• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Қараша, 2017

Мәжілістің жалпы отырысында заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды

311 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс пен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Шектеу ешкімді шеттетпейді

Жалпы отырыста Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың таныстыруымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқы­лым­да мақұлданды.

Аталған заң жобасы бұқа­ралық ақпарат құралдары, теле­радио хабарларын тарату, ақпа­раттандыру және байланыс, ақ­параттық қауіпсіздік саласындағы қоғамдық қатынастарды құ­қық­тық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған. Ал бұқаралық ақ­парат құралдары мен коммуникациялар саласындағы өзгерістер бірнеше бағыттарға арналған.

«Оларды нақтылай түссек, ең алдымен ақпарат саласында азаматтардың құқықтарын: субтитрлеуді немесе сурдоаударманы кеңінен қолдану арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдардың ақпаратқа қолжетімділік құқық­тарын қамтамасыз ету; «баланың жасына сәйкес келетін ақпарат» деген ұғымды заңнамалық тұр­ғыдан бекіту; баланың бейнесін және дербес деректерін баланың өзінің немесе оның заңды өкіл­дерінің келісімінсіз пайдалануды шектеу жөніндегі нормаларды енгізу жолымен қамтамасыз ету көзделуде», деді Д.Абаев.

Министрдің айтуынша, құ­жатта болмашы заң бұзушы­лықтары үшін БАҚ қызметін тоқ­тата тұру және таралымды тәркі­леу түріндегі әкімшілік жазалау шараларын алып тастау немесе олардың ауызша және жазбаша сұрау салулары бойынша ақпарат ұсыну процесін ретке келтіру тетіктері де қарастырылады. 

«Сұр табақтар» заңмен реттелуі тиіс

Белгілі бір деңгейде реттеуді қажет ететін саладағы сүйекті мә­се­ленің бірі – спутниктік табақ­шаларды пайдалану жайы болды. Бұл туралы министрдің өзі егжей-тегжейлі түсіндірді.

«Заң жобасында «спутниктік теле-радио хабарларын тарату операторларының қабылдағыш қондырғыларын таратумен айналысатын тұлғаларды теле-радио хабарларын тарату субъектілері ретінде заңнамалық тұр­ғыдан айқындау қажет» деп нақтыланған. Бұл мәселе еліміздің ақ­параттық қауіпсіздігіне қа­тысты. Өйткені елімізде қазіргі кезде 600 мыңға тарта отбасы «сұр табақшаларды» пайдалануда. Ал осы «сұр табақшаларда» жады картасы болғанымен, онда қазақстандық телеарналар қорғалмаған. Бұл шамамен 1,5 миллион адам Қазақстанның ақ­параттық кеңістігінен тыс қалып отырғандығын білдіреді. Өте өзекті мәселенің бірі осы десек те, қолымызда тұтынушыларға ық­­пал етудің шаралары қарас­ты­­рылмаған. Алайда, біз осы кар­та­­ларды таратып жүрген адам­­дар­ды құқықтық кеңістікке шыға­­рудамыз. Олар шынымен де Қа­зақ­станның құқықтық кеңіс­ті­гінен тыс қалып отыр. Ал элек­тронды төлемдер арқылы төлен­ген ақша басқа елдерге кетіп жатыр», деді Д.Абаев.

Жалақы жұмыс тиімділігіне қарай төленеді

Министр заң жобасы аясында БАҚ-қа әкімшілік жүктемелер азайту мақсатында бірқатар же­ңіл­діктер жасалатынын мәлім етті. Оның бірі бұқаралық ақпа­рат құралдарының дамуы үшін сапалы заңнамалық базаны одан әрі қалыптастыру бол­са, оның ішінде әкімшілік жүк­те­мелер мен шектеу шара­ларын азайту мақсатында бірқатар жеңілдіктер де жасалады. Со­ны­мен қатар шындыққа сай кел­мейтін ақпаратты таратуға қа­тысты жауапкершіліктен босату мүмкіндіктері кеңеюде. Ай­та кетейік, мұндай өзгеріс мем­­ле­кеттік органдардағы БАҚ-пен бай­ланыс жөніндегі өкілет­ті тұлғаға біршама жауапкер­ші­ліктер жүктейді. Оның айқын мы­­салы мемлекеттік қыз­мет­кер­лер­­дің еңбекақысы БАҚ сауалдарына жауап беру жағдайына байланысты болмақ.

