

– Қоғамдық орындарда деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім түрлерін пайдалануға, киіп жүруге тыйым салу туралы не айтар едіңіз?

– Өткен сұхбатымда осы мәселеге қатысты айтқан жауабымда сыртқы форма бұл мәселенің бір қыры ғана екенін және мұның артында біздің сан ғасырлық тарихымызды, мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды аяқасты еткісі келетін, мемлекетіміздің зайырлылық қағидатын мойындағысы келмейтін радикалдық діни ағымдардың теріс идеологиясы тұрғанын айтқан болатынмын. Осы орайда, Мемлекет басшысының аталған мәселеге қатысты өз алаңдаушылығын білдіріп, оны шектеу жолдарын зерттеуге тапсырма беруі осыны меңзеп отыр деуге болады. Сондықтан, біз қоғамымызды артқа сүйрейтін мұндай көріністерге бейжай қарамай, оны заңнамалық реттеу керек деген ұйғарымға келдік.

Қазіргі таңда әлем елдері осы мәселені заң шеңберінде шешуге талпынып отыр. Мәселен, Франция Еуропа елдерінің ішінде алғаш рет адамның бет-әлпетін тұмшалайтын әйелдер киімін киюге заң жүзінде тыйым салып, оны киген және киюге қысым жасаған адамдарға қылмыстық жауапкершілік бекітті.

Бельгия үкіметі 2011 жылы «Толықтай немесе жартылай бет-әлпетін жабатын кез келген киімді киюге тыйым салу туралы» Заң қабылдап, елдің барлық аумағында бет-әлпетті толықтай немесе жартылай жабатын киім киюге тыйым салды. Заң талабына сәйкес, бет-әлпеті толық жабылған немесе қандай да бір түрде оны тануға мүмкіндік бермейтін киімде қоғамдық орындарда жүрген адамдар 15 евродан 25 евроға дейін айыппұлмен  және 1 күннен 7 күнге дейінгі мерзімнің бірімен қамауға алумен жазаланады.

Австрияда биылғы 1 қазаннан бастап қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін жабатын бас киімдерді, маскалар мен арнайы киімдерді киюге тыйым салатын заң күшіне енді. Заң нормалары адамның бет-әлпетінің ашық болуы тиіс екендігін міндеттейді. Заңды алғаш бұзған адамнан тыйым салынған киімді шешуге ұсыныс беріледі. Егер ол ұсыныстан бас тартқан жағдайда 150 евро көлемінде айыппұл салынады және оны түсіндіру жұмысын жүргізу үшін полиция бөліміне алып кетеді.

Көріп отырғанымыздай, адамның бет-жүзін тұмшалайтын киімге заңнамалық тыйым салу – әлем елдерінде бар тәжірибе. Сондықтан осы мәселеге қатысты біздің тарапымыздан заң жобасына енгізілген талаптар дін саласын реттеу арқылы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін игі мақсатты басшылыққа алады деп толық сеніммен айта аламын.

– Берік Сақбайұлы, заң жобасында көзделіп отырған барлық мәселелерді бір сұхбатпен қамту мүмкін емес екені белгілі. Әңгімемізді осы заңнамалық өзгерістердің мақсаты не және одан не күтеміз деген сауалмен қорытсақ?

– Біз осы заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар арқылы мемлекет пен діни бірлестіктердің арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтуді,   қоғамда зайырлы қағидаттарды нығайтуды және діни қызметті үйлестіру бойынша мемлекеттің функциясын арттыруды көздеп отырмыз. Осы орайда, еліміздегі діни ахуалдың тұрақты екенін баса айтқым келеді. Мен мұны барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың атқарып отырған қызметтерінің және ел азаматтарының мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған саясатқа толық қолдау көрсетіп отырғанының нәтижесі деп түсінемін. Ең бастысы, ел заңнамаларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қоғамның және ондағы барлық азаматтардың мүддесіне жұмыс істейтіндігін атап өткім келеді. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Абай Отар