Алыстан көзіңізді арбаған Қозы Көрпеш-Баян сұлу ескерткіші өзіне ынтықтыра береді. Қос ғашықтың қабірінің басына қойылған дың тектес мазар Аягөз өзенінің оң жағалауында. Әспетті кесене айшықты жерден өзіне көңіл аудартады.
Мына дүние дидарында кейде еске алып, сағынышпен ойға оралатын сәттер болады. Аягөз дегенде түрлі оқиғалар еріксіз еске түседі. Аудан орталығында тұрып, қияндағы Таңсыққа баратынымызды естігенде дастарқан басында үнсіз отырған Сәкен ақсақал да «немен барасыңдар?» – деп орнынан қозғалақтап қойды.
Алыс жолдан келіп, тағы да ілгері қозғалатынымызды естігенде ойға шомып тұрған бізге ақсақалдың мына сауалы дем бергендей болды. Бұл кесенені кезінде 1858 жылы Н.Абрамов, 1898 жылы Н.Пантусов зерделеген, ал 1952 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеді. Оны Әлкей Марғұлан басқарған болатын. Шамамен ХVІ-ХVІІІ ғасырда қаланған бұл шошақ күмбезді, қалақ тастан қаланған табан ауданы 6-да 6 метрлік көлеммен қаланған. Ескерткіш биіктеген сайын сүйірлене береді, жалпы биіктігі 12 метрге жетеді. Құрылыс үлгісі дыңға ұқсас болғандықтан, қазақ жеріне ислам діні тарамай тұрып салынған деген жорамал айтылады. Жол бойы ұсақ шаңдақ жолда артымыздан бір елі қалмаған қою қара шаңды көтеріп келе жатқан ақ «Ниваның» алдыңғы орындығына жамбастай жатқан Сәкен Сабырбекұлы еңбек демалысына дейін осы Айқыз даласын кезіп, ұзақ жыл механизатор болғанын айтып, самбырлай сөйлеп келеді. Жазық даланың керемет қасиеті де шығар, әрі-бері айналған көлік қалай жүрсе де махаббат мұнарасындай күмбез керемет қалпы көз алдымызда бірде зорайып, бірде еңселеп мың құбылады. Жол қысқарсын деді ме, Сәкен ақсақал кесене жайында білетінін ағыл-тегіл әңгімеге қосты. – Жарықтық бұл ескерткіш қай ғасырда тұрғызылғаны жайында тұжырымды ештеңе айтылмайды. Ескерткіштің жанында баяғыда тас мүсіндер болатын. Оны 1956 жылы Шоқан Уәлиханов қағаз бетіне нобайлады ғой. Онда қасиетті құты ұстаған үш әйел мен бір ер адамның бейнесі сұлбаланған еді. Аңыздарда үш әйелдің бірі Баян сұлу да, екіншісі сіңлісі Айғыз, ал үшіншісі апасы деуші еді, ал енді ер адам Қозы десетін. Қазір сол тас мүсіндер ізім-қайым жоқ болып кетті ғой...– деп бір қойды Сәкен атамыз...
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының қай кезде шыққанын жақсылап айыратын белгінің бірі – оның күмбезі. Бұл күмбез өте ерте уақытта исламнан көп бұрын, ғұн заманында не Түрік қағанаты кезінде тұрғызылған белгі. Оны күмбездің күншығыс жақ бетінде тұрған мүсін тастар дәлелдейді», дейді Әлкей Марғұлан. Күн астында махаббат ескерткіші алыстан керім күйінде айшықтала көрінеді. Керім кербез кесене. Аягөздің майда толқындары бәріне мойынсұнғандай бұлқынып ағады. Шіркін, Аягөз бәріне куә қалпы шымырлайды.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Таңсық ауылы
Суретті түсірген автор