«Қызмет тиімділігін баға­лау­ды бонустық-балдық жүйеге байланыстырамыз. Яғни, егер де ол жауап бермесе, оның рей­тингі төмендейді, сәйкесінше еңбек­ақысы да азаяды. Бізде ақпаратқа қол жеткізу заңы бар, онда мем­ле­кеттік органдар қызметінің тиім­ділігін бағалауды ескеретін бөлім жұмыс істейді. Басшысы қыз­меткердің жұмысындағы тиім­діліктің негізгі көрсеткішін қарау арқылы маманның жала­қысы анықталады. Ондағы кри­те­рийлердің бірі ретінде БАҚ-пен жұмыс деп көрсетілген. Сонымен қатар ол оны қызметінен де бо­сатуға құқылы», деді министр.

Осы мәселеге орай тілшілер қауымы кей кездерде мемлекеттік органдар БАҚ сауалдарын назардан тыс қалдыратынын алға тарт­қан еді. Өз кезегінде Д.Абаев заң жобасында «ресми өкіл» ұғы­мы енгізіліп жатқанын, ресми өкіл өз жұмысында БАҚ-пен жұмысқа тікелей жауап беретінін түсіндірді. Бұдан бөлек, ол бұқаралық ақпарат құралдары сауал­дарына жауап беру мерзімін қыс­қарту мәселесі әлі де қызу тал­қыланып жатқанын айтты. 

«Жолданған ресми сауалға толық әрі нақты жауап беру мер­зімін нақтылауға қатысты соң­ғы шешім алдағы аптада айқын­да­лады деп жоспарланған», деді Д.Абаев.

Автоматты бақылау келер жылы іске қосылады 

Жалпы отырыс аясында депутаттар тарапынан айтылған та­ғы бір жайт – Интернетте ақ­па­­­­ратты бақылаудың автомат­тан­­дырылған жүйесіне қатысты мәсе­ле болды. Бұл жүйе құқыққа қай­шы контентті бақылайтын қол­да­ныстағы тетіктің бірі ре­тінде танылмақ.

«Тек, ағымдағы жылы біз үш мыңға жуық сайтты бұғаттадық. Сол сияқты құқыққа қайшы ма­териалдарға қатысты 270 мыңға жуық ескерту жолданды. Яғни лаңкестік, экстремизм, порнография және басқа да осы тектес материалдарға тыйым салынды. Мәселен, әлеуметтік желіде материал пайда болды делік. Біз бар­ша әлеуметтік желіні бір материал үшін бұғаттай алмайтынымыз белгілі. Негізгі жұмысымыз интернетте, теледидарда таратылатын ақпаратты бақылау бол­ғандықтан, алдағы жылдың соңына дейін бақылаудың авто­маттандырылған жүйесін қол­данысқа енгізбекпіз. Бұл жүйе интернетті бақылайтын болады. Яғни желідегі ақпаратқа шо­лу жүргізеді. Әрине, ол үшін уа­қыт керек, себебі ол оңай шаруа емес», деген Дәурен Абаев жо­баның сәтті жүзеге асатын­ды­ғы­на сенім білдірді.

Сонымен қатар министр сөз орайы келгенде шалғай аудандарда ұялы байланысты жақсартудың тәсілі жайына да тоқталды. Оның айтуынша, тиісті түзетулер ақпарат және комму­ни­кациялар мәселесі бойынша заңнамалық актілерде қарасты­рылған. Атап айтқанда, қолда­ныстағы заңнамада ұялы байла­ныс операторлары тиісті инфра­құрылымды салуға міндетті болып табылады. Солай десек те, 500-600 адам тұратын елді мекен­де инфрақұрылымды тұрғызу қаржылық жағынан тиімсіз екені түсінікті.

