• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қараша, 2017

Електің ағысы неге баяу?

3593 рет
көрсетілді

Жайыққа құятын өзендердің бірі – бастауын Мұғалжардың батыс бөлігіндегі Бестөбе тауынан алатын Елек өзені. 

Оның жағасында Ақтөбе және Алға қалалары орналасқан. «Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей, өзен-көлдердің бойында туып-өскен адам қай жерде жүрсе де мұнда су айдыны бар ма екен деген оймен жан-жағына мойнын соза қарайтыны табиғи жайт. Осындай әдеттен осы жолдардың авторы да құралақан емес еді. Сондағы барып бой жазғанымыз, жағасында тұрып емін-еркін демалғанымыз, суына түсіп шомылғанымыз жергілікті тұрғындар «Жилгородок» деп атап кеткен ескі шағын аудан тұсында сарқырап ағып жатқан Елек өзені.  

Оның аумағындағы тоғай­лар мен теректер көкке бой созып тұрғаны таң-тамаша қалдырды. Сонымен бірге бұл арада иесіздік пен бей-берекетсіздік көріністері бірден байқалады. Өзен бір бөлек, қала бір бөлек жатыр. Екеуі бірімен-бірі қабысып, өзара үйлесім тау­ып тұрмағандай әсерде қалдық. Егер ұқыпты қолдың табы түссе, Елек өзенінің жағалауын тамаша демалыс орнына айналдыруға болатын еді. Ақтөбеге ағылып келіп жататын инвесторлар мен жергілікті шағын және ірі бизнес өкілдері осындай таптырмайтын мүмкіндікті назарына неге ілмеді екен деген ой келеді еріксіз. Әлде олар Елек өзенінің соңғы жылдары ластанып кеткенінен қауіптеніп, бұл араны абаттандырудан бойларын аулақ салғысы келді ме екен? Бұл арасын дөп басып айта алмаймыз.

Сонда қалай, оның қазіргі экологиялық жай-күйі соншама алаңдатарлық күйде болғаны ма? Біз бұл сауалға ендігі кезекте Энергетика ми­нистрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау коми­теті Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті­нен алынған деректер негізін­де жауап қайтарғанды жөн көреміз. Осы орайда Елек өзенінің суы о бастан бормен және хроммен ластанып келгенін айтқан жөн. Өз кезегінде бұл көріністің өзі қолайсыз экологиялық ахуал қалыптастырмай қой­майды. Елек – еліміздегі трансшекаралық өзендер қатарына кіреді. Мұндай жағ­дайда оны қорғау мәсе­лелері мемлекетаралық сипат алмай тұра алмайды. Мұндағы су ресурстарының бормен бүліну белгілері бұрынғы Ақтөбе химия зауытының зиянды қалдықтарының кесірінен орын ала бастапты. Қолдағы бар деректер аталған зауыт алпысыншы жылдардың орта шеніне дейін Елек өзеніне ластанған өнеркәсіп суларын төгіп келгенін айғақтайды. 

Сондай-ақ Елек өзені жерасты суының алты валентті хроммен ластануына да ешкім таңғала қоймайды. Ақтөбе хром қосындылары зауытының іске қосылуы бұл жағдайды тым күрделендіріп жібергені де шындық. Осы кезде зиянды әсері бар бұл химиялық элемент пен тех­никалық ерітінділердің суға келіп түсу көріністері бас­талған. Оған шлам тоған­дарының сол кезде қор­ғау құрылғыларынсыз салын­ғаны тікелей әсерін тигізген. 

Бұл кешегі күннің салдары мен зардабы болса, бүгінгі күннің бедері қандай? Бұл ретте «Қазгидромет» РМК жүргізген кейбір гидро­геологиялық бақылау­лар нәтижелеріне арқа сүйегеніміз жөн. Осындай іс-шаралар олардың тарапынан Елек өзенінің сапалық құрамы­на қатысты атқарылған. Бұған қоса жоғарыда аталған департаменттің сынақ зертханасы да Елек өзеніне ай сайын бақылау орнатқан. Жүргізілген мониторингтер 2012-2016 жылдар ара­лығында Елек өзеніндегі негізгі ластаушы заттардың мөлшері біртіндеп азайып келе жатқанын көрсетеді.

Мұндағы байырғы тұр­ғындардың мәлімдеуіне қарағанда, Елек өзеніне ертеректе катер, кеме секілді су көліктері пайдаланылып, тұтастай кеме шаруашы­лы­ғы жолға қойылыпты. Ал бүгін ше? Бүгінгі күні Електің ең терең тұсы орта бойлы адам­ның кеудесінен аспайтыны да анық. Көз көргендердің айтуы бойынша, бұрынғы кезбен салыстырғанда қазір өзеннің ағысы да бәсеңдеген. Бұл көрініс Електің арнасын тазалау жұмыстары жүйелі түрде жолға қойылмағанынан пайда болып жүрген жоқ па екен деген ой келеді. 

