Экономиканың сан тарау тыныс-тіршілігі тасымалға тіреліп тұрғанын ескерсек, бүгінгі таңда жүк тасымалына жауапты компанияның түкірігі жерге түспей тұрғаны түсінікті. Күзге салым егін піскен, орақ түскен, жылу маусымы иек астына тірелген, жанар-жағармайға сұраныс күшейген уақытта әр салада туындаған мәселелердің бір ұшы теміржолмен тікелей байланысты.
Биыл солтүстік өңірлерде егін бітік шығып, дер уағында орылса да, астықтарын өзге өңірлерге және экспортқа жөнелтуге қолдары қысқа диқандардың жанайқайы тағы естілді. Қостанай, Қарағанды өңірлерін айтпағанда, Астананың өзіне көмір жетпей жатқаны, бағасы шарықтап кеткені туралы дабыл қағылды. Басқа облыстарда да осыған ұқсас жағдайлар орын алды. «Егемен Қазақстан» газетінің бұған дейінгі нөмірлерінде бұл тақырыптағы мақалалар дүркін-дүркін жарияланған болатын.
Жағдайды тереңірек түсіну үшін сәл кеңірек шолу жасайық. Мәселен, Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері хабарлағандай, өңірде биыл 5,1 миллион тонна астық жиналған еді. Алайда шаруалар жиған астықты іске жарата алмай әуре-сарсаңға түсті. Себебі элеваторлар лық толы, астықты қабылдайтын орын жоқ, таситын вагон жетіспейді.
Солтүстік Қазақстанда да бидай жеткілікті мөлшерде жиналған, бірақ тағы да вагонның аздығы қолбайлау болды. Қазақстан бойынша жиналатын астықтың үштен бір бөлігін қамбаға құйған аймақта жағдайдың ширыққаны соншалық, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығымен ауыл шаруашылығы өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Жиын барысында Петропавл қаласында бір күнде ғана 178 вагон, Булаев ауданында 197 вагон, Мамлют ауданында 279 вагон астық кем тиелгені анықталды. Облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаров айтқандай, жергілікті әкімдік тарапынан астық экспортына қажетті жағдайлар толығымен жасалып отыр, басты проблема республикалық ведомстволарға байланысты. Соның салдарынан өңірдегі ұн шығарумен айналысатын 50-ге салым кәсіпорын жақын күндері жұмысын тоқтатуы мүмкін деген қауіп айтылды.
– Қазір зауыттар қордағы соңғы бидайларын өңдеуде. Оның өзі бір-екі күнге ғана жетеді. Ал шикізаттың жақын арада жеткізілуі екіталай, өйткені вагондар жоқ. Вагондардың бәрі Ресейде,– деген еді «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі тілшісіне кәсіпкерлердің бірі.
Қазан айының соңғы күндері астықтың уақтылы жеткізілмеуіне байланысты Оңтүстік Қазақстандағы ірі ұн өндіруші кәсіпорындар жұмысы тоқтап қалуға шақ қалды. Аймақтағы ең ірі астық өндіруші «Алтын дәнге» тәулігіне 15 вагон шикізат қажет екен. «Алтын дән» ЖШС басшысы Бахарам Әбдікәрімов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Диқандар өнімін сата алмай отыр. Өйткені біз олардың өнімін ала алмай жатырмыз. Бұл мәселені тіпті үлкен компаниялар да шеше алмауда, себебі вагон жоқ», деген болатын. Осы оқиғадан кейін іле-шала «Астық-Транс» АҚ басшылығы оңтүстік өңірдегі кәсіпорын жетекшілерімен кездесу өткізіп, тиісті жүкті уақтылы жеткізу туралы уағдаластық жасалды. Осы материалды әзірлеу барысында «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі белгілі кәсіпкер Бахарам Әбдікәрімовке хабарласып, мәселенің қалай шешіліп жатқанын сұраған болатын. Кәсіпкер тарапынан «Мәселені біртіндеп шешу үшін жұмыстар жасалып жатыр. Жағдайға қатысты толыққанды жауап беруге әлі ертерек», деген жауап алдық.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, «Астық-Транс» АҚ ұн өндіруші ірі компаниялармен меморандум жасасып, әлеуметтік маңызға ие жүктермен уақтылы қамту туралы уағдаласты.
Жамбыл облысында да жағдай қайталанды. Қантына бүкіл Қазақстан қарап отырған ең ірі зауыттар осы облыста орналасқаны белгілі. Соңғы жылдардағы шикізат тапшылығы, қанттың қымбаттауы сынды проблемаларды шешу үшін осы өңірде қант қызылшасы өсірілетін аймақтар кеңейтіліп, қант өндіруші зауыттардың жұмыс қуаты күшейтіле бастаған болатын.
Тараз бен Мерке аудандарындағы қант зауыттары да біраз уақытқа созылған тоқыраудан кейін қайта жұмыс істеуге көшкен. Алайда тәтті тапшылығын жойсақ деген таза ниетті тағы да темір жол саласы тығырыққа тіреді. Шаруалардың өніміне алаңдаған әкім «Қазір жылу маусымы, көмір керек. Вагондар жетпей жатқанын түсінемін. Бірақ тез бұзылатын жүктер бар, оларды керек жеріне жедел жеткізу керек. Қара суық түссе қызылша ешкімге керек болмай қалады», дейді.
Алайда, әр салада туындаған мәселеге қатысты «ҚТЖ» басшылығының өз уәжі бар. Жуырда Қостанайда тасымал мәселесіне байланысты өткен кеңесте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев «Қазіргі таңда астық вагондарының жетіспеушілігі жоқ. Ал оны тиімді ұйымдастыру мен тиісті айналымын жасақтау басқа мәселе. Тасымалдау үдерісіне қатысушылардың барлығының ұйымдасып жұмыс істеуі астық тасымалдауды ұйымдастырудың маңызды бөлігі», деді.
Оның айтуынша, туындаған қиындықтардың бір себебі вагондардың элеваторлардың жанында тәуліктеп тұрып қалуымен, жүк жөнелтушілердің жүк тиеу өтінімдерін уақтылы бермеуімен, тасымалдау құжаттарын ресімдеудің кешеуілдеуімен байланысты екен. «Оның сыртында тасымалдау үдерісіне кейбір экспедиторлық компаниялардың көліктік қызметі міндеттемесін дұрыс орындамауы салдарынан да олқылықтар орын алып отыр. Мұның барлығы республика агроөнеркәсіп кешенінің өнімдерін тасымалдауға қиындық туғызады», дейді Қанат Алпысбаев.
Тасымал саласындағы проблеманың төркінін вагондарды ресейліктер сатып алуымен сабақтастырғандар да болған еді. Алайда Ақмола облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Сұлтанов оны теріске шығарды. «Атамекен» ҰКП алаңында қазақстандық жүк жөнелтушілерді жылжымалы құраммен қамтамасыз ету жөніндегі кеңесте Қайрат Сұлтанов:
– Ресейліктердің барлық вагондарды сатып алғандығы жайында мәселе қозғалып, шын мәнісінде вагондар тек жалға берілгендігі анықталды. Осы туралы ақпараттандыру өте маңызды,– деді.
Өз елімізде жетпей жатқан вагондарды басқа елге жалға беруге не себеп? Осы сауалдың жауабын білмек болып «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне хабарласқанбыз. Ол жердегі әріптестеріміз бұған дейін жарияланған, яғни біздің қолымызда бар ақпараттарды ұсынумен шектелді. Жығылғанға жұдырық дегендей, астық өсірушілер өнімдерін таси алмай қиналып жатқан кезде тағы бір проблеманың құлағы қылтиды. Көршілес Ресей, Украина сынды астық экспорттаушы елдерде де биыл егін бітік шықты, сапасы да жоғары. Бұл да отандық астыққа деген сұраныстың төмендеуіне ықпалын тигізуде. Осы жайт күні кеше Мәжіліс депутаты Альберт Раудың мемлекет тарапынан шаруалардан қосымша бидай сатып алу туралы Үкіметке өтініш жасауына түрткі болды. Кезінде Қостанай, Ақмола сынды астықты өңірлерде басшылық қызметте болған депутат «Аграрлық саладағы адамдардан астық нарығындағы ахуалға байланысты көптеген өтініштер түсті. Нарық тоқтап тұр, ол бірінші кезекте көрші елдерде түсім мол болғанымен байланысты. Ресей үкіметі астық шығаруға (экспорттау – авт.) бұрын-соңды болмаған жағдай туғызып отыр. Оған қоса, демпингтік бағамен солтүстіктегі өңірлерімізге бидай жіберген фактілері бар. Не істеу керек? Мұндай жағдайда мемлекет астықты сатып алып, нарыққа деп беруі керек», дейді.
Қазір жағдай аздап тұрақталған сыңайлы. «ҚТЖ» басшысының айтуынша, астық таситын вагондардан тапшылық жоқ. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, «Астық-Транс» АҚ ұн өндіруші ірі компаниялармен меморандум жасасып, әлеуметтік маңызға ие жүктерді уақтылы жеткізу туралы уағдаласты. Апта сайын вагондармен қамту ісіне мониторинг жүргізу, ахуалды жақсарту, нарыққа «Астық-Транс» пен «Қазтеміртанс» компанияларынан басқа да жекеменшік компаниялардың вагондарын тарту сынды жұмыстар қолға алынды.
Жалпы, «тізбекті реакция» деген ұғымның дәл осы тасымалдау ісіне тікелей қатысы бар. Елбасы Жолдауында айтылған «Экономикамыздың драйверіне айналуға тиіс» аграрлық сектор, басқа да маңызды салалар жүк тасымалына тікелей тәуелді, бір-бірімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Тасымалдау ісінде ақау болды дегенше, басқа салаларда жасалған қадам кері кетеді. Жанар-жағармай бағасы, астықтың сапасы мен құны, нан және басқа да әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасы... бәрінің тасымалға қатысы бар. Тәуелсіздік жылдарында ТМД елдерінің ішінде 2500 шақырым темір жол төсеген жалғыз мемлекет болсақ та, тасымалдау саласы кемшіліксіз емес екені соңғы бірер айдың ішінде анық байқалды. Тауарды барынша тиімді маршрутпен неғұрлым аз шығынмен жеткізу көлік-логистикалық жүйенің басты қағидасы десек, бұл қағидадан ауытқып кеткен тұстарымыз көп сияқты.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»