«Сондықтан да радиожиілік спектрін бірлесіп пайдалану мүм­кіндігін беріп отырмыз. Осы ар­қылы ұялы байланыс оператор­лары үшін инфрақұрылымға 30 пайызға дейінгі шығынды қыс­қартудамыз. Бұл өз кезе­гінде ауылды жерлерде ұялы бай­ла­ныс­тың сапасын жақсартуға мүм­кіндік береді. Оған қоса, мұндай бәсе­келестік орта тұрғындар үшін сапалы байланыс пен арзан тариф­тер таңдауына жол ашылады», деді ведомство басшысы. 

Айта кетерлік тағы бір мәселе, бірінші оқылымда ма­құл­­данған заң жобасында БАҚ бет­­терінде азаматтардың суре­тін жария­лаудың тәртібі де тиянақ­талған.

Кодекс кем дегенде он бес кен орнын ашады

Отырыста «Жер қойнауы жә­не жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің жобасы бірін­ші оқылымда мақұлданды. Бұл жө­нінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баян­дады. Оның мәлімдеуінше, кодекс жобасы – жер қойнауын пай­даланушылардың жұмысында кездесетін кедергілерді жо­йып, са­ланың құқықтық базасын же­тіл­діруге, халықаралық стан­дарт­тарға өтуге және инвес­тиция­лық климатты жақсартып, сала­ға тікелей шетелдік инвести­циялар тартуға бағытталған. Бүгінгі таңда Қазақстан геология сала­сын мемлекеттік реттеу бойын­ша 104 елдің ішінде 74-ші орында тұр. Ал жер қойнауының гео­ло­гиялық тартымдылығы жағы­нан 45-ші орында. Бұл рефор­ма әлемде болып жатқан дағ­дарыс пен оның салдарынан инвестор тартуға байланыс­ты бәсекелестіктің артуынан туын­дап отыр. Ұлт жоспары бағдар­ламасының қадамдарын іске асыру мақсатында әзірленген кодекс жобасына қатысты 600-ден астам ескертулер мен ұсыныстар қаралып, талқыланған.

«Заң жобасында жер қой­науын пайдалану саласының ашық­тығын және болжамдылығын арттыру көзделген. Сонымен қатар ең үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, барлық пайдалы қазба үшін келісімшарт жасауда оңтайландырылған тәсіл енгізіледі», деді Ж.Қасымбек. Сонымен қатар кодекс жо­ба­сын әзірлеу барысында бір жарым жылдық зерттеу жұмыс­тары мен Дүниежүзілік банк ұсынысы нәтижесінде аустра­лиялық заң моделі үлгі ретінде алынған. Өйткені әлем бойынша Аустралияның тәжірибесі үздік деп саналады және инвес­торлардың да берген бағасы осындай. Оған қоса, аталған заң жобасы елімізде геологиялық барлауды сапалы жүргізуге мүмкіндік береді деп жоспарлануда. Министр мәлім еткендей, Маккэнзидегі АҚШ кеңесшілер есебінің тұжырымына сүйенсек, Қазақстанда жаппай геологиялық барлау тетігі іске қосылса, елі­мізде әлемдік деңгейдегі кем дегенде 15 кен орнын әрі тау-кен рудасы аймақтарын ашуға болады.

«Ең маңыздысы, Қазақстанда геологиялық барлау сапалы әрі тың­ғылықты жүргізіледі. Мыса­лы, Қазақстанда 1 шаршы шақы­рым жерді барлауға 7 АҚШ доллары жұмсалса, Аустралияда – 167 доллар, АҚШ-та – 87, ал Кана­дада 203 доллар қаржы жұм­са­лады», деді Ж.Қасымбек.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген  Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»