Електегі су қоры мен ресурстарының белгілі бір бөлігі Қарғалы су қоймасына жіберілуі де өзен арнасының тартыла түсуіне әсерін тигізбесіне кім кепіл? Өзеннің табанын құм мен қиыршық, ұсақ тастар басып кеткенін де тиісті ұйымдар мен мекемелерді ойландырса, кәне?!

Мұндай жағдайда Су кодексінің талаптарына сәйкес су бассейінін қорғау саласындағы мемлекеттік бақылаулар жүзеге асырылуға тиіс. Соның ішінде Елек өзені секілді су нысандарын сақтау мен қалпына келтіруге және реттеуге көңіл бөлінсе нұр үстіне нұр. Бұл ретте республиканың батыс өңіріндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы РМК-ның атқарар ісі мол деп білеміз. Сондай-ақ өзен маңындағы флора мен фаунаның азайып бара жатқаны да бөлек бір әңгіме. 

Рас, қазіргі күні өзендегі балық қорын сақтауға қатысты жұмыстар жүргізілмейді десек, шын­дықтан алшақтау кетерміз. Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, жылына екі рет – көктемгі және күзгі кезеңдерде Електің айдынына ұсақ шабақтар жіберілетін көрінеді. Оның көлемі биылғы көктем кезінде елу мыңға тарта болса, күзде екі жүз мыңнан астам тұқы балығының шабақтары жіберіліпті. 

Қалай дегенде де Елек өзенінің экологиялық жағдайын жақсарту бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып қала бермек. Бұл бағытта Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті ұжымы алда атқарылатын кешенді іс-шараларды белгілеп отырғаны үлкен үміт туғызады. Олардың тарапынан Електің қазіргі жай-күйі аймақтың экологиядық проблемалары тізіміне енгізілген. Мұны реттеудің басты жолдары су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға арқа сүйейді. Мұндағы басты мақсат Елек өзені суының ластану деңгейін азайту болып отыр. 

 Бүгінгі күні толық шешімін таппай жүрген мәселенің бірі – кәріз құбырларынан шыққан сарқынды суларды Елек өзеніне ағызу көрінісі әлі күнге дейін жалғасып келе жатқаны деу­ге болады. Бұл бағытта кәріз жүйелері мен құбыр­ларын реттеумен және пайдаланумен айналысатын облыс орталығындағы «Ақбұлақ» АҚ терең әлеуметтік жауапкершілік арқалайды. Жоғары­дағыдай жағдайда қоршаған орта мен адам ден­саулығына оның теріс әсері тиюі әбден мүмкін. Бұл жайт қазіргі қолданыстағы кәріз жүйесін және құбырлық сорғы бекеті ныса­нын түбірімен жаңғырту қажеттігін туғызады. Әсіресе аталған екі құрылымның өткізу қабілеттері мен қолданылу аясын қайта құру қажеттігі айқын көрінеді. 

Өндірістік-шаруашылық сөз қолданысында сыйымдылықты реттейтін тоған (СРТ) деген тіркес бар. Бұл сарқынды суларды тазарту құрылғысы деген ұғымды білдіреді. Осыдан шыққан суды Елек өзеніне ағызбас бұрын техникалық қажеттіліктер үшін қайта қолдану экономикалық тұрғыдан да, экологиялық тұрғыдан да тиімдірек дейді мамандар. Алайда бұлай болмай отыр. Тіпті сарқынды суларды СРТ арқылы Елек өзеніне ағызған күннің өзінде де сарқынды сулардың каналы өз алдына бетондалып тасталуға тиісті екен. 

Қалалық кәріз суларын тазарту ісі ескі тәсіл­мен жұмыс жүргізуді көтермейді. Міне, иннова­ция­лық технологияларды қолдану қажеттілігі дәл осы арадан көрінеді. Кәріз құбырларынан ағызыл­ған су бактерия­лардан мүлдем таза деп ешкім кепіл­дік бере алмаса керек. Сондықтан экология депар­таменті оны биопрепараттармен терең түрде өңдеуді ұсынып отыр. 

Түйіп айтқанда, Елек өзенін қорғау тек мемлекеттік мекемелердің ісі емес, бұл барша жұртшылық пен қоғамдық ұйымдардың парызы деп білеміз. 

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