• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 09 Қараша, 2017

Ұлтқа керек ұлағат

534 рет
көрсетілді

Өмір талабы деген ұлы құдірет бар. Сәті туып, сағаты соққанда ол талаптан жеке адам да, тұтас халық та бойын аулақ сала алмайды, шеткері қала алмайды. 

Сансыз бұлақтарымен түптен тазаланатын ұлы теңіздердей, әрбір халық, ұлт, ел өзінің жаманынан жиренетін, қанына сіңген мимырт мінездер мен жұлынқұрт құлықтарды, дүмбілез дағдылар мен таптау­рын болған қасаң қағидаларды күресінге лақтыратын тағдырлы кездері болады. Сондай тағдыршешті, талайлы кезеңді бүгін таңда Қазақ елі де өз басынан өткеруде.

Қай халықтың бойында да асыл қасиет­термен, жарқылдаған жақсы­лық­тарымен, тағылымды тәлім-даналығымен бірге сұрқылтай замандардан, тауқымет-таршылықтан немесе баршылық-тоқшылықтан жұққан жаман әдеттері, сылып тастамаса болмайтын кеселді мерездері болуы да заңдылық. Ол үшін ешбір халықты ешкім кінәлап сөге алмайды. Бір анадан ала да, құла да туады. Бес саусақтың саласы да бірдей емес. Тек солардың жалпы дағдыға, ортақ сипатқа айналып кетуінен сақтасын деңіз. Бұл ретте қай халықтың да бірінші тәрбиешісі – халықтың өзі, оның ғасырлар бойы жинақтаған даналық өсиеттері мен тәжірибесі. Қазақ та рухы кемелді ұлт деңгейіне осылай көтерілді, әр кезеңдерде, тарих өткелдерінде етектен тартқан кемшіліктерінен арылып та отырды.

Қазақтың жаман әдеттерден, жи­ренішті мінездерден арылуға үндеген бі­рінші сыншысы хакім Абай болды. Қаны қайнағаннан, жаны ашығаннан сынады. Орынсыз ыржаңнан, болымсыз қылжаңнан безініп, оның дәулет те, нәсіп те болмайтынын айтып, ізгі қасиеттерге үндеді. «Қалың елім, қайран жұртым!», деп қамықты ұлы жүрек. Жамандықтан жиренсе, ел тынысы жылма-жылдап ашылатынын да аңғартты. Қазақты бұдан кейін елдікке шақырушы Алаш қайраткерлері еді. Олар да қараңғы түнектегі жамағат жұртын жарық сәулеге, жарқын бола­шаққа үндеп, елді жаппай жайлаған на­дандық ұйқысынан ояну һәм ойлану қажеттігін құлаққа құйып, санаға сіңі­руге тырысып, сол жолдағы күрес майданына шыққан-ды.  Бүгінгі Қазақстан дидары – Қазақ елі әлемдік көштен қалмағандығының көшелі көрінісі дер едік. Бұған шүкірана айтамыз. Ал алдағы мақсат бұдан да зор. «Мәңгілік Ел» мұраты ұлтымыздың рухани жаңғыру талаптарын алға тартты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бойымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, заман көшіне ілесе алмасымыз, көш басындағы елдермен тереземізді теңестіре алмасымыз анық» екендігін атап көрсетіп, «кежегесі кейін тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сана аясында сүрлеп қоюға болмайтынын» қадап тұрып айтты. Бұл сөздер хакім Абайдың ғақлия өсиеттерімен, Алаш арыстарының аманаттарымен керемет үндесіп те, үйлесіп жатқанын аңдау саналы көкірекке еш қиын да емес.  

Ойпырмай, жамандықтың жаны қандай сірі десеңізші! Халқымыз қандай биік шыңдарға шықса да, жан сарайы қанша жақсылықтармен нұрланса да, қанша отасаң да көк өскінмен таласып-тармаса қаулап қайта шығатын арамшөптей, бұл жаман дағды, жөйіт мінез, жексұрын әдет те етектен тартып, адамның жан дүниесін шырмауықша шырмап, соңынан қалмайды екен-ау. Сонау Абай заманынан бергі баса ки­ген таныс тымақтар, мезі еткен бая­ғы былжырақтар. Шыннан-ақ: «Жақ­сылық ұзақ тұрмайды, Жамандық әркез тозбайды». Қарап тұрсаңыз, жақ­сы ісімізбен, ізгі амалымызбен қабаттасып, құлатып кетердей иықтан қаққан баяғы даңғойлық пен кердеңдік, күпілдек мақтан мен күлкішіл қылжаң, астамшылдық пен ысырапшылдық, бәйге атындай аңқылдаған өтірік пен өсек... Міне, алға басуымызға, бұрын­ғыдан да биік асуларды бағындыруға, тірлігімізді түгендеп, бірлігімізді бекемдей түсуге осындай жаман әдеттер кесір-кеселін тигізіп, бөгет болып отыр­ғаны анық.

Мұндай көлденең көк атты, көкезу бетпақтарға жол беріп қоюға әсте бол­майтындығын Елбасы қатты ескер­тіп, сол жолда нақты шаралар белгілеп, жүзеге асыруға нұсқап отыр. Жире­нішті дағдыларды бойдан арам еттей сылып тастау да оңай емес. Ол ішке түсіп кеткен, санаға сіңіп кеткен нәрселер. Соны түсініп, сол себептен де: «Кеселді жалқау, қылжақбас, Әзір тамақ, әзір ас, Сыртың – пысық, ішің – нас, Артын ойлап ұялмас, – болып жүріп тірімін деме, онан да Алла берген ақ бұйрықты өлім артық» деп Абай дана неге күңіренді дейсіз. Арамызда осындай арамтамақтар жоқ деп айта аламыз ба?

Алға басуға, тұрмысымызды жақсартуға кедергі келтіріп жатса, өткеннің кертартпа тұстарынан, бой­дағы мінімізден неге бас тартпасқа? Ай­талық, орынсыз сауықшылдық, шек­тен шыққан салтанатшылдық, бос мақтанмен дүние шашу, көрпеге қа­рай көсілмеу – шынайы мәдениеттің де белгісі емес, тұрмыстағы прагматизм­мен де үйлеспейтіні айдай ақиқат. Қазақтың ас пен тойына орынсыз шашылып жатқан қаражаттың көлемін көзге елестеткенде жағаңызды ұстай­сыз. Бұл кімге керек? Ол басқа әңгіменің тақырыбы.

Қазақтың жан дүниесімен, мінез-құлқындағы қалтарыстарымен аста­сып жатқан нақ осы тіршілік түйт­кілдері, тұрмыстық жайлар – рухани жаңғырудың ең бір өзекті буыны. Мәң­гілікті мұрат тұтқан ұлтқа қазір ең керегі де – мінез-құлықтың прагматизмі. Ендеше, реализм мен прагматизм – бүгіннің ұраны. Өйткені «жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді». Шама келсе, ерік-жігерді салып, жаман әдеттен арылғанға не жетсін, ардақты ағайын!..

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»