Тарих ғылымдарының кандидаты, құқықтану доценті, Ресей Федерациясы Психология академиясының корреспондент мүшесі Ғаппар Маймақовтың қазақ ғылымына, ұлт руханиятына қосқан еңбектері орасан. «Қазақ жері тұтастығының қалыптасуы», «Қазіргі заманғы дінтану негіздері», «Мемлекет және құқық тарихы» атты еңбектері қазақ ғылымына қосылған қомақты үлес. Ғалым денсаулығының сыр бергеніне қарамастан қолынан қаламын тастамай, қоғам өміріндегі іргелі өзгерістерге үн қосты. Фәни дүниемен қош айтысқанша ғылым жолына адалдық танытқан ғалымның «Егемен Қазақстан» газетіне жолдаған соңғы мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Президент Н.Ә.Назарбаев мемлекетті басқару, күрделі халықаралық мәселелерді шешуге белсенді қатысуымен қатар, үлкен ғылыми-интеллектуалдық еңбектердің авторы және терең ойшыл ғалым да болып табылады. Елбасы бұған дейінгі ондаған ірі кітаптарын жариялаумен қатар ауқымды бағдарламалар, мақалалар да ұсынып келеді. Солардың ішінде «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» (2012ж.), «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» (2016 ж.), «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: Болашаққа интеллектуалдық секіріс» (2009 ж.) т.б. мақалаларын білеміз.
Осы жылдың 12 сәуірінде Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Бұл мақала бұған дейін көтерілмеген идеялық және идеологиялық жұмысты жолға қоюдың бағытын көрсетіп берген еңбек болып табылады. Мақала терең ғылыми-практикалық негізде жазылған. Сондықтан оның бағдарламалық сипаты басым.
Президент ең алдымен ұлттық сана туралы аса күрделі мәселені айтты.
Сананың формасы көп. Ұлттық сана – ұлттың кодынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен, тәрбие-танымынан адамгершілік және әлеуметтік, саяси, экономикалық, эстетикалық, философиялық, діни және т.б көзқарастар мен сенімдерден тұратын, белгілі бір рухани дамуын сипаттайтын сана.
Ұлттық сана – ұлттың, дамыған этностың санасы. Ұлттық сана – ұзақ тарихи даму жағдайында пайда болып қалыптасады әрі үнемі дамып отырады. Қазақтардың өзіне тән ұлттық санасы бар. Қазіргі заманда Қазақстанның қалыптасу процесіне байланысты қазақстандық ұлттық сана орныққан. Қазақстандық ұлттық сана елімізде тұрып жатқан этностарға тән сана.
Мақалада ұлттық кодты сақтай білу туралы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деп айтылып өтті.
Ұлттық код деген не?
Ұлттық код – ұлттың тарихынан, ұлттың санасынан, салт-дәстүрінен, мәдениеті мен әдебиетінен, тілінен, тәрбиесінен, дінінен, ділінен, қонақжайлылығынан, бәсекеге қабілеттілігінен, патриотизмінен, т.б қасиеттерінен тұратын ұғым. Елбасы ең алдымен Ұлттық кодты сақтау, дамыту және жаңғырту туралы баса айтты. Ұлттық код сол ұлттың өзіне ғана тән ерекше қасиеттері болып табылады.
Қазақтардың өзіне ғана тән қонақжайлылығы туралы айталық. Қазақтар әлемдегі ең бір қонақжай халықтың бірі немесе бірегейі. Ең кедей, тұрмысы төмен қазақтың өзі сандығында қонақтар үшін деп тәтті тағамдар және киім-кешектер сақтап отырады. Себебі қазақ қонақ келіп қалса, оның алдына қоятын қонақкәделердің болмауынан жерге қарап қалмауы тиіс. Бұл қонақкәделер қанша қиналса да, балалардың өзіне де берілмейді.
Қазақтардың қонақтарды қарсы алу, шығарып салу тәртібі әдет-ғұрып заңдарында өте жақсы айшықталған. Қазақ қонақжайлылыққа құқықтық сипат берген әлемдегі жалғыз ұлт. Құдайы қонақты дұрыс күтіп алмағаны үшін үй иесіне ат-шапан айып салынған және ол заңда бекітілген. Көшпелі қазақтарда қонақүй болмаған. Тіпті, қонақ үйдің қажеті де жоқ еді. Оңтүстіктен шыққан қазақ 1,5 мың шақырым жол жүріп Солтүстікке жетіп отырған. Батыстан шыққан қазақ 3 мың шақырым болатын Шығыстағы таныстарына еш қиналмай жететін. Себебі, жалғыз немесе бір топ жолаушы кез келген ауылға тоқтап, кез келген үйдің жанына келіп «Құдайы қонақпыз» деп дауыс берген. Сонда үй иесі жүгіріп шығып, қонақтарды аттан түсіріп, үйге кіргізуге міндетті болған. Олардың кім екенін сұрау әдепсіздікке жатқан. Қымыз және де басқа сусындар берген соң мал союға бата сұраған. Содан кейін ғана қонақтардың кім екендігін сұрай бастаған. Мал сою қонақтарды күтудің басты шарты немесе міндет болған. Егер үй иесі мал соймай, сақтаулы тұрған ет-тағамдармен қонақтарды күтсе, қонақтар бұл тамақты жеп болып, аттана берген. Бірақ ауылдың биіне, ақсақалына келіп, «сараң ауыл», «сараң ру» екенсіңдер деп айтып кеткен. Бұл ауылдың атына айтылған масқара сын болатын. Мұндай ауылдың билері, ақсақалдары, мүшелері кез келген жерде өздеріне айтылған сынды мойындап, жерге қарап отыратын.
Осылай болмау үшін би, ақсақал үй иесіне ат-шапан айып төлеттірген және қонақтарды қайта шақырып күтуді тапсырған. Қазақтар ондаған ғасырлар бойы осылай өмір сүрген.
Сондықтан қазақтардың қонақжайлылығының гендік сипаты бар деуге болады.
Қазақтардың қонақжайлылығы репрессияға ұшыраған ұлттарды қарсы алу кезінде ерекше көрінді. Өздері аш-жалаңаш қазақтар бір үзім наны мен бір тұтам үйіне қырылудың үстінде тұрған халықтарды кіргізіп, паналатты. Репрессияға ұшыраған халықтардың саны 1,5 миллиондай еді. Солардың бәрі де қазақтардың қонақжайлылығы арқасында аман қалды, өніп-өсті.
Қазақтардың осы қонақжайлылығы бүгін де сақталып отыр. Сондықтан қонақжайлылық – қазақтардың Ұлттық кодының ерекше көрінісі.
Бәсекелік қабілет туралы айтқан Елбасы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы», деп айқындап алып мұның материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін екендігіне тоқталды. Болашақтың табысы бәсекеге қабілеттілікпен баянды етіледі. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы болып табылады.
Мемлекет басшысының прагматизм туралы ойлары өте терең және айқын. Прагматик адам әрқашан да табыстарға қол жеткізіп отырады. Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану прагматизмнің негізгі тиянақтары.
Прагматизм популизмге қарсы. Популизм – саяси, экономикалық, әлеуметтік және қол жетпейтін уәделерді үйіп төгу. Сол арқылы бедел жинап, билікке қол жеткізу жолындағы әрекет. Популизм әсіресе саяси партияларға, даңғой көшбасшыларға тән қасиет. Ақырында популизм табысқа емес дағдарыстарға апаратын идеология. Мысалы, Кеңес одағындағы 80-жылдарда коммунизм құру, 90-жылдары бүкіл азаматтарды алкогольдік ішімдіктерден арылту туралы уәделер нағыз популизм еді.
Мақалада ұлттық бірегейлікті сақтауға маңыз берілген. Бұлар: ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз. Бұл қасиеттер бойымызда мәңгі сақталуы тиіс.
Ұлттық бірегейліктің негізгі белгілері:
- ұлтына, дініне, жынысына, т.б. белгілеріне қарамай Қазақстанның барлық азаматтары тең;
- Қазақстан аумағындағы барлық азаматтар тұрады, Қазақстан мемлекетінің қамқорлығын пайдаланады;
- барлық Қазақстан азаматтарының рухани құндылықтары, дүниеге көзқарастары, ділі (менталитеті), мәдени деңгейлері бірдей немесе ұқсас;
- барлық Қазақстан азаматтарын шетелдерде қазақстандықтар, тіпті кейде қазақтар деп те атап жүр. Әсіресе бұл спорт және өнер салаларында анық байқалады.
- барлық Қазақстан азаматтары Қазақстан мемлекетінің және оның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың саясатын қолдайды және оны мақтаныш тұтады;
- барлық Қазақстан азаматтары еліміздегі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтауға және нығайтуға, қандай да бір этносаралық және конфессияаралық қайшылықтар мен жанжалдарға жол бермеуге күш салады.
Ұлттық бірегейлік – Қазақстан халқының бірлігі мен достығының, ынтымағы мен татулығының нақты көрінісі.
Ұлттық бірегейлік жершілдікке, рушылдыққа, сыбайлас жемқорлыққа мүлде қарсы.
Мақалада рухани жаңғыру бойынша таяу жылдардағы міндеттер айқындалды.
Бірінші, біртіндеп латын әліпбиіне көшу қажеттілігі негізделді.
Енді 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу басталады.
Екінші міндет, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынады. Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз.
Үшінші міндет «Туған жеріңе туыңды тік бағдарламасын жасау. Оның негізінде патриотизм идеясы жатыр. Сол себепті Президент «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. «Туған жер» бағдарламасы «Туған ел» бағдарламасына ұласады, сөйтіп жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады.
Төртінші міндет, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды, деп атап өтілді мақалада.
Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін құру қолға алынады.
Бесінші міндет бойынша «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы іске асырылады. Бұл жоба нені көздейді? Бірінші, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт. Екінші, ол бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс. Үшінші, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек. Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал. Бұл жобаны 5-7 жылда жүзеге асыру көзделіп отыр.
Алтыншы міндет, ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Елбасы бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынады. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады.
Елбасының мақаласы болашақта халқымыздың рухани жаңғыртуының теориялық және практикалық негіздерін қалап отыр. Заманға сай жаңғыру – дамудың негізгі өзектерінің бірі. Уақыт бізді күтіп отырмайды. Уақыт талабына ілесе алмау, мүмкіндікті қолдан шығарып алу тарихи мүмкіндіктерді пайдаланбау болып табылады. Сондықтан бүгінгі Қазақстан халқы рухани жаңғыруды негізгі талап деп қабылдағаны жөн. Болмаса, Елбасы айтқандай, «Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді». Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы, сөз жоқ, қоғамдық, ұлттық санада серпіліс туғызған еңбек болды. Бұл «Мәңгілік Ел» құрудың идеологиялық алтын діңгегі де болып табылады.