• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Қараша, 2017

Алматыда «Мәңгі­лік бірге» атты көрме ашылды

270 рет
көрсетілді

Қарашаның алғашқы жұма­сында Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Мемле­кеттік өнер мұражайында Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қа­р­ым-қатынасының 125 жыл­ды­ғына арналған «Мәңгі­лік бірге» көрмесі ашылды. 

Авторлық сәндік қуыршақтар көрмесін ұйымдастыруға ежелгі көрші Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулдығы мұрындық болып, екі елдің ең үздік қуыршақтарын бір экспозициялық залда тоғыстырды.

Қас шеберлердің қолынан шық­қан қуыршақтар көрмесінде қазақ­стан­­дық 30 ісмердің жүзге жуық жұмы­­сы қойыл­са, Ресей тарапынан 19 адам­ның 55 туын­дысы әкелінді. Бұл қуыр­шақ­тардың ішінде құны арғымақтың баға­сына пара-пары да бар. Мәселен, бұл – Ресейде тамаша қуыршақтар жасаумен аты шыққан Алена Абрамованың жұмысы. Бойы 1 метр 20 см болатын қуыр­шақ асыл тастармен безендірілген. Егер қуыршақтар жасау мен жинау­ға бүкіл өмірін арнайтын жандардың бар екенін ескерсек, қанша қымбат болса да, олардың иесі табылмай тұрмайды. Мәселен, Алена Абрамова өз жұмысын 3,5 миллион теңгеге бағалап отыр.

Көрмеге қойылған қуыршақтардың ішін­де орындалуы жағынан тәнті ет­пей қоймайтын ерекше туындылар бар. Мысалы, Елена Филатова, Еле­на Новицкая, Анастасия Серог­лазова сынды Нижний Новгород қуыр­шақ­шыларының түрлі сипаттағы жұмыс­тарын қалай мақтасаң да жарасады. Ал Қазақстан шеберлерінің арасынан Кате­рина Курочкина, Роза Сәрсенбаева, Ирина Самойлова, Анастасия Ели­сеева, Марина Курманова, Галина Клеа­пов­ская, Ирина Итахунованы бөле-жарып атап өтуге болады. Біз­дің қуыршақ жасаушылар Алматы, Қас­келең, Көкшетау, Семей, Зырян, Риддер қалаларынан жиналды.

Көрменің ерекше бөлімі «Біздің кеңес кезіндегі балалық шағымыз» деп аталады. Бұл бөлім жастық шағы кеңес­тік дәуір­мен тұспа-тұс өткендер үшін тартымды өтеді деп күтілуде. Бұл көр­меге келгендер баяғы пионер отряд­тарындағыдай бара­бан соғып, керней­летіп, тақпақ айтып, сол кезеңнің қуыр­ш­ақтарын тама­шалайды деп жоспарланған.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