Үш күнге созылған ХІІІ жастар ұлттық дельфий ойындары «Өнерім–рухани қазынам» атауымен өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды.
Қазақстанның облыстары мен Алматы, Астана қалаларынан келген 600-ге жақын қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 2 топқа бөлініп, 18 аталым бойынша өнер және мәдени-шығармашылық бәсекелестікке түсті. Погодин атындағы орыс драма театрында ұйымдастырылған марапаттау салтанатында облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет жастар арасында брендке айналған танымал іс-шараның талантты өнерпаздарды анықтаудағы, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы маңыздылығын атап өтті.
Ұлттық дельфий ойындары комитетінің директоры Құралай Түспекова жеңімпаздар мен жүлдегерлерді жариялады. Жалпыкомандалық есепте Солтүстік Қазақстан облысы қоржынға 9 алтын, 11 күміс, 6 қола салып, бірінші орынға ие болды. Екінші, үшінші орындарды Астана қаласы мен Ақмола облысы бөлісті. Жекелеген аталымдар бойынша Ділназ Ташмұхамед / «Халықтық әндер», Қызылорда облысы/, Бекзат Пірілепесов / «Домбыра», Оңтүстік Қазақстан облысы/, Рыстыгүл Көшерова / «Бейнелеу өнері», «Солтүстік Қазақстан облысы»/, Мерей Ынтымов / «Сән үлгісі», Астана/, тағы басқалары топ жарды. Жаңадан енгізілген «Ишара тілінде ән айту» және «Хореография» аталымдарына 100-ге жуық есту қабылеті кем балалар қатысып, петропавлдық « Sensitive» би ансамблі, Элмира Балтықова /Алматы облысы/, Еркеұлан Қуандық /Қызылорда/ көрермендерді өз өнерлерімен тәнті етті. Сондай-ақ «Қоларбада би билеу» аталымының тұсаукесері тамашаланды.
Қазақстанда дельфий ойындарын дамыту тақырыбына арналған көшпелі сессияда сөйлеген сөзінде халықаралық дельфий комитетінің директоры Владимир Понявин Қызылжар өңірінде шашаларына шаң жұқтырмаған өнер, мәдениет-шығармашылық байқауларының жеңімпаздары дүниежүзілік додаға жолдама алғандарын мәлімдеді.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